Қоғам • 23 Мамыр, 2024

Жол жауапкершілікті жүктейді

46 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жыл басталғалы бері елімізде 6 мың жол-көлік оқиғасы тір­келіп, салдарынан 542 адам қаза тапса, 7 мыңнан астамы жарақат алған. Бұл осыдан 15 жыл бұрынғы жағдайдан екі есе аз көрсеткіш. Орталық коммуникациялар қызметінде «Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тақырыбында өткен брифингте ІІМ өкілі осы және өзге де маңызды деректерді мәлім етті.

Жол жауапкершілікті жүктейді

ІІМ Әкімшілік полиция коми­те­тінің төрағасы, полиция полковнигі Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, заман талабына сай магистралдық жолдардың салынуы елдегі жол қауіпсіздігіне оң әсерін тигізіп отыр. Мәселен, 15 жыл бұрын еліміздің жолдарында жылына 4 мыңнан астам адам қайтыс болатын. Ал қазір өлім-жітім саны екі есеге азайған.

– Магистралдық жолдардың жекелеген учаскелерінде адам шығыны 6 есеге дейін қысқарды. Мысалы, «Астана – Щучинск» тас жолын қайта жаңартып, жолақтар санын 6-ға дейін көбейтіп, сондай-ақ бөлу жола­ғын жасағаннан кейін жол-көлік оқи­ға­сындағы өлім-жітім саны жылына 75-тен 12 адамға дейін төмендеді. «Астана – Павлодар – Семей», «Астана – Қарағанды» бағыттары бойынша жаңа автомагистралдарда да апат саны азайып отыр. Бұл жұмыстарды жалғастыра беру керек. Алайда қазір 4 және одан да көп жолақты 1-санаттағы жолдар тек 2%-ды құрайды. Көпшілігі ескі стандарттар бойынша салынған. Яғни екі жолақты, ені 7 метрден аспайды. Жолақтар санын кеңейте отырып, 6 мың шақырымнан астам жолды қайта жаңарту және бөлу жолағын жасау қажет, – деді ол.

Жол-көлік апаттарының негізгі себебі – жолдар мен инфра­құры­лым­ның жағдайы. Статистика бо­йын­ша елді мекендерге жол-көлік оқиғаларының 84%-ы тиесілі. Соның ішінде адам шығынының төрттен бір бөлігін жаяу жүргіншілерді қағып кету оқиғалары құрайды. Бағдаршаммен жабдықталмаған өткелдерде ауыр жол апаты 5 есе жиі болады. Осыған орай елімізде қиылыстарға 600-ден астам бағдаршам, 25 мың жол белгісін орнату күн тәртібінде тұр.

Қ.Сұлтанбаев Мәжіліс депутат­та­рының бастамасы аясында қала сыртындағы трассалардың кей учаскелерінде «орташа жыл­дам­дықты» асырғаны үшін жауап­кер­ші­лікті енгізу жоспарланып жатқанын айтты. Өйткені жылдамдық режімін сақтамау да көп апаттардың негізгі себептерінің бірі болып отыр.

– Біз «Қазавтожолмен» бірлесіп, «Астана – Щучинск» автожолында көлік­тердің орташа жылдамдығын өлшедік. Рұқсат етілген жылдамдық мөлшері сағатына 140 км болғанына қара­мастан, көліктердің орташа жыл­дам­дығы 151 км/сағатты құрайтынына көз жеткіздік. Тәу­лігіне камералар 250-ден астам осындай деректі тіркейді. Бүкіл көліктердің 13 пайызының жыл­дамдығы – 170-180 км/сағ. 7%-ы жыл­дам­дығын 180 км/сағ-тан асырып жүреді, – деді ІІМ өкілі.

Көліктердің техникалық сапасы да жол үстіндегі қауіпсіздікке тікелей әсер етеді. Өкінішке қарай, елімізде әлдеқашан қоқысқа лақтырып тас­тау­ға болатын ескі көліктер көп. ІІМ мәлі­метіне қарағанда, кейінгі жылдары елдегі көлік саны күрт өскен, нақты айтқанда 2,5 млн-нан 5,5 млн-ға бір-ақ қар­ғыған. Алайда соның тең жартысы – пайдаланылғанына 20 жылдан асқан ескі-құсқы көліктер. Ал олар зама­науи қауіпсіздік жүйелерімен жаб­дық­талмаған және ақаулары көп бола­тыны сөзсіз. Оның үстіне қазір техни­калық байқаудан өту тек «қағаз жүзін­де» іске асатын болып кеткен. Бүгін­де ІІМ осы келеңсіздіктің алдын алу мақ­са­тында жұмыс жүргізіп жатыр.

«Техникалық байқауды тек қағаз жүзінде жүргізу еліміздің жолдарында көптеген автокөліктің пайдаланылған газдар бойынша талаптарға, сондай-ақ қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтініне әкеп соқтырды, бұл жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер тудырады», деп атап өтті Қ.Сұлтанбаев. Мәсе­лен, 2023 жылы техникалық ақау себебінен 18 жол-көлік апаты тіркел­ген, онда 7 адам қаза тауып,­ 26 адам жарақат алған. «Осы бағыттағы бақы­лауды күшейту үшін техникалық бай­қау операторлары қызметінің хабар­лама жасау тәртібінен рұқсат беру тәртібіне көшу үшін заңнамаға өзге­ріс­тер енгізіліп жатыр», деді ІІМ өкілі.

Бұдан өзге де жол-көлік апаттарына себеп болып отырған келең­сіздіктер аз емес. ІІМ дерек­теріне қарағанда, өткен жылы 8 мыңға жуық мас жүр­гізуші ұсталған. Жалған нөмір тағып жүрген 100-ден астам көлік анық­та­лыпты. Жүргізуші куәлігінен айырылған 700-ге жуық адам көлік айдаған. Былтыр жалпы саны 7 мың­нан астам адам әкімшілік қамауға алынып, ереже бұзған 145 мыңнан астам жаяу жүргіншіге айыппұл салынған.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау мақсатында цифрлық құрыл­ғы­ларға көп көңіл бөлініп келеді. Қ.Сұл­тан­баевтың мәліметінше, елі­міз­дің жолдарында 24 мыңға жуық автоматты камера орнатылыпты. Қазір олардың көмегімен жол ережесін бұзу оқиғаларының 50 пайызы тіркеледі. Ал Астана мен Шымкентте 70 пайызға дейін жетіп отыр.

– Біз жол ережелерін өрескел бұзушы азаматтармен жұмыс жүр­гізе­міз. Ол үшін тәртіп сақшылары «Қор­ғау» бағдарламасын қолданады. Ол жалған нөмірлері бар, сақтан­ды­русыз, іздеуде жүрген немесе жол ережелерін бұзып, айыппұл төле­мейтін көліктерді автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Бұған дейін біз барлық көлікті тоқтатып, құжаттарды тексеруіміз қажет еді. Енді жаңа бағдарлама көше камераларының деректе­рін талдай отырып, сол маңдағы полицейдің планшетіне «қауіпті» жүргізуші жақын жерде екені туралы хабарлама жібереді. Осылайша, полиция жол ережелерін өрескел бұзғандарға дереу ден қою шараларын қабылдайды, – деді ІІМ өкілі.

Баспасөз мәслихаты барысында оқушылардың жазғы демалысы жақын­дап қалуына байланысты жол­дағы балалар қауіпсіздігі туралы да айтылды. Біздің елімізде әрбір төртінші жол-көлік оқиғасы балалардың қатысуымен болады екен. Атап айтқанда, жыл басынан бері тіркелген 6 мың жол-көлік апатының 1,5 мыңында балалар зардап шеккен. Оның ішінде 51 бала қайтыс болған. Осыған байланысты мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында 20-31 мамыр аралығында «Абайлаңыз: балалар!» республикалық акциясы өтіп жатыр.

– Акция аясында мектептер ма­ңындағы жолдар мен аумақтарды зерт­теу, ата-аналармен және мұға­­лімдермен жол қауіпсіздігі тақы­ры­бында профилактикалық сабақтар мен дәрістер өткізу жоспарланған. Айта кету керек, балалардың жол­дағы қауіпсіздігі көп жағдайда ата-аналарға тікелей байланыс­ты, өйткені балалар ересектердің жүріс-тұрысын қайталайды. Сондықтан алдымен өзіміз жол ережесіне бағынуды үйренуіміз керек, сол арқылы өз балаларымызға да дұрыс үлгі көрсетеміз, – деді Қ.Сұлтанбаев.