Бизнес • 23 Мамыр, 2024

Венчурлық қор және өндірісті дамыту

88 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сарапшылар Орталық Азия халықаралық стартаптардың орталығы болуы мүмкін деген пікірді жиі айтып жүр. Бірақ инновациялық әлеуетіне қарамастан, стартаптар венчурлық қаржыландыру көздеріне тұрақты қол жеткізе бермейді. Бүгінде инновациясы дамыған елдер тәжірибесінде венчурлық бизнестің ықпалы айқын көрініс беріп отыр. Сондықтан рес­публикада шикізаттық емес секторды дамытуда технологияларды өндіріс­ке енгізу, тәуекелді салаларды қолдауда венчурлық қаржыландыру тетіктерін дамыту ауадай қажет.

Венчурлық қор және өндірісті дамыту

Фото: jsk.kz

Жас ғалым, «Тұран» универ­си­те­тін­де­гі коммерциялан­дыру орталығының директоры Ерболат Оразбекұлы техно­ло­гияларды коммерцияландыру, ин­но­вациялық жобаларды өндіріске ен­гізу үшін университеттер жанындағы бизнес-инкубаторлар мен венчурлық қорлар жұмысын жетілдіру керек дейді.

«Мемлекет тарапынан венчурлық қорларды дамыту ісіне енді-енді көңіл бөлініп келеді. Елдің технологиялық тартымдылығының ең маңызды және әмбебап өлшемі – венчурлық капи­тал­дың мөлшері. Венчурлық қорларға кең ты­нысты жобалар керегін назарға алатын болсақ, көп жағдайда стартаптар қор талаптарына сәйкес келе бер­­мейді. Кейбір стартап иелері бюро­­кратиялық қадамдардан именумен қатар жобаның жаңашылдығын инвесторға жеткізу пакеттерін жеткілікті меңгермеген болып шығады. Бүгінде елімізде «MOST» венчурлық компаниясы, «Терриконовая долина» IT-Hub, Назарбаев университетінде бизнес-инкубатор жұмысы жақсы жолға қойылған. Инновациялық экожүйені дамыту мақсатында венчурлық қор тренингтеріне жиі қатысуға тура ке­леді. Алайда тәжірибе көрсеткендей, вен­чурлық қорларда қаржыландыру критерийлеріне сәйкес келетін жаңа стартаптар жеткіліксіз екенін көріп отырмыз. Осыған орай биыл ақпан айында біз қаржыландырудың бастапқы кезеңінде тәуекелі жоғары стартаптармен жұмыс істейтін жеке венчурлық қорымызды құрып, осы саланы терең зерттей бастадық», дейді Ерболат Оразбекұлы.

Айтуынша, көптеген жоғары оқу орны жанындағы бизнес-инкубаторлар кеңселік қызметтен арыға бара алмай отыр.

«Өкінішке қарай, ғалымдардың көбі ғылымды бизнеске айналдыруға ма­шықтанбаған. Міне, осы бағытта жоғары оқу орындарының бизнес-инкубаторлары мен акселераторларының қауымдастығы ретінде инновациялық стартаптарға қолдау көрсетудің маңыз­ды екеніне көз жеткіздік. Бизнес-инкубаторларды біріктіре отырып, мемлекеттік құрылымдармен байланысты жолға қойдық. Мақсатымыз – барлық университетте бизнес-инкубатор құрып, жас мамандарды технологияны коммерцияландыруға, қаржы табудың жолына баулу. Талантты жас ғалымдар өте көп. Әсіресе  университеттерде әзірлеген стартаптар жаңашылдығымен ерекшеленді. Бірақ ғалымдар өз жобаларын әрі қарай коммерцияландыруды білмегендіктен, көптеген стартап іске аспай қалып жатыр», деп атап өтті.

2022 жылы «Тұран» университеті жаны­нан ашылған «Жоғары оқу орын­да­рының бизнес-инкубаторлары мен акселераторларының қауымдастығы» мүшелерінің белсенділігінің әрі «QazInnovations» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігімен жүйелі жұмыстың нәтижесінде бизнес-инкубаторларды қаржыландыру те­тіктері бойынша заң жобасына толықтырулар енгізілді. Нәтижесінде, аймақтардағы бизнес инкубаторларға 2022 жылы 11 млн теңге, 2023 жылы 35 млн теңгеге дейін қаржы бөлініп, 21 бизнес-инкубаторға қолдау көрсетілді.

 

АЛМАТЫ