Бокс • 19 Мамыр, 2024

Жаңаарқада Ұлттық ұлан батырын еске алуға арналған турнир аяқталды

69 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Ұлытау облысына қарасты Жаңаарқа ауданында Ұлттық ұланның батыры, республикалық жарыстардың чемпионы марқұм Айбат Амановтың құрметіне ұйымдастырылған бокстан үш күндік турнир мәресіне жетті. Жабылу салтанатына батырдың ата-анасы мен туыстары, марқұмның қызмет атқарған Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 5514 әскери бөлімі, сондай-ақ аудан әкімдігінің ардагерлері мен өкілдері қатысты. Облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өткен додада Жаңаарқа, Шет ауданы, Ақадыр кентінен келген боксшылар өзара мықтыны анықтады. Сарапшылар да спорттық шараның жоғары деңгейде өткенін бірауыздан айтты.

Жаңаарқада Ұлттық ұлан батырын еске алуға арналған турнир аяқталды

«Кезінде Айбат екеуміз бокспен бірге айналыстық. Ол өте жігерлі бала болатын. Боксшылардың бойынан мен Айбатқа тән жалынды, рухты көрдім. Жеңіске жетуге деген ұмтылыстары жоғары болды. Сол себепті турнир әділдік принциптеріне сай өтті деп есептеймін. Аталған біріншілік балаларға жақсы көңіл-күй сыйлады. Оларға үлкен тәжірибе жинауға мүмкіндік берді. Әлбетте, осы турнир келесі жылы да өз жалғасын табуы керек», дейді Бас төреші Дарын Дүйсенбаев.

А.Мамырбек.

Турнирде бес салмақ санаты бойынша 60-тан астам медаль жиынтығы ойнатылды. 200-ге жуық жас спортшы қатысты. Батырдың ата-анасы дайындаған арнайы сыйлықтар да болды. Оны 43 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған  жаңаарқалық Қабылда Мәнсүр ұтып алды.

«Өткен жылы арнайы сыйлық Айбат өнер көрсеткен 37 келі салмақтың жеңімпазына тапсырылған еді, осы жолы 43 келі салмақ жеңімпазына беруді жөн көрдік. Жыл сайын салмақ дәрежесі ауысып, балалар үшін тосын сый болсын деп шештік. Бұл да жарысқа қатысушыларды ынталандырады. Ұлым бокспен айналысқанда, осындай жарыстарға баратын. Осы жарысты бірнеше жыл ұйымдастыруға көмек қолын созып келе жатқан Ішкі істер министрлігіне және Ұлттық ұлан басшылығына үлкен алғысымызды білдіреміз. Турнир жылдан жылға жалғасып, республикалық деңгейге дейін жететініне кәміл сенемін», деді батырдың анасы Гүлназ Әлкенқызы.

Біріншілік соңында ұйымдастырушыларға Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әмриевтің атынан алғыс хат табысталса, жеңімпаздарға арнайы грамоталар мен медальдар салтанатты жағдайда табыс етілді.

Айта кету керек, бұған дейін батыр сарбаз тұрған үйде, Ақселеу Сейдімбек атындағы орта мектепте мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты өткен болатын.

Генерал-майор Қайрат Үмбетов ел алдында Айбат Амановтың әкесіне шапан жауып, әскердің Бас қолбасшысы атынан естелік сыйлықты табыстады.

Еске салайық, 2022 жылғы қаңтарда жаппай тәртіпсіздіктер кезінде  Талдықорған қаласындағы 5514 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Айбат Аманов жолдастарын құтқару мақсатында соққыны өзіне қабылдап, ерлікпен қаза тапты.

Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Мемлекет басшысының бұйрығымен қайтыс болғаннан кейін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен  марапатталды. Батыр жауынгер есімі өзі қызмет еткен әскери бөлім жеке құрамының тізіміне мәңгіге жазылды.

С.Сейфуллин атындағы Жаңаарқа тарихи-өлкетану мұражайында Айбат Амановтың киімдері мен жеке заттары бар көрме ұйымдастырылды.

 


Ақерке МАМЫРБЕК