Форум • 18 Мамыр, 2024

Қазақстан – Қытай астық форумы өтеді

41 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мен ҚХР Мемлекеттік кеңесі премьерінің орынбасары Лю Гочжун 16 мамырда Астанада өткен екіжақты кездесуде ынтымақтастықты жандандыру үшін ауқымды мәселелерді талқылады.

Қазақстан – Қытай астық форумы өтеді

Негізгі мәселелер ауыл шаруашы­лы­­ғы­на қатысты болды. Тараптар кедергі­сіз сау­да жолындағы елеулі қадам­дар­ды атап өтті. Бірінші кезекте 2024 жылғы ақ­пан­­да Қазақстанның оңтүстік-шы­ғыс өңір­ле­рі­нен Қытайға ет өнімдерін экспорт­тауға қа­тыс­ты аусыл бойынша шек­теулерді алып тастау. Бұл Қазақстанға ҚХР-ға жо­ғар­ғы сападағы мал шаруашылығы өнім­дерін экспорттауды қайта бастауға мүмкіндік берді.

«Қытайлық бизнесмендерді Қазақ­станда ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндіру және терең өңдеу, оның ішінде өндірістік кооперация қағидат­тары бойынша бірлескен жобаларды ұйымдастыруға шақырамыз. Біз дәнді және майлы дақылдарды, ет, құс шаруашылығы, сүт және балық өнімдерін, бал, жемшөп және басқа да азық-түлік түрлерін экспорттауға дайынбыз»,  деді Серік Жұманғарин ҚХР делегациясына.

Қазақстаннан Қытайға жеткізілетін негізгі дақылдардың бірі – бидай. 2023 жылы Қытайға 592 мың тонна, 2024 жылдың бірін­ші тоқсанында 220 мың тонна бидай экс­­порт­талды. Сонымен қатар кейінгі 5 жыл­­да Қазақстаннан Қытайға өсімдік ша­руа­­шылығы өнімінің экспорты 4,6 есеге, атап айтқанда, 2019 жылғы 750 мың тонна­дан 2023 жылы 3,5 млн тоннаға дейін ұлғайды.

Кейінгі 5 жылда Қазақстаннан Қытай­ға бидайдан басқа да өсімдік шаруашы­лығы өнімдерінің экспорты 4,6 есеге, 2019 жылғы 750 мың тоннадан 2023 жылы 3,5 млн тоннаға дейін ұлғайды.

Дәнді дақылдарды жеткізудегі ынты­мақ­тастықты нығайту жолындағы елеулі қадам 2024 жылғы маусымда ҚХР-дың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында өтетін алғашқы Қазақстан – Қытай астық форумы болмақ. Оған астық экспорты/импорты мен оны қайта өңдеу өнімдерін реттеуге қатысатын екі елдің қазақстандық және қытайлық бизнесінің, мемлекеттік органдары мен мемлекеттік компанияларының өкілдері қатысады.

Кездесуде қазақстандық тарап ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық бойынша бірлескен кіші комитет құруды ұсынды. Бұл екі елдің агроөнеркәсіптік кешен саласындағы өзара іс-қимыл әлеуетін неғұрлым тиімді іске асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ кіші комитет жұмысының тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанның ауыл шаруашылығы және көлік министрліктері, ҚТЖ, ҚХР Бас кеден басқармасы және Қытай темір жол әкімшілігі қызметкерлерінен тұратын бірлескен жұмыс тобын құру ұсынылды, ол туындаған мәселелерді жедел және дәйекті түрде шешетін болады.

Сондай-ақ кездесу барысында тараптар көлік және логистика, электрон­дық коммерция, су үнемдеу, мәдени-гуманитарлық қатынастар және басқа да салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.