Аймақтар • 18 Мамыр, 2024

Жайық: қауіп сейілер емес

385 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мұнайлы өңірде Жайық өзені әлі жуасымай, сан құбылып тұр. Мәселен, кейінгі күндері су деңгейі Индер ауданында төмендегені байқалып отыр, ал Махамбет ауданы мен Атырау қаласында көтеріліп барады.

Жайық: қауіп сейілер емес

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Атырау облысының жедел штабынан мәлім еткендей, 17 мамырда сағат 12.00-де Индербор кентінің тұсында өзен арнасы 10 метр 30 сантиметр болды. Бұл қауіпті шектен +185 сантиметр­ге көп. Бір тәулікте 5 сантиметрге азайғанымен, Индер ауданының әкімі Дарын Шамұратовтың пікірінше, қауіп әлі толық сейілген жоқ. Оның бірнеше себебі бар.

«Біріншіден, 12 мамырда Индербор кентіндегі бөгет жанынан шыққан су әлі тоқтаған жоқ. Сол суды насоспен Жайық өзеніне кері құйып жүрміз. Судың шыққан көзін бітеп көргенде, басқа жерден жарып шықты. Аға буын өкілдерінің айтуынша, бұл маңда кеңес дәуірінен қалған ескі құбырлар мен шахталар бар. Екіншіден, бөгет бойындағы өрт сөндіру бекетінен «Бастау» мейрамханасына дейінгі шамамен 700 метрдей аралықта сыз, дымқыл байқалды. Бұған қосымша саябақ аумағындағы тал егуге қазылған шұңқырлардан жерасты суы өніп тұр», деді Д.Шамұратов.

Аудан әкімінің айтуына қарағанда, қазір Индербор кентіндегі бөгетті қо­сымша бекіту жұмысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ шіркеу мен саябақтың алдыңғы жағынан тағы бір бөгет соғы­лады.

«Біз алдымен тұрғындардың, бөгетті нығайтып жүрген азаматтардың қауіпсіз­дігін сақтауға көңіл аударып отырмыз. Себебі биыл соғылған жаңа бөгеттің кей тұсы ортасынан жарылып, қапшықтар құлады. Дегенмен Жайық өзенінің суы кейінгі екі күнде 5 сантиметрге дейін төмендеді. Бірақ өзен арнасының қауіпті шектен 2 метрге жуық асқанын ескерсек, маусым айы басталғанға дейін босаңсуға жол беруге болмайды», деді Д.Шамұратов.

Атырау қаласынан Индер ауданының орталығы Индербор кентіне дейін қаты­найтын екі жол бар. Оның бірі – Атырау-Орал тасжолы. Осы жолдан Индерборға бұрылатын жолды 13 мамырда тасқын су басқан еді. Аудан әкімінің орынбасары Артур Мурзиннің дерегіне сүйенсек, аталған жолдың 100 метр бөлігі тасқын су­дың астында қалып, уақытша жабылды.

«Индербор кентіне бұрылатын 7 шақы­рым жолды қалпына келтіру 14 мамырда басталды. Жолдың екі жие­гіне топырақ толтырылған 1 тон­налық қаптар төселді. Тасқын судың тоқтаусыз ағуы үшін 720 миллиметрлік 3 темір тұрба салынды. Топырақ пен гипс тастар төгілді. Жолды жөндеуге 3 жүк тиегіш, 1 гидромек, 1 экскаватор, 7 «КамАЗ» көлігі тартылды», деді А.Мурзин.

Жөндеу жүргізілген 7 шақырымдық жол 16 мамырда кеште қайта ашылды. Бұл жолмен тек жеңіл көліктердің жүруіне рұқсат берілді. Ауыр жүк көліктерінің қозғалысына әзірге тыйым салынды.

Кеше күндізгі сағат 12.00-де Махамбет ауданында Жайық өзенінің суы 7 сантиметрге ұлғайды. Соның салдарынан өзен деңгейі 1 002 сантиметрді көр­сет­ті. Осылайша, қауіпті шектен 152 сан­ти­метр­­ге асты.

Су деңгейінің көтерілуі елді мекендерге қауіп төндіретіні даусыз. Осындай себепке байланысты Жайық өзенінің деңгейін төмендету үшін Сарайшық ауы­лы маңындағы Құрсай каналын жыруға тура келді. Бұл каналдың ұзындығы – 53 шақырым. Канал бойында 11 шар­уа қожалығы орналасқан. Бастауын Сарайшық ауылы тұсындағы Жайық өзенінен алатын канал Бейбарыс ауылына таяу маңдағы Түйеші қыстағына дейін созылады.

«Жайық өзеніндегі тасқын судан Сарайшық ауылына қауіп төндірмеу үшін Құрсай каналы бірнеше жерден жырылды. Бұл өзендегі су деңгейін бақылауда ұстауға септігін тигізіп тұр. Канал жырылғаннан кейін Жайық өзенімен келген мол су сай-жыраларға ағып жатыр», дейді Сарайшық ауылдық округінің әкімі Жаннат Кенжеғалиева.

Алайда кешкі мезгілде Сарайшық ауылы маңындағы зираттың аумағына тасқын су жайылды. Зират елді мекеннен 2 шақырымға жуық қашықта орналасқан. Бұрын зираттың сыртынан бөгет соғылған. Сондықтан зират қоршауының ішкі жағынан қосымша бөгет салу қолға алынды. Бұл жұмысқа Сарайшық ауылының 30-ға жуық тұрғыны, әскери бөлімнің 20 сарбазы жұмылды. Топырақ тасу, бөгетті биіктету секілді жұмысқа 14 «КамАЗ», 3 Shacman, 1 Hidromek техникасы тартылды.

Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, каналдың бәріне су толып тұр. Тіпті Атырау-Орал тасжолын басу қаупі туындады. Сол себептен 56-шақырымы жырылды. Қазір жолдың жырылған тұсынан су ағып жатыр. Сондай-ақ каналдардың бойын жыру арқылы тасқын суды теңізге бағыттау, бұрынғы сай-жыраларға қарай жіберу жұмысы атқарылуда. Бұл қадам елді мекендерді тасқын су басудан сақтау мақсатында жасалған.

Бұл ауданда Махамбет пен Сарытоғай ауылдары арасындағы жолды екінші рет жырылды. Өйткені 5 шақырымдық жолды тағы да су басу қаупі туындаған. Бір апта бұрын бұл жол жырылып, су өткізу үшін екі құбыр салынған еді. Мол судың келуіне байланысты тағы да құбыр салуға шешім қабылданып отыр.

«Махамбет ауданында елді мекен­дерді тасқын су басқан жоқ. Дегенмен Талдыкөл, Сарайшық ауылдары тасқын судың қоршауында қалды. Ауылдарға бара­тын жолдарға қауіп төніп тұр», деді Қ.Нұрлыбаев.

Кеше Атыраудан Индер ауданына қаты­найтын тағы бір жолдың 27-шақы­рымы тұсындағы асфальты ойылып кетті. Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұхановтың айтуынша, бұған тасқын су әсер еткен.

«Талдыкөл ауылын газбен қамтамасыз етіп тұрған құбырдың айналасына өр суы жайылғаны анықталып отыр. Соның сал­дарынан топырақ пен трасса опырылып кетті. Ешкім зардап шекпеді. Газ құбы­ры бүлінбеді. Құбырдан газ тарау дерегі тіркелген жоқ», деп хабарлады Н.Ермұханов.

Жолдың бүлінген бөлігін жөндеу жұ­мы­сын облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқар­ма­сының мамандары қолға алды. Жөндеу жұмы­сына 15 маман мен 4 арнайы техника тартылды.

 

Атырау облысы