Жәдігер • 17 Мамыр, 2024

Неміс танкісінің айнасы

47 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бірнеше жыл бұрын ашылған Жамбыл ЖТ бөлімшесіндегі музейде құнды жәдігерлер топ­тастырылған екен. Музейдің бір ширегіне соғыс жылдарынан сыр шертетін құндылықтар қойылған. Жалпы алғанда мұн­дағы жәдігерлердің дені Жам­был локомотив пайдалану депо­сындағы заттармен то­лық­тырылған.

Неміс танкісінің айнасы

Музей ішіндегі жәдігерлер қата­рында әйгілі қол­басшы И.Панфи­ловтың қызы В.Панфилова арнайы табыстаған заттар да баршылық. Кеңес одағының батырына тиесілі құжаттар да осында тұр. Одан өзге де тарихи мұралар жетіп артылады.

Мұндағы жәдігерлердің ішінде не­міс танкісінен жұлып алынған айна тұр. Дерекке сенсек, ТЧЕ-31 Жамбыл депосының машинисі В.Захаров сұрапыл соғыс кезіндегі шабуылдардың бірінде ептілік танытып, айнаны неміс танкісінен жұлып алған. Музей қызметкерлерінің айтуынша, айнаға «Вермахт» белгісі сызылған.

Жау танкісінің айнасын қолға түсірген Валентин Захаров соғыс жылдарында бронотранспортер, яғни танк­ке қарсы қолданылатын қарулар ро­тасына командир болған екен. Соғыс кезінде көптеген операцияға қатысқан. Майдан даласынан оралғаннан кейін ол неміс танкісінен алған айнаны жүк қоржынына салып жүрген көрінеді. Кейіннен локомотив депосында музей ашылған кезде арнайы тапсырыпты.

Құнды жәдігерлер ордасына айнал­ған музей меңгерушісі Венера Бөке­нованың ай­туынша, ғасырлық тарихы бар де­по­ның музейіне 51 жыл толған екен. Ал бө­лім­шедегі музей жұмысы бір­неше жыл бұрын жандана түскен көрінеді.

«Локомотив депосындағы музей – еліміздегі ең көне мұражайлардың бірі. Мұнда көптеген тарихи жәдігер сақталған», дейді ол.

 

ТАРАЗ 

Соңғы жаңалықтар