Білім • 17 Мамыр, 2024

Оқушылардың ерекше күнделігі

156 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мектеп оқушыларының бойын­дағы ұлттық болмыс дең­ге­йі көпшілігімізді ойлан­та­ды. Олар­дың көпшілігі ойын­да­ғы­­сын ана тілінде көркемдеп жет­­кізе алмайды. Бұл өзекті мә­­селе Қарағандыдағы Мағ­жан Жұмабаев атындағы гим­на­зияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмира Сыз­дықованы алаңдатқаны сон­шалық, ол жақында көпшілікке авторлық «ВВ» күнделігін ұсын­ды. Рухани құндылықтың түрлі үлгісі тәпсірленген «Біздің болмыс» күнделігін алғаш Мағжан мектебінің 6 «А» сынып оқушы­ла­ры қолданып көрді.

Оқушылардың ерекше күнделігі

Ұлттық сипаттағы соны жобаның авторы «ВВ» күнделіктің балаға ұлттық құндылықты үйрететін тәрбие құралы екенін айтады. Күнделіктің мазмұнындағы ұлттық құндылық – ұлттық әдебиетті сүюді, мәдени ұстанымға берік болуды, дәстүрлі тағылымды қастерлеуді үйретеді. Былайша айтқанда, тәрбие құралында тұлға болып қалыптасуға қажетті дүниелер жинақталғандықтан, оны оқыған оқушы Отанын қастерлейтін, жерін сүйетін азамат деңгейінде қалыптасады. Мәдениетті адам түсіні­гін бойына сіңіреді. «Оқыған азамат» ұстанымын игереді.

– Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда «Қазақты бөліп-жаруға болмайды. Біз жалпы­ұлт­тық деңгейде ойлауға ұмтылуымыз керек. Мысалы, әрбір қазақ ата-баба­сын құрметтейді, рухына тағзым етеді. Сондықтан шежіре біздің мәде­ни кодымыздың ажырамас бөлігіне ай­налған. Бірақ біз тек қана осы түсі­нікпен шектеліп қалмауымыз қажет» деген болатын. Күнделікте әр тоқсанда белгілі ұлттық бағыттар бойынша жұмыс жүргізіледі. Үйге тапсырма беріледі. Мысалы, «Жеті атаңды жазып, жаттап кел!» деген тапсырма беріледі. Оны мазмұнды, дұрыс толтыруы үшін ата-әже, әке-ана және аға-жеңгенің үлесі қажет. Сабақ барысында қолданатын күнделік секілді отбасы мүшелері назар салып, баламен жұмыс істейді. Сұрақтарына жауап береді. Күнделік арқылы оқушы ұлттық құндылықтарды сіңіргеннен кейін әлемдік әдебиетті оқытуға көшеміз, – дейді Э.Сыздықова.

Күнделікте әр тоқсан белгілі бір бағытқа негізделген. Автор бірінші тоқсанды «Ата-әженің өсиетіне» арнапты. Бұл бағыт ХХ ғасырда ерекше құбылыс боп көрінген қазақ зиялыларының басым көпшілігінің бала кезінен сусындап өскен дәстүрлі тәрбие мектебін жандандырады. Оқушылар бата, санамақ, өтірік өлең, жаңылтпаш жаттау, қазақ ертегілерінің мазмұнын талдау арқылы рухани байиды.

Ал  «Әке-ана ақылы» бағытында мұғалім мен отбасы мүшелері бірігіп, күнделік арқылы балаға қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйымының мағынасын түсіндіреді. Таным көкжиегін кеңейткен бала  бата берудің қарапайым бірнеше түрін үйренеді.  

 «Еңбек пен кәсіп» бағыты арқылы баланы болашақ еңбек жолын дұрыс таңдауға баулиды. Күнделікте кәсіптің мал бағу, егін салу, сәулет өнеріне үйрету, зергерлік, тоқымашылық секілді түрлі мамандық туралы ақпарат беріліп, балалардың ынтасын аңғарады. Әр саланың білікті мамандарымен шеберлік сыныптары, шығармашылық кездесулер ұйымдастырады, еңбекке баулып, кәсіпке бағыттайды.

Төртінші тоқсандағы «Мен танитын әлем» бағытында балалар әлем әдебиетіндегі шығармаларды қазақ тілінде оқиды. Джек Лондон, Даниел Дефо, Гарри Поттер, Гулливердің саяхаты секілді шетел шығармаларын талдайды. «Оқушылардың басым көпшілігі Гарри Поттер фильмін көрген. Әсерлі, қызықты, таңғажайып оқиғалар мен сиқырға толы фильм әр адамның есінде ерекше қалған. Ал кітабын оқыған оқушылар оқырман ретінде өзіндік талғамын қалыптастырады деген ойдамын. Таным түйсігін кеңейтіп, сөздік қорын молайта түседі», – дейді Эльмира Қарғабайқызы.

«ВВ» күнделігін отбасымен бірге ақылдасып, толтырып келген бала жыл соңында жеңімпаз атанбақ. Сынып жетекшісі аптасына бір мәрте, дүйсенбідегі сынып сағатында әр оқушының күнделігін тексеріп, ашық әңгіме өрбітіп, кері байланыс жасайды. Оқу жылының соңында күнделікті үздік толтырған бала марапатталып, ынталандырылады. Сол сәтте баланың ұлттық дәстүрді қаншалықты жетік меңгергені анықталады.

Эльмира Қарғабайқызының бұл жобасына қарап, күнделік арқылы дәстүрлі тәрбие мектебін жандандырып жүргенін аңғарамыз. Ерекше күнделік әр оқушының қазақтың көне әдет-ғұрпына, ұлттық мәдениеті мен дәстүріне құрметін молайтады. Күнделікті талқылайтын күні оқушылар мектеп формасы негізінде дайындалған ұлттық киім киіп келеді.

«Балалар сынып сағатында күнделікті талқылағанды ұнатады. Кейде бір сағат аздық етеді. Тарихи деректерге қызығады. Кейін атқа мінейік, садақ атып үйренейік деп жүр. Бата беруді барлығы үйренді», дейді «Біздің болмыс» жобасының авторы Э.Сыздықова.

6 «а» сыныбының оқушысы Тоқтар Ерсінұлы күнделікті құлшына толтыратын оқушылардың қатарынан.

 – Баламыз күнделікті алғаш әкелген­де ішін парақтап, өзіміз де толтыруға әбден құштар болдық. Мұғалімі ұлт­тық құндылыққа негіздеп, мазмұнын байытқан екен. Сабақтан келген соң, кешкілік отбасымызбен отырып, соны толтырамыз. Мінеки, төртінші тоқсанды да аяқтап қалдық. Баламыз кітап оқып, асқа бата қайырып, қазақтың салт-дәстүрлерін жетік меңгеріп келеді, – дейді Тоқтардың анасы Гүлдана Қамиқызы.

Мектеп ұжымы бұл күнделікті ай­мақ­тағы білім ошақтарына тәжірибе ретінде таратылса дейді. Расымен, ел ертеңіне ерекше күнделік арқылы еңбек етіп жүрген мұғалімге қолдау көрсетілсе, «ұлттық» күнделік ұлықталса, құба-құп.

 

Қарағанды облысы