Құрылыс • 17 Мамыр, 2024

«Қазақмыс» 100 үйдің құрылысына қаржы бөледі

60 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен жолы «Қазақстан халқына» қоры Солтүстік Қазақстан облысының тасқыннан зардап шеккен тұрғындарына арнап 100 типтік тұрғын үй салуға 2,7 млрд теңге бөлгенін жазған едік. Осы үйлердің құрылысы қазір «Солнечный-2» шағын ауданында қарышты қадаммен жүріп жатыр.

«Қазақмыс» 100 үйдің құрылысына қаржы бөледі

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ал кеше «Қазақстан хал­қына» қоры, «Қазақмыс» кор­пора­циясы және Солтүстік Қазақ­стан облысының әкімдігі тағы 100 үй тұрғызу жөніндегі меморандумға қол қойды. Бұл құжат Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі ұсынған типтік жоба бойынша Петропавл қаласының «Солнечный-2» шағын ауданында тағы 100 тұрғын үйді салу­ды қамтыған. Осы үйлер құры­лысының шығынын «Қазақ­мыс» корпорациясы көтеріп, 100 үйдің құрылысы аяқталғаннан кейін мердігерлерге төлеуге «Қазақстан халқына» қорына қайырымдылық көмек ретінде 2,4 млрд теңге аударатын болып келісілді.

Су тасқынынан зардап шеккен отбасыларын тез арада баспанамен қамтамасыз ету мақсатымен үш жақты құжатта тараптардың міндеттері мен функциялары айқындалған. «Қазақмыс» кор­порациясы» ЖШС-ның тұ­рақ­ты даму жөніндегі директоры Сәкен Шаяхметов бұл шығындар компанияның бизнес пен мемлекеттің әріптестігін іске асырудың нақты рәмізіне айналатынын атап өтті. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жә­мішев барлық жұмыстың ашық­­­тығы, сонымен қатар құ­ры­­лыс­ сапасының жоғары болуы қоғамдық бақылаудың қа­ты­суымен ғана іске асырылатынын ескертті. Солтүстік Қа­зақ­стан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов зардап шеккендерге қолдау көрсеткені үшін әріптестеріне алғысын білдіріп, апаттың салдарын сәтті еңсеру үшін елдің барлық күш-жігерін бір арнаға топтастыра білген Үкіметке де ризашылығын айтты.

Жергілікті атқарушы органдар тапсырыс беруші ретінде зардап шеккендердің шығынын бағалауға, жаңа құрылыстардың сметалық есептерін дайындауға, жер телімдерін бөлуге, жобалық-сметалық құжаттаманы келісу­ге, тәуелсіз сараптамалық (бағалаушы) компаниялар мен қоғамдық ұйымдарды тарта отырып, мердігерлерді таң­дап, бар ақпаратты және қа­жет­ті құжаттарды мезгілімен ұсы­нып отыр. Жаңа баспана ала­тын­дарға өздерінің шаруасын да­мытуға несие алу мүмкіндігі де жеңілдетілген.

Сонымен, «Солнечный-2» шағын ауданында бұрынғы 100 үйге қоса «Қазақмыс» корпора­ция­сының қолдауымен салынатын баспаналар қосылып, 200 үйді тұрғызатын қаражаттың мәселесі шешілді. Алғашқы 100 үйдің құрылысы мердігерлер мау­сым айында аяқталатынын айтты. «Қазақстан халқына» қо­ры­­ның төрағасы салынып жат­қан үйлерге барып, құрылыс барысымен танысты.

«Мына жоба өте жақсы, сапалы әрі кең екені көрініп тұр. Әрбір үйдің көлемі 80 шаршы метрден екен. Іргетасы мықты, астынан жел сауламас үшін топырақ үйіліп, нығыз­дал­ған. Төбесі төрт қатар материалдармен жабылған. Үйге ауызсу тартылған, шайынды сулар қалалық кәрізге қосылады екен. Меніңше, мұндай үйлерге тұр­ғындар риза болуға тиісті», деді Б.Жәмішев.

Осы «Солнечный-2» шағын ауда­нында бекітілген үш жоба бойынша барлығы 500 үй салын­бақ. Бұл мақсатта құрылыс жер­ле­рі бөлінген. Қалған 300 үйдің мәселесімен жуырда облыс әкімі Ғ.Нұрмұхамбетов Астанадағы ірі панельді баспананы салуға ма­манданған «Үй құрылысы ком­би­наты GLB» зауытының бас­шылығымен кездесті. Олардың көмегімен «Kaspi» АҚ қара­жатына «Солнечный-2» шағын ауданында тағы да 300 тұрғын үй салынады. Сөйтіп, 500 үйдің құрылысы биылғы жаз бойы жүріп, күзде үйлерді жөндеуге жарамсыз болғандар арасынан зардап шеккен тұрғындардың осынша отбасы жаңа қоныс то­йын жасамақ.

Айта кететін жайт, облыс орта­­лығының тұрғындары сорғы стансасын тасқын бұзып, істен шығарғаннан бері үйге келетін суды қаланың түбіндегі көлден тартылған құбырдан алып отыр­ған. Көлдің суы тазаланып беріл­генімен ағын судай емес дәмсіз болғандықтан халық ауыз­суды дүкендерден сатып алып, ішіп отырған. Жуырда сорғы стансасы жөнделіп, ауызсу Есілден алынатынын «Қызылжар су» компания­сы жариялап, ха­лық­ты қуантып тастады.

Алайда бәрі де майдан қыл суырғандай жымдасып жатқан жоқ. Судың астында қалған кейбір жақсы үйлердің шығынын бағалаушылар «байдың асын байғұс қызғанады» дегендей арзан бағалап, олардың көрсеткен сомасы үйді қалпына келтіруге жетпейтін болған соң наразылық білдірушілер де шығып жатыр.

 

Солтүстік Қазақстан облысы