Өнер • 16 Мамыр, 2024

Би әлемінің «Ақкербезі»

51 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Би – адам еркіндігінің көрінісі. Кісі баласы биге бар ықыласымен берілгенде ғана өзін толыққанды еркін әрі тәуелсіз сезінеді екен. Мұны жаһандық деңгей­дегі ға­лымдар айтады. Тағдырын би өнеріне байлаған Шара Жиенқұ­лованың ізет­ті сіңлілері аз емес. Қазақ арулары қазіргі кезде ұлы өнерді кәсіби түрде мең­геріп, халықаралық байқауларда жасындай жарқырап жүр. Олардың бағын­дырған биігінен алмаған асуы көп. Әйтсе де алға қойған арман-мұраты айқын.

Би әлемінің «Ақкербезі»

Расында би әлемінің ақкербезі атанған «Ақкербез» би ансамблі­нің құрылғанына да бір мүшел толыпты. Кенен Әзірбаев атындағы облыс­тық филармонияға қарасты ансамбль құрамындағы биші жігіттер мен бойжеткендер өнерімен елдің қошеметіне бөленіп жүр. Мәдениет саласының үздігі Айжан Қонарбаевадан тәлім алатын бишілер халықаралық сахналарда да тәжірибе жинаған. Би ансамблі аз ғана уақыт ішінде біраз биікті бағындырып та үлгерді.

ва

«Ақкербездің» арулары мен жігіттері сан түрлі биді билегенде олардың өз ісіне асқан кәсібилікпен қарайтынына көзің жетіп, риза боласың. Ансамбль репер­туарындағы «Ерке сылқым», «Шат­тық», «Жастар биі», «Жайлауда», «Гәкку» секілді өзге де билерге қарап, қазақ өнерінің жаңа биікке көтеріле түскенін сезінесің.

Өркениет көшіне ілескен әлемнің бірқатар елінде болған «Ақкербездің» арулары мен жігіттері талай жұрттың өнерсүйер қауымын тамсандырды. Қазір ғылым дамыған уақыт қой. Дерекке жүгінсек, жер-жаһанның би ансамбльдері киімнен бөлек, аяқкиім таңдауға да аса зор талғаммен қарайды. Сән үлгісімен қатар қандай сахнада өнер көрсететініне байланысты таңдау жасалады екен. Біздің ел де осы жолға түсе бастағаны анық.

«Ұжым әр жылдары әлемнің бірқатар елінде болды. Мәселен, Үндістан елінің бірқатар қаласында концерт өткізді. Одан бөлек БАӘ-нің Абу-Даби қаласында өткен халықаралық шейх Заид атындағы мәдени фестивальға қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Сондай-ақ Шара Жиенқұлова  атындағы бесінші республикалық би конкурсында ансамбль арулары жеңімпаз атанды. Биші Гүлнұр Қасымбек «akademy kazakhstan» халықаралық би жоба­сының лауреаты атанды», дейді Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония директорының орынбасары Жандос Омаров би ұжымы жеткен жетістіктер туралы сөз қозғап.

Би өнерінің биігіне ұмтылған ансамбль мүшелері Өзбекстан елінде өткен «Лазги» фестивалінде ел намысын абыроймен қорғады. Осы бір фестивальға барғандар жамбылдық бишілердің өнері туралы тамсана айтып жатқаны да жадымызда сақталып қалды.

Тәжірибелі ұжымдар топқа түскен халықаралық додада «Арман дала», «Ерке сылқым» секілді билерді көрермен назарына ұсынған «ақкербездіктердің» өнерін кәсіби мамандар жоғары бағалады. Нәтижесінде, жамбылдық бишілер бірін­ші орын биігінен көрініп, 5 мың доллар сыйақыны иеленді.

Жекелей өткен байқауларда да «Ақкер­бездің» арулары талай биікті бағындырғаны анық. Мәселен, елорда төрінде өткен халықаралық хореографиялық додада ансамбль мүшесі Айгүл Нұрымова қазақтың «Ер­ке сылқым», ұйғырдың «Чинтәқса» биін жеке орындап, бірінші орынды иеленген болатын.

Аз ғана уақыт бұрын жамбылдық өнер­паздар Корей еліне арнайы сапармен барып, қазақ халқының төл өнерін насихаттап қайтты. Осындайда бір емес екі бірдей ұжымға жетекшілік ететін балетмейстерге оңай соқпайтынын анық түсінесің. Мәселен, «Ақкербезбен» бірге әлемнің біраз елін аралаған Айжан Қонарбаева бұл жолы «Айша бибі» этнографиялық-фольклорлық би ұжымын бастап барып, корей түбегінің халқын ұлттық билермен тамсандырды.

Расында да, ансамбльдің өзге ел сахнасында сәтті өнер көрсетуі балетмейстердің еңбегіне байланысты екені даусыз. Өйткені оларды кәсіби маман даярламаса, үлкен жетістікке жетуі қиын. Осы орайда би ұжымдарын бар ынта-шынтасымен да­йындап жүрген Айжан Қонарбаеваның еңбегі ерен екенін айта кеткен жөн.

«Мұндағы концертке бір айдан астам уақыт бедерінде үздіксіз дайындық жұмысын жүргіздік. Корей халқының әндерін арнайылап жаздырдық. Шынын айту керек, балетмейстер үшін музыка таңдау өте бір машақаты көп жұмыс. Үздіксіз ізденістің арқасында үміттің үдесінен шыққан секілдіміз. Корей халқының биін қойғанымызда жергілікті жұрт риза болысты», дейді А. Қонарбаева.

Қазақстанның бас консулдығы мен «Пусан жаһандық қала» қорының қол­дауымен өткен концерт жергілікті халық­тың көңілінен шыққаны даусыз. Қазақ әндері мен би өнерін тамашалаған олар біздің өнерпаздарға алғысын жаудырды.

«Екі ел арасындағы мәдени байланыс­тың арта түскені расында да көңіл қуан­тады. Қазақ өнерпаздарының корей әндерін білетіндігі көңілімізге қонды, мерейімізді асырды. Әдемі кеште «Айша бибі» этнографиялық-фольклорлық би ансамблінің көрсеткен өнеріне көпшілік тәнті болғанын байқадық. Бұл – кәсіби жұмысқа берілген баға», деген қор өкілі Сон Хи Сынның сөзінен де көп дүниені аңғаруға болатын секілді.

Қалай десек те 12 жыл бұрын құрылған би ұжымының бағындырған белесі аз емес. Алайда ансамбль мүшелері алған асуға қарағанда, қол жеткізетін биік көп деп есептейді. Мұның өзі ансамбль құрамындағы арулар мен жігіттердің би өнеріне ғұмырын арнағанын байқата түсетін секілді.

 

Жамбыл облысы