Қоғам • 16 Мамыр, 2024

Құлсары тұрғындары мамандардың залалды бағалау нәтижелерін оң қабылдап отыр

90 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құлсары қаласындағы залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссиясы залалды бағалау нәтижесімен келіскен тұрғындардың алғашқы легінен өтініштер қабылдады. Мәдениет үйінде бұған дейінгі жүргізілген бағалауларға сәйкес, өтемақы төлемдерін рәсімдеу үшін азаматтарды қабылдау басталды. Алғашқы 6 отбасы залалдың орнын толтыру мақсатында төленетін өтемақыны алу туралы шешім қабылдады. Өтемақы тұрғындарға 14 күн ішінде төленетін болады, деп хабарлайды Egemen.kz Атырау облысының Төтенше жағдай жөніндегі жедел штабы мәліметіне сілтеме жасап.

Құлсары тұрғындары мамандардың залалды бағалау нәтижелерін оң қабылдап отыр

Фотолар: Видеоскрин. Облыстың ТЖ жөніндегі жедел штабы

Қаланың көптеген тұрғындары мамандардың залалды бағалау нәтижелерін оң қабылдап отыр. Сондықтан да олар қысқа мерзім ішінде өтініш беруге ниетті.

«Мен бұған дейінгі сұхбаттарымда да айттым. Әр шаршы метрге 400 мың теңге деген ауадағы ақшаны сұрамаймын. Маған қанағаттанатын сома берсе болды. Үйімнің әр 1 шаршы метрі 240 мың теңгеден бағаланса ризамын. Егер менің үйім 25 млн теңгеге бағаланған болса, маған әр шаршы метрге 240 мың теңгеден төленгені тіптен тиімді. Менің отбасым үшін тұрғын үй мәселесі өте өткір тұр», деді Құлсары қаласының тұрғыны Жайлаш Мұқанова.

Жедел штаб

Келтірілген материалдық залал үшін өтемақы төлеу үшін құжаттарды дайындау 10 күнге созылады. Қазіргі уақытта жылжымайтын мүлікке техникалық тексеру және бағалау жүргізу жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта барлығы 2 мың 940 өтініш қабылданып, 2 мың 727 өтініш қарауға жіберілген. 2 мың 624 үйге бағалау жүргізіліп, 2 мың 671 үйге техникалық тексеру жүргізілді. 756 апатты үй деп танылды.