Аймақтар • 15 Мамыр, 2024

Көше шамдары көрік береді

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өскеменнің көшелерін жарықтандыру жобасы осыдан бірнеше жыл бұрын басталғанымен, нәтиже болмаған. Оның үстіне тұрғындардан көшелердің жарық шамдарына қатысты жиі шағым түсе бастаған.

Көше шамдары көрік береді

Суретті түсірген – автор

Облыс орталығын жа­рықтандыру жобасын бастағандағы мақ­сат ескірген 16 мың шамды жарық диодты электр үнемдегіш түріне ауыстырып, жарық ағы­нын бірқалыпты реттеуге қол жеткізу еді. Бұл үшін көше шамдарын автоматты басқаратын бірыңғай диспетчерлік орталық іске қосылған. Қолға алынған жұ­­мыстар толық аяқталғанда электр қуа­тын 60%-ға дейін үнем­делуі мүмкін екен.

Көшені жарықтандыру жүйе­лерін жаңғырту жөніндегі жұ­мыс тобының жетекшісі Ри­нат Бұтажановтың сөзіне сенсек, 11 583 көше шамы жаңартылған, 214 басқару шкафы мен 212 км электр желісі ауыстырылған. Алайда орнатылған жарық шамдар аз уақыт ішінде күйіп кетіп отырған. Кейбіреулері мүлдем жанбай қалған. Жалпы, қалада шамамен 2 мыңға жуық жарық шамы істен шықса, соның 1 400-і – желілік, 600-і әр жерде орналасқан.

– Шамдардың істен шығу­дағы негізгі себебі – көшені жа­рықтандыру жүйесінің тозуы, тұтынушылар санының өсуі, қолайсыз ауа райы. Байқасақ, қа­­лада қатты жаңбыр жауса немесе дауыл соқса, кейбір ша­ғын аудандарда жарық сөніп қалады. Сол сияқты жаңғырту кезінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапа­сыздығы да бар. Ескерте кетейік, жоба әлі аяқталған жоқ. Егер «Everlight Electronics Co» компаниясы өз міндеттерін орындаса, ол­қы­лықтар қалпына келтіріледі. Қазір қосалқы мердігер «Digital Security» компаниясы қалпына кел­тіру жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Өскемен к­ө­ше­ле­рінің жарық шамдарын жаң­ғырту жобасын жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді Р.Бұтажанов.

Қазіргі уақытта Өскемендегі бірнеше көшенің жарық шамдары қалпына келтірілген. Қолға алынған жұмыс маусымның ортасына дейін толық аяқталады. «Digital Security» ЖШС басшысы Данияр Әуеспаевтың айтуынша, бүгінге дейін Өскеменде 461 шам жаңартылған.

– Қаланың орталық көшелері мен жеке сектордағы 461 жарық шам ауыстырылды. Компания мамандары тұрғындардың өті­­німі бойынша көшелерді жа­рық­­тандыру жүйесін тәулік бойы ба­қылауда ұстап, қызмет көрсе­теді. Сондай-ақ биіктегі және жер ас­тындағы электр желілерін қалпына келтірумен де айналыса­ды. Осыған дейін 5 шақырым оқ­шауланған электр желісі ауыстырылып, 8 бас­қа­ру шкафының жұмысы реттелді, – деді Д.Әуеспаев.

Қазіргі таңда ескірген басқару шкафтарын қайта бөлшектеу, көшелерді жарықтандыру желі­сіне қосылған бөгде көздерді ажырату мәселелері қарастырылып жатыр. Электр желісін қалпына келтіру және жөндеу жұмыстары назардан тыс қалған жоқ. Жоба аясындағы жалпы жұмыстар жыл соңына дейін толық аяқталады. Жоспар ойдағыдай болса, жыл соңында Өскемен  қаласы самаладай жарқырап тұрары сөзсіз.

 

Өскемен