Сұхбат • 16 Мамыр, 2024

Ел ертеңі – білімді жастар

205 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақтың білімді жастарына шетелде сұраныс жоғары. Бүгінде шетел асқан ұл-қыздарымыз әлемнің түкпір-түкпірінде танымал алпауыт компанияларда еңбек етіп жүр. Соның бірі – 29 жастағы Елдан Абдрашим.

Ел ертеңі – білімді жастар

Ол бағдарламалық қам­сыз­дан­ды­ру өндірісінің көшбас­шысы, сервер мен жеке компьютерлер үшін интернет технологияларды құру қызметін көрсететін әйгілі «Microsoft» компаниясында инженер-бағдарламашы болып жұмыс істейді. Испанияның Барселона қаласында тұратын талапты жасты әңгімеге тартып, Еуропа нарығы мен еліміздегі ІТ саласының жай-күйін талқылаған едік.

– Елдан, алдымен қайда білім алға­ныңызды және еңбек жолы­ңыз­ды айта кетсеңіз.

З.Ерғали

– Мен Алматы қаласындағы №58 жалпы орта білім ошағында мектеп табалдырығын аттадым. Білім нәрімен сусындап, өзімді жан-жақты шыңдадым. Бірақ қатарластарымнан олимпиада жеңімпазы ретінде немесе анау айтқандай қабілетіммен ерекшеленбедім. Анам мені жалғыз асырап, бағып-қақты. Қажеттілігімді жанын салып жұмыс істеп, адал еңбегімен түгендеді. Сөйтіп, 11 жыл зу етіп өте шықты. Ержетіп, жоғары оқу орнына түсуге қам жасадық. Басты мақсат – грантқа қол жеткізу. Бар ынтамды салып, күні-түні да­йындалдым. Бағыма орай, жергілікті Халықаралық ақпараттық технология­­лар университетіне грант­қа оқуға түстім. Төрт жылда «Мате­матика және компьютерлік моделдеу» ма­ман­­дығын меңгеріп шықтым. Кейін магистратураны да сол жерде аяқ­та­дым. Содан бері IT саласында жұмыс істеймін.

Елімізде алғаш «Alem research» атты компанияда екі жарым жылдай еңбек еттім. Мұнда түрлі ақпаратты жинап, талдау, сараптама жасап, оны компанияларға сатумен айналыстық. Кейін Минск қаласында «World of tanks» ойын шығаратын компаниясына орналастым. Бір жарым жылдай тәжірибе жинақтадым. Сол аралықта «Microsoft» компаниясына 2021 жылдың шілде-тамыз аралығында сұхбаттасудан өттім. Міне, осылайша Барселонадағы «Microsoft» компаниясы кеңсесінде инженер-бағдарламашы (software engineer) қызметіне тағайындалдым.

– Американың менмұндалап тұрған корпорациясына шақырту алып, көптің қолы жете бермейтін қызметке қалай орналастыңыз? «Microsoft»-та жұмыс істеу үшін қандай біліктілік қажет?

З.Ерғали

– Шетелдегі алпауыт компания­лар­ға, оның ішінде «Microsoft» деңгейіндегі «Google», «Amazon», «Meta»-ға жұмысқа орналасу үшін ең алдымен ағылшын тілін білу маңызды. Тіпті сіз Германия немесе Испанияда жұмыс істесеңіз де, қыз­мет барысында ағылшын тілінде сөйлесуіңіз қажет. Екінші бір шарт, кез келген бағдарлама тіліне жатық екеніңізді, есепті шешудің түрлі алгоритмін меңгергеніңізді сынайды. Алайда бұл жұмыс барысының 95%-да қолданылмайды. IT саласындағы жұмыс тәжірибесі 4-5 жылдан көп болса, жүйені жобалау (system design) білімі тексеріледі. Менің еңбек өтілім алты жылдан асады.

Сұхбаттасу кезінде үміткердің технология, бағдарлама тілін және шаблонды қаншалықты білетіні баға­ланады. Кез келген жұмысқа қабыл­данушы бағдарламаны жасау кезінде оны күнделікті қанша адам қолданатынын, олар шамамен қандай сұрақ қоятынына толық жауап беруі қажет. Бұған қоса қандай деректер базасын, технологияны пайдаланғаныңыз, неліктен дәл осы жолды таңдағаныңыз сұралады.

Егер үміткердің деңгейі орта (middle) және жоғары (senior) болса, сұхбаттың бес кезеңінің екеуінде жүйені жобалау бойынша тапсырма беріледі. Тағы екі сұхбат алгоритм біліміне байланысты болады. Мұнда үміткердің есепті қалай шығаратыны, сыни ойлау қабілеті тексеріледі. Тағы бір сұхбат жұмыстағы коммуникация­­ны тексеруге бағытталған. Демек, алдын ала жұмысқа қабылданушы кан­ди­­даттың әдеп нормасы әңгімелеу тұсында тексеріледі.

Тағы бір айта кететін жайт, жалақы тағайындауда шетелде Қазақстандағы секілді тенденция жоқ. Яғни еңбекақың сол жергілікті азаматтарға ұсынылатын айлықпен бірдей бекітіледі. Бірақ жұмыс берушімен келісуге де болады. Егер сізде білікті маман екеніңізді дәлелдейтіндей өзге компаниялардың да жұмысқа шақырту қағазы болса, сол арқылы жалақыны бірнеше есе көтеруге мүмкіндік бар.

– Еуропа нарығы мен еліміздегі ІТ саласының жай-күйіне тоқ­талсаңыз.

З.Ерғали

– Жаһандағы цифрлы технология дамыған сайын, IT саласы да әр кез трансформацияда жүреді. Бұл мамандықтың иесі болу – күнделікті оқып, дағдыларды шыңдап отыруға машықтану деген сөз. Өйткені бакалавр яки курстарда меңгерген білім базасы түгел жұмысты істеуге көмек­тес­пейді.

Еліміздегі IT саласының ма­ман­дарының деңгейі Еуропадағы ма­манд­ардан еш кем түспейді. Бізде бір маман бірнеше жобаны алып жүре алады, ал Еуропада бір маман бір жобамен ғана айналысады. Екінші жобаға баруы үшін көп уақыт керек. Десек те елімізде бұл сала қатты дамып кетті деу қиын. Әлемдегі геосаяси жағдай да бұған тікелей әсер етіп отыр. Ресей, Украина, Беларусь­те­гі көптеген IT компания жабылып, мамандар Қазақстанға келіп жатыр. Меніңше, осы сәтті пайдаланып, Еліміздегі IT саласын дамытуға болады. Ол үшін ірі компанияларда немесе шетелде жұмыс істеген IT саласының маманы еліміздегі жоғары оқу орындарында сабақ беруі керек. Яғни тәжірибеден өткен маман іс жүзінде оның қалай іске асатынын көрсетеді. Компания қызметкерін студенттерге сабақ беруге жіберсе, ол тек студентке емес, жұмыс берушіге де тиімді. Себебі сол арқылы компанияға жаңа кәсіби мамандарды даярлауға сеп болады.

Қазір елде еңбек етіп жүрген ма­мандарға қарағанда шетелде жұмыс істеп жатқан жастар көп. Себебі шекара асқандар миллиондап табыс табады деген түсінік бар. Шындығында Еуропа мен еліміздегі IT ма­мандардың жалақысының аса көп айырмашылығы жоқ. Шетелдің бар­лық қаласында еңбекақы жоғары деп айта алмаймын. Тіпті елдегі IT саласы мамандарымен бірдей болуы мүмкін. Бір жағынан мұнда күнделікті жұмсайтын қаражат пен салық мөлшері де жоғары. Онда «Неліктен қазақ жастары шетелде жұмыс істеп жатыр?» деген сауал­дың қойылуы заңды. Себебі бар­лы­ғын­да дерлік еңбек шарттары жақсы жүйеленген. Мәселен, Еуропа немесе Американың ірі компанияларында қызметкерді сақтандырудан бастап, киіміне, тамаққа жұмсайтын қаражатына дейін есептейді. Кеңсенің ішінде таңғы астан кешкі асқа дейін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жалақы қысқарады немесе жұмыстан шығып қаламын деген қорқыныш болмайды. Тек жұмысты өндіріп істеуің қажет. Күйзеліске түспеуі үшін барлық жағ­дайды жасайды.

Шетелге жұмыс істеуге баруым­ның басты себебі – әлемдік деңгейдегі ортаны көріп, тәжірибе жинақтағым келді. Кейін міндетті түрде елге ора­лып, қызмет етемін. Әзірге Бар­се­лонада жүріп, Қазақстанға өз үлесімді онлайн платформа арқылы қосып жүрмін. Яғни IT мамандарға арналған it-nomads.kz платформасын жасақтап шығардым. Қосымша көмегімен осы салада оқитын сту­дент­тер өздеріне практикалық тә­жіри­беден өтетін жерді, ал кәсіби ма­ман­дар жаңа еңбек орнын таба алады. Сондай-ақ түрлі іс-шара ұйымдастырып, білікті мамандар тәжірибелерімен бөлісуге мүмкіндік қарастырылған.

Бүгінде ІТ саласының қызмет­кер­лері әлем бойынша ең қажетті, сұраныстағы мамандықтардың тізімінде тұр. Осы ретте шетелдік жұ­мыс берушілерге жоғары дең­гей­лі кадрлар ауадай қажет. Сон­дықтан өзіміздің озық білімі бар аза­маттарымызды уысымыздан шы­ға­рып алмау керек. Әлемдік тәжіри­бе көрсеткендей, экономиканы жан-жақты нығайту үшін еңбек нары­ғын­дағы ІТ мамандарының үлесі үш пайыздан төмен болмағаны дұрыс.

– Ел жастарының басты мәселесі не деп ойлайсыз?

З.Ерғали

– Еліміз жастарының әлеуеті, таным көкжиегі өте жақсы. Әрқай­сы­сы ізденімпаз. Бәрінің болмаса да, басым көпшілігінің мақсат-мүд­десі орныққан. Қарым-қабілеті тек қазаққа емес, алпауыт корпорация­ларда жұмыс істеуге жарап тұр. Алай­да әлі де оқу жүйесіндегі білім­нің сапасын арттыру қажет. Әр жас­тың бойына сыни ойлауды сіңіру керек.

Елдегі жастардың аяғына тұсау болатын негізгі мәселе  – жұмыссыздық пен баспана. Бұл мәселе – тек қазақ жерінде емес, шекара сыртындағы кез келген мемлекеттің күн тәртібіндегі түйткіл. Мен мекен етіп жатқан Испания елінде де бұл проблема бар. Бірақ жұмыс орындары да жетерлік. Соған талаптанатын жас­тар да баршылық. Сондықтан таяқтың екі ұшы бар демекші, билік те, жас та өзіне жауапкершілік алып, бірлесе қызмет етіп, түйінді тарқатуға ұмтылуы қажет. Осы орайда әр жасқа дана Абайдың «Толық адам» ұғымы үлгі. Қазір ағылшынша айтылып жүрген «a person of integrity», яғни барлық қарым-қабілеті мен білімі тоғысқан адам дегеніміз осы.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»