Қазақстан • 14 Мамыр, 2024

«Көшпенділер визасы»: Шетелдіктер үшін жаңа виза түрі енгізіледі

172 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде шетелдік туристер үшін жаңа виза енгізу мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Министрдің айтуынша, туристер тарапынан виза және иммиграциялық режимге қатысты шағымдар көп. Туроператорлардың айтуынша, шетелдік туристер виза және көші-қон порталындағы техникалық ақауларға байланысты виза алуда қиындықтарға тап болады. Соның салдарынан туроператорлар шетелдік туристер брондап қойған билеттерді қайтарып алуға мәжбүр.

«Визалық көші-қон режимі мәселесі туристер тарапынан көптеген шағым тудырады. Туроператорлардың хабарлауынша, шетелдік келушілер визалық көші-қон порталының техникалық ақауына байланысты виза алу кезінде қиындықтарға тап болады. Нәтижесінде туроператорлар шетелдік туристер үшін брондалған билеттерді алып тастауға мәжбүр. Осыған байланысты елге келгеннен кейін виза алу бойынша әуежайлардағы көші-қон қызметтерінде персонал санын көбейту және оның порталының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету ұсынылады», деді Е.Маржықпаев.

Сонымен қатар министр бұл режимді цифрландыру және визалық рәсімдерді жеңілдету арқылы жетілдіру қажет екенін атап өтті. Ал, әзірше жаңа визаның жұмыс атауы – NEO Nomad Visa.

«Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, шетелдік азаматтарға елде ұзақ мерзімді болу құқығын бере отырып, қазіргі заманғы көшпенділердің визасын енгізу мәселесі қаралып жатыр (жұмыс атауы – NEO Nomad Visa). Бұл шараны енгізуден күтілетін экономикалық нәтиже жыл сайын 3 млрд теңгеден асады. Қазіргі уақытта Neo Nomad Visa енгізу тетігі әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдарға жолданды», деп қосты министр.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті