Спорт • 13 Мамыр, 2024

Әлем чемпионатына қатысатын дзюдошы қыздар анықталды

84 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Ерлан Алпысбаев Абу-Дабидегі әлем чемпионатына қатысатын дзюдошы қыздардың анықталғанын мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz Ұлттық олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.

Әлем чемпионатына қатысатын дзюдошы қыздар анықталды

Фото: olympic.kz

19-24 мамырда Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қаласында дзюдодан Әлем чемпионаты өтеді. Бұл байрақты бәсекеде келесі құрамдағы қыздар еліміздің атынан сынға түседі.

«48 келі салмақта Абиба Әбужақынова мен Ғалия Тынбаева бақ сынайды. 52 келіде ешбір спортшыны қатыстырмаймыз. Бұл салмақтағы қыздар әлі де чемпионат деңгейіне жеткен жоқ. Бақыт Құсақбаева 57 келіде сынға түседі әрі командалық жарыста ел намысын қорғайды. Эсмигуль Куюлова 63 келіде белдеседі. Ол командалық турнирдегі олимпиадалық квоталарға үміткерлердің бірі. Сондықтан оған міндетті түрде жарысқа қатысу керек. 

70 келіде Екатерина Токареваға сенім артамыз. Ол Астанадағы Grand Slam-да жақсы күресті. Тәжірибесі де толысып келеді. 78 келіде Аруна Жангелдина сынға түседі. Азия чемпионатында жарақат алып қалған. Әлем біріншілігіне дейін сапқа қосылады деп үміттенеміз. 

78 келіден жоғары салмақта Камила Берліқаш күреседі. Ол да квотаға иелік еткен, Олимпиадаға қатысады. Соңғы жаттығу жиынын Қазақстанда өткізіп, чемпионатқа елден тікелей ұшып кетеміз», деді дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Ерлан Алпысбаев.