Жәдігер • 09 Мамыр, 2024

Батырдың қолтаңбасы

210 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Айтыста «Даридай ақын» атанған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мәдениет қай­раткері, ақын Мұқаш Сейітқазиновтің үйінде отырғанда көзімізге ұлт­тық мақтанышымыз, даңқты партизан Қасым Қайсеновтің қолтаңбасы қойылған визиткасы ілікті. Мұнда «Ақын інім Мұқашқа бірге сапарлас күндерден ескерткіш. 6.Х.99» деп жазылып, қолы қойылған екен.

Батырдың қолтаңбасы

– 1999 жылы қаңтарда елімізде Пре­зидент, ал, сол жылдың күзінде Мәжі­ліс сайлауы өтті. Бір мандатты округ бо­йынша белгілі ақын Жүрсін Ерман да депутаттыққа үміткер болды. Жүрсіннің шашбауын көтеріп елге танымал тұлғаны бастап Жезқазған-Ұлытау жағына Қасым ағамыз да келді. Сол топқа ел жақ­тан біз де қосылдық. Қасекеңнің қасында 20 күннен аса бірге жүрдік. Ба­тыр ағамыздың «сапарлас күн­дерден» деп жазуында осындай мән бар, – дейді Мұқаң.

Сол күндерді ақын бүгінде аса бір жылылықпен еске алады. Даңқты батырмен бірге жүрген күндерін өмірінің сәулелі шақтарына балайды.

«Қасым ағамыздың қасында болып әңгімесін көп тыңдадық. Бұрын кітаптан оқып, ертегілерден еститін «батырдың ұйқысы» дегеннің қандай болатынын сол жолы көрдім. Жол жүріп, бір ауыл­дан екіншісіне жеткенде, Қасекең қанша дегенмен жасы келген кісі ғой, шаршаңқырап қалады. Шай ішіп болған соң, жастығын алып, қисая кетеді. Мына жақтағы біздің абыр-дабырға селт етпей, ұйқысын қандырып тұрады. Сонысын көріп таңқалғаным бар» дейді ол. Сондай-ақ ақынды батырдың өзінен бұрын өзгенің жайын ойлап тұратын мінезі тәнті еткен көрінеді. Олар ел аралағанда бірнеше кө­лікке бөлініп мінеді ғой. Қасым Қайсенов, Камал Смайылов, Жүрсін Ерман мінген көлік аңдаусызда бір шұңқырға түсіп ке­тіп, ішін­дегілер қатты соққы алып қала­ды. Сәл­ден кейін жағдай дұрысталып, жолға түскенде Қа­секең қасындағы екі інісіне қарап: – Әй, Камал, Жүрсін! Жаңа сен екеуің өліп қала жаздадыңдар ғой, дейтін көрінеді. Сол көлік­тің ішінде өзі де болғанына қарамастан, қа­сындағыларын ойлап отырған аға жүрегі-ай!

Мұқаш аға Қасекеңнің әділдігін де ерекше сүйіспеншілікпен әңгімелейді.

– Барған жерімізде елдің көңілін көтеру үшін Абаш Кәкенов екеуміз айтысамыз. Сөйт­сем, Қасекең біздің айтысымызға мән бере қарайды екен. Бірде «Сенің сөзің Абашқа қарағанда салмақтырақ, күштірек шықты» деп қолымды алды. Риза болып қалдым. Халқымыздың даңқ­ты пер­зентінен мұндай лебіз есту деген барлық атақ-дәрежеден қымбат қой, – дейді ол.

Мұқаш Сейтқазиновтің айтуынша, «Бізді соғыс батыр етті. Ал Баукең, Бауыр­жан Мо­мышұлы соғыс болмаса да ха­лық­қа батыр болып танылатын еді. Өйт­кені ол таби­ғатынан солай жаратылған», деп бағалаған екен Қасекең.

Аты аңызға айналған батыр аға­сының қолтаңбасын Мұқаң ең бір құнды жәді­герлердің біріне балайды.

 

Жезқазған қаласы