Қоғам • 09 Мамыр, 2024

Ардагерлерге 2 миллионнан беріледі

77 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқ­талғанына 79 жыл толды. Бұл күні Жеңіс күні деп тойланғанымен, «соғыста же­ңім­паз жоқ» деген сөз бар. Өйт­кені оның шығыны мен зардабын қай-қай жаққа да оңай тимейтіні рас. Сондықтан да қан майданға қатысқан ардагерлер мен олардың артын­да қалған жұбайларына әлеуметтік көмек көрсету – қоғам парызы.

Ардагерлерге 2 миллионнан беріледі

Сурет «Egemen Qazaqstan» архивінен алынды

Былтыр еліміз майдан­гер­лер­ге берілетін әлеу­меттік кө­мек­тер­дің кө­ле­мі бойынша ТМД елдерінің алдына шыққан еді. Яғни Жеңіс күніне орай әр ардагерге 1,5 мил­лион теңге көлемінде жәрдемақы берілді.

Ардагерлердің ақшасын жыл са­йын­ өсіруді қолға алған Астана қала­­сы­ның әкімдігі 2017 жыл­дан бері Екінші дүние­жүзілік соғыс­қа қатысқан майдангер­лер мен олардың артында қалған жұ­бай­­ларына қомақты әлеуметтік көмек көрсетіп келеді. Мәселен, былтыр қалалық мәслихаттың жобасына сәй­кес Астана қаласында тіркелген және тұрақты тұратын әрбір Екінші дүние­­жүзілік соғыс ардагеріне 800 мың теңге, соғыста қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің же­сір­леріне 30 мың теңге мөлшерінде қо­сымша әлеуметтік көмек берілген еді.

Ресми мәліметтерге көз жүгірт­сек, 2021 жылы елордада 163 соғыс ардагері болса,­ 2022 жылы мұндай санат­тағы 95 адам тір­кел­ген. Ал 2022 жылы 18 адамға 1 005 221 тең­ге­ден бері­ліпті. Былтыр 12 ардагер 800 мың теңге алған. Ал биыл Астана әкім­дігі Жеңіс күніне орай ардагер­лерге 2 млн теңге көле­мінде бір­жол­ғы көмек берілетінін хабарлады.

«Бұған қоса биыл Екінші дүние­­жүзілік соғыс ардагерлеріне теңес­ті­рілген ардагерлер, яғни со­ғысқа қа­тысушылары мен мүге­­дек­терінен басқа соғыс кезе­ңін­де қызмет өткерген әскери қызметшілер, фашистік Германияға қарсы іс-қимылдарға қатысқан адамдар, Ленинград қаласында бло­када кезеңінде жұмыс істеген аза­мат­тар, концлагерьлердің кәме­летке тол­маған тұтқындары, жараланып мүге­дек болған әскери қызметшілер, аза­маттық немесе әскери мақсаттағы нысандардағы радиациялық апаттар мен ядролық сы­нақтар салдарынан мүгедектігі анық­талған адамдар және олардың балалары 45 АЕК (166 140 теңге) мөлшерінде ақша алады», дейді Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Ардагерлер туралы» заңға сәйкес тыл еңбек­керлері, қаза тап­қан әскери қызметшілердің отба­сылары, қайтыс болған арда­герлердің жұбайы (зайыбы) – 15 АЕК (55 380 теңге) мөлшерінде көмек алатын болды. Алайда қазір елордада 7 соғыс ардагері тұра­ды. Астанаға қара­ғанда Алматы қала­сында жағдай сал­мақ­ты­рақ. Өйткені қазір Алматыда 44 соғыс ардагері тұрады. Осыған орай жуыр­да Алматы мәслихатының VIII шақы­рыл­ған депутаттарының кезектен тыс XVI сессия­сында мегаполис әкімі Ерболат Досаевтың май­дангерлерге біржолғы төлем мөлшерін 2 мил­­лион теңгеге дейін арттыру туралы бастамасын бір­ауыздан қолдады.

Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министр­лігінің 1 ма­мырдағы мәліметіне сәйкес елі­мізде Екінші дүниежүзілік соғыстың 148 ардагері тұрады, оның ішінде 108-і – соғысқа қатысқан және 40-ы – соғыс кезеңінде жараланып, контузия, мертігу салдарынан мүгедектікке ұшыраған адам. Сондай-ақ республикада жеңіске үлес қосқан 50 012 басқа да азамат бар, олардың ішінде қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 70 адам; концлагерьлердің бұрынғы кәме­летке толмаған тұтқындары – 149 адам; соғыс кезеңінде жараланып, салдары­нан мүгедектігі бар, қайтыс болған адам­ның жұбайлары – 2 314 адам; соғыста қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошар­сыз кеткен) жауынгерлердің жесірлері – 2 адам; тыл еңбеккерлері – 47 477 адам.

Елімізде соғыс ардагерлеріне бері­летін әлеуметтік төлем әр ай­мақта әртүрлі болып келген еді. Әр облыс әлеуметтік көмек жергілікті бюджеттен қарас­ты­ры­латындықтан, жыл сайынғы мере­келік жәрдемақының көлемін өздері шешеді. Алайда 2022 жылы Президент барлық өңірдегі арда­герлердің төлемін кем дегенде 1 миллион теңгеден беруді тапсырған еді. Сондықтан мұндай мол мөлшердегі жәрдемақыны Астанадағы ардагерлер ғана алады деген түсінік болмауға тиіс. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2021 жылы елімізде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 665 ардагер болса, былтыр 387 ардагер тіркелген, осылайша, олардың саны бір жылда 278-ге азайды. Алайда еліміз сол ат төбеліндей аз ғана ардагерлерге деген құрметін аяған емес.

п

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатыс­қан ардагерлерге берілетін біржолғы жәр­демақының көлемі ТМД-ның басқа мемлекеттеріндегі жағдаймен салыс­тыр­ғанда, біздің елде әлдеқайда жоғары.

Соңғы жаңалықтар