Аймақтар • 09 Мамыр, 2024

Ақтөбеде жалғыз майдангер қалды

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2015 жылы 1 қаңтарда Ақтөбе облысында 176 майдангер тұрса, биылғы Жеңіс күнін жалғыз ардагер ғана қарсы алмақшы. Соғыстың соңғы сарбазы Василий Грецкий Жеңіс күні 2 миллион 500 мың теңге сыйлық алады.

Ақтөбеде жалғыз майдангер қалды

Хромтау қаласында тұра­тын 100 жастағы майдангер В.Грецкий Белоруссияның Витебск облысы Полоцк қала­сында көпбалалы отба­сында дүниеге келген. Әкесі ерте қайтыс болғанда, анасы шиеттей жеті баламен Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына қоныс аударған. Мойын­құм мекте­бін­де оқуын аяқтап, мақта егіс­тігінде жұмыс істеп жүр­ге­нінде соғыс басталады.

1942 жылдың қаңтарында Алматы қалалық әскери комиссариатына шақыртылып, алты ай әскери дайындықтан өткен соң алдыңғы шепке аттанады. І Украина және ІІІ Беларусь майдандарында 8-кавалериялық дивизия құрамында шайқасып, Польша, Чехияны азат етуге қатысып, 1945 жылы Жеңісті Берлин түбіндегі Ельцих қала­сындағы әскери госпитальда қарсы алды. «Қызыл Жұл­дыз» және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталып, елге оралған соң бейбіт еңбекке аралас­ты. Әйелі екеуі үш бала тәрбиелеп өсірді. Қазір ғасыр жасаған ардагер алты немере мен он шөберенің атасы.

Мұрағаттағы құжаттарға сүйенсек, 1941 жылы 1 қаң­тар­да Ақтөбе облысында 335 мың 900 адам тұрған. Соғысқа 122 423 ақтөбелік шақырту алған. 36 192 жауынгер майданда қаза тапса, 86 231-і елге аман оралды, 17 368 сарбаз із-түзсіз жоғалып кетті. Алайда соғыста із-түзсіз кеткендердің дерегі нақты емес.

Бірер күн бұрын ақтөбелік «Әлия» іздеу жасағы 1942 жылы Ақтөбеде құрылған 74-дербес теңіз атқыштар бригадасы жауынгерлері соғысқан Парфин ауданында қазба жұмыстарын жүргізуге Ресей Федерациясы Новгород облысына аттанды. Осы кезге дейін 1941 жылдың тамызында соғысқа жіберілген Ақтө­беден жасақталған 312-ат­қыштар бригадасының 5 мың жауынгерінің дерек­терін түгендеу жұмыс­тары қолға алынды. Сондай-ақ 1942 жылдың күзінде бас­тал­ған «Марс» операция­сына қатысқан, Тверь об­лысының Оленин ауданында шайқасқан 101-ұлттық дербес атқыштар бригадасы жауынгерлерін іздестіру жұмыстары жүргізілді.

 

Ақтөбе облысы