Сұхбат • 07 Мамыр, 2024

Азат елдің айбынды армиясы

129 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

7 мамыр – жалпыұлттық мереке. Өйткені осы жерді мекен еткен әрбір азамат – Отан қорғаушы. Туған еліміздің тұғырын биіктетіп, жерімізді жаудан қорғау – әрқайсысымыздың мойнымызға жүктелген басты парыз.
Біз Отан қорғаушы күніне орай Қорғаныс министрінің тәрбие және идеология жұмысы жөніндегі орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан ЖАЗЫҚБАЕВТЫ әңгімеге тартып, айбынды әскеріміздің бүгінгі жай-күйі және жауынгерлерімізге жасалып жатқан әлеуметтік қолдау жайын кеңірек сұрап білген едік.

Азат елдің айбынды армиясы

Әлемдік әскери-саяси ахуал жіті назарда

– 2021–2025 жылдарға арналған Ұлт­тық қауіп­сіздік стратегиясының бір тармағы – елдің қор­ғаныс қабілетін нығай­ту. Бүгінгі әлемдік геосаяси ахуал күрделеніп тұрған заманда қа­зақ әскерінің әлеуетін арттыру мақ­сатында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Қарулы күштерді трансфор­ма­ция­лаудың не­гізгі қағидаттары мен тәсіл­дері Ұлттық қауіпсіздік стра­тегия­сымен қатар, Қарулы күштерді құру мен дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында нақты айқындалған. Осыған сәйкес қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесі ескеріліп, сабақтар мен оқу-жаттығуларды өткізу тәжірибесіне жаңа такти­калық тәсілдер енгізілді. Басқа әскерлермен және әске­ри құралымдармен өзара іс-қимыл мәселелері пысықталды.

см

Өзіңіз айтып отырған стратегияның «Елдің қор­ғаныс қабілетін нығайту» бағытын өзектендіру жұ­мыстары жүр­гізіліп келеді. Мұндағы мақсат – әлем­­де және өңірде қалыптасқан әске­ри-саяси ахуалды еске­ріп, «әскери» стра­тегия­лық бағытты қазіргі жағдайға бейім­деу. Осыған сәйкес «Әскери қауіп­сіздік­тің сын-тегеуріндері мен қатер­лері», елдің қорғаныс қабілетін нығай­ту ша­ралары, оның ішінде Ар­найы опе­ра­циялар күштері мен Аумақ­тық әскер­лерді дамыту, әскери-оқытыл­ған ре­зервтің үлесін арттыру, мобиль­ді мүм­кіндіктерді кеңейту және күш­тік құры­лымдардың жауынгерлік дағды­ларын бірлесіп пысықтау есебінен армия­ның жауынгерлік әлеуетін арттыру нақты­ланды.

Сонымен бірге Қарулы күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту тұжырымдама­сын түзету жұмыс­т­ары жалғасып жатыр. Бұл құжат ұзақмерзімді келешекте әскери құрылыс са­ла­­сын­дағы саясатты айқындап, Қарулы күштердің дағда­рыс жағдайындағы іс-қимылдарға дайындығын қам­тамасыз етеді.

Әскерлерді оқыту қазіргі заманғы қарулы қақты­ғыстардағы жауынгерлік іс-қимылдар тәжірибесі ескеріліп өткі­зіледі. Соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын, жаңа радиоэлектрондық күрес және әуе шабуылына қарсы қор­ғаныс құралдарын пайдалана отырып жүзеге асырылады. Сондай оқу-жат­тығу­лардың қатарында «Батыл тойтарыс–2023» стратегиялық командалық-штаб­тық оқу-жаттығуын айтуға болады. Оған 8 мыңға жуық жеке құрам, 600-ге жуық қару-жарақ пен әскери техника қатысты.

 

«Anka» дрондары қорғаныс күзетінде

– Бұрын батырларымыз білектің күшіне сенсе, қазір бірінші кезекте заманауи қару-жараққа иек артатын болдық. Әскеріміздің соңғы үлгідегі техникамен жарақтандырылуы қандай деңгейде?

– Қарулы күштерді қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Қорғаныс министрлігі қару-жарақ пен әскери техника нарығына, дамыған елдердің армияларындағы үрдістерге, қарулы қақтығыстардағы жаңаша іс-қимыл тәсілдерін ескере отырып, әскерлерді жарақтандырудың басым бағыттарына жүйелі негізде талдау жүргізіп отырады.

Қарулы күштер үшін қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алу мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі арқылы жү­зе­ге асырылады. 2023 жылы 70-тен астам әскери техника мен 196 автокө­ліктің, арнаулы техникалардың модификациялары сатып алынды. Бұдан бө­лек, Үкіметтің авиациялық парк пен Әуе шабуылына қарсы қорғаныс құрал­дарын қайта жарақтандыру және жаңар­ту бағдарламасының орындалуына тоқталатын болсақ, еуропалық «Airbus Military» авиация концернімен жасалған келісімшарт шеңберінде авиапарк С-295 әскери-көліктік ұшақтарымен толықтырылды. Сонымен бірге Ми-35 және Ми-171Ш жаңа көліктік-жауын­герлік тікұшақтары жеткізілді.

Қазіргі заманғы ұрыстарда барлау құралдарының, жоғары дәлдіктегі қару-жарақ пен ұшқышсыз бас­қары­ла­тын авиацияның рөлі айтарлықтай өзекті. Мем­лекет басшысының тапсырмасымен ұшқышсыз басқа­рылатын авиация паркін ұлғайту жұмыстары жалғасып жатыр. Өткен жылдың тамыз айында соққы беруші «Anka» дрондарының бірінші легі ұрыс тәжірибесіне қолдануға жеткізілді. Бүгінгі күні ұшқышсыз ұшатын аппараттар паркінде «Wing Loong-1», «Anka» және «Skylark» барлау ҰҰА-лары барын атап өту керек.

– Ал бұл техниканың тілін білетін әскери мамандарымыз жеткілікті ме?

– Кадр даярлау – кең көлемді және күрделі үрдіс. Бүгінгі таңда ұлттық кадрларды даярлау жүйесі, оның сандық және сапалық параметрлері үнемі жетілдіріліп отырады. Атап айтқанда, Қорғаныс министрлігі жаңа мемлекеттік білім стандарттарын әзірледі. Қолданыс­тағы оқу бағдарламаларын қайта қарады.

Әскери кадрларды іріктеу және даярлау жүйе­сінде барлық бағыттар мен деңгейде ауқымды әрі мақсатты жұ­мыс­тар жүргізіліп келеді. Офицер кадр­лар негізінен Құрлық әскерлерінің әске­ри институтында, Әуе қорғанысы күш­терінің әскери институтында, Радио­электроника және байланыс әскери-ин­женерлік институтында даярланады. Ал әскери кафедраларды бітіргендердің әлеуетін қажетіне қарай пайдаланамыз.

Кәсіби сержанттар Ш.Уәлиханов атындағы әске­ри колледжде даярланып келеді. Биыл С.Нұр­мағам­бетов атындағы әскери колледжді радиациялық-химия­лық қорғаныс, байланыс және инженерлер секілді тапшы мамандықтар бойын­ша 80-нен астам кадет түлектері алғаш рет бітіріп шықпақ. Сон­дай-ақ мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер қата­рынан кіші командалық құрамды даярлау маман­дандырылған оқу орталықтарында жүзеге асырылады.

Отандық жоғары оқу орындарын­да әскери мамандарды даярлау маман­дықтарының спектрін ұлғайту есебінен шетелде әскери кадрларды даярлау 100 маманнан 60-қа дейін қысқартылды. Негізінен бұл мамандар Қарулы күш­тердің қажеттілігіне сәйкес елімізде даярланбайтын мамандықтар бойынша жүзеге асырылады.

Еліміздегі Ұлттық қорғаныс универ­ситетін жоғары әскери білімнің флагманы деп сеніммен айта аламыз. Бұл – жаңа үлгідегі әскери оқу орны, инновацияларды енгізу саласындағы көшбасшы, сондай-ақ Орталық Азия өңіріндегі ең ірі әскери білім ордасы. Университет ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қарулы күштері үшін әс­ке­ри кадрларды бірлесіп даярлайтын оқу орын­дарының тізбесі­не енгізілген. Бұдан бөлек Ұлттық қорға­ныс университеті – еліміздің барлық әскери оқу орын­дары үшін де бірден-бір ведомствоаралық оқу-әдіс­­те­мелік орталық. Қазіргі уақытта оқу орны жедел-такти­калық және жедел-стратегиялық басқару буыны үшін бір жарым мыңнан астам әскери маман даярлайды.

 

Әлеуметтік қолдау жалғасып жатыр

– Ел қорғайтын ер атану, оқалы киімді жауын­гер болу – әрбір жастың арманы. Дегенмен олар­дың әлеуметтік тұрғыда қамсыздандырылуы да көп мәселені шешеді. Бұл тұрғыда әскери қыз­меткерлерге қандай жағдайлар жасалып жатыр?

– Қазіргі уақытта Қорғаныс министр­лігі Әскери қызметшілердің мәртебесі мен әлеуметтік әл-ауқатын арттыруда нақты шаралар қабылдап жатыр. Әскери қызмет­шілердің лауазымдық жалақыларын арттыру, зейнет­ақымен қамсыздандырудың кей­бір мәселелері, сондай-ақ зейнетақы төлемдерін алушы­лардың зей­нет­ақы жинақтарының қал­дық­тарын қандай да бір шек­теусіз пайдалануға құқық беру көзделген, еңбек­ақының жаңа жүйесіне көшу мәселесі пысықталып жатыр.

2023 жылы әскери дәрігерлер мен әскери оқу орындары оқытушыларының ақшалай үлесі артып, азаматтық сек­тордағы мамандардың жалақы деңгейі­не дейін жетті. Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігі әскери атағы үшін жалақыны 30%-ға арттыру бо­йынша жұмыс жүр­гізіп жатыр. Бұдан бөлек, барлық күш­тік құрылымдардың лауазымдық жала­қыларын бір деңгейге келтіру және әрбір мемлекеттік орган қызметінің ерек­шелігіндегі айырмашылықты лауа­зымдық жалақыға тиісті үстеме­ақылар­мен айқындау ұсынылды. Сондай-ақ Үкімет Қарулы күштер мен басқа да әскери құралымдардың, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органда­рының еңбекке ақы төлеудің жаңа теңгерімді жүйесіне көшу мәселесін пысықтап жатқанын да атап өту керек.

Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүше­лерін әлеуметтік қамсыз­дандыру жүйесі әскери қызмет өткерудің барлық шарты мен ерекшелігін қамтиды. Әлеуметтік пакетке ақшалай үлес­тен бөлек лауазымдық жалақы, әске­ри атақ бойынша төлемдер, сыныптық біліктілік үстемелері кіреді. Әскери қыз­метшілер қосымша тұрғын үй төлемдерін ала алады. Олар тегін медициналық көмекпен, санаторийлік-курорттық емдеумен қамтамасыз етілген.

– Биыл еліміз тұңғыш Сириядағы Голан жоталарына дербес бітімгерлік күштерін жібергенін білеміз. Бұл миссияның еліміз үшін маңызы қандай?

– 2014 жылдан бастап бітімгерлік миссияларына біздің елімізден 598 әскери қызметші, оның ішінде 5 әйел әскери қызметші қатысты. Оларды тео­рия­лық және практикалық даярлау Алматы қала­сындағы Бітімгерлік операциялар орталығында өтеді. Ұлттық контин­гент бітімгерлік операцияға қатысу кезеңін­де үш еселенген ақшалай үлеспен (жа­лақымен) қамтамасыз етіледі. Сон­дай-ақ олар ұрыс қимылдарына қатысу­шыларға теңестірілген. Бітімгерлік операциядан оралған соң мемлекеттік органдардың (ұйымдардың) қаражаты есебінен кемінде күнтізбелік жеті күн, бірақ жиырма бір тәуліктен аспайтын мерзімге санаторийлік-курорттық емделуге жіберіледі.

БҰҰ-ның шақыруына сәйкес 2024 жылдың нау­рыз айында еліміздің алғаш­қы дербес ұлттық бітімгерлік кон­тин­­­генті өзінің әскери техникасымен, қа­ру-жарағымен және мүлкімен резерв ротасы ретінде «БҰҰ-ның Голан биік­тіктеріндегі бөлінуді қадағалау жөнін­дегі күштері» миссиясына 139 әске­ри қызметшіні орналас­тырды. Ол үшін Біріккен Ұлттар Ұйымымен тарап­тардың міндеттемелерін, сондай-ақ кон­тингенттің миссияға қатысуын қар­жылық және материалдық-техника­лық қамтамасыз ету мәселелерін айқын­дайтын халықаралық шарт жасалды. Контингент құрамында ер әскери қызметшілермен бірге 7 әйел бар. Қазіргі уақытта отандық бітімгерлер Голан биіктерінде дербес миссияға кірісті.

Бір жыл ішінде бітім­герлік контингент жергілікті жерді патрульдеумен, блокпостарды күшейту­мен және қарсылас тараптар арасындағы атысты тоқтату режімін орнатумен айналысады, БҰҰ миссиясының мандатына сәйкес басқа да міндеттерді орындайды.

Қазақстан контингентінің БҰҰ бітімгерлік миссияларына қатысуы халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосып қана қоймай, еліміздің жаһандық аренадағы рөлін арттыруға да оң ықпал етпек.

 

Әскерде әлімжеттік бар ма?

– 2023 жылғы 5 мамырда өткен Бүкіл­армиялық кеңесте Президент: «Әскерде жүрген жастарымыз нағыз сарбаз, нағыз маман болып шығуы – міндет. Олар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс» деген бо­латын. Осыған орай, Қорғаныс министрлігі әс­ке­ри қызметтің беделі мен жауын­гер мәртебесін арт­ты­ру мақсатында қандай жұмыстар атқарып жатыр?

– Министрлік тарапынан негізгі күш-жігерін патриотизм негіздерін нығайту, әскери қызметтің беделін арт­тыру және ынталандыру бойынша жұмыстар үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Халық арасындағы түсіндіру іс-шараларын жүргізуге жергілікті атқа­рушы органдардың өкілдері, қоғам қай­­рат­­керлері, Қарулы күштер арда­гер­лері тартылады. Осы мақсатта «Жаңа Қазақ­станның тірегі – айбынды жас­тар» әске­ри-патриоттық акция­сы, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозға­лысы­ның тәр­биеленушілерімен және мектептер мен колледж­дерде кездесулер өт­кізі­леді. Онда мерзімді әскери қыз­мет өткер­геннен кейін азаматтық немесе әскери жоғары оқу орындарына жеңіл­дікпен оқуға түсу, «несиелік демалыс­тар» беру мәселелері егжей-тегжей түсіндіріледі.

Мәселен, өткен жылы 29 мыңнан астам үміткердің ішінен үш мың азамат грантқа ие болды. Оның 700-і оқуға түсті. Қалғандары биыл жеңілдіктерін толық пайдалана алады. Жалпы, әскери оқу орындары үшін сертификат бір жылға ғана жарамды болса, азаматтық оқу орындарына екі жыл ішінде түсуге болады.

Биыл байқауға 32 мың сарбаз қаты­сып, олардың арасында тегін оқуға тағы үш мың грант бөлінгенін айта кету керек. Жақын арада әскерде мерзімді қызмет өткергендер оқуға түсу үшін мемлекеттік грантқа да ие болады. Парламент бұл туралы тиісті заңға өзге­рісті қолдады.

Бұған қоса, Қарулы күштерде Пре­зиденттің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақ­стан халқына Жолдауында ай­тылған экономиканың нақты секторында талап етілетін жұмысшы мамандықтарын мерзімді әскери қызмет кезінде меңгеру жөніндегі тапсырмасы да іске асырылып жатыр. Әскерге шақыру науқаны кезеңінде «Айбынды әскер» әскери-патриоттық акциясы, оқу жылының аяғын­да әскери мамандар арасында «Әс­кер тарланы» байқауы, «Сарбаз сахнасы» сарбаз әндері және «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық әндер фестивалі тұрақты негізде өтіп тұрады.

Жас жігіттерді мерзімді қызметке шақы­рудың алдында үлкен жұмыс жүргіземіз. Әскер қатарына шақырылу­шылармен, олардың ата-аналарымен әңгімелесіп, адамгершілік, іскерлік қасиеттері, денсаулық жағдайы, дене дамуы, білімі мен арнаулы даярлығы, отбасылық жағдайы туралы мәліметтер нақтыланады. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша әскер қатарына шақырылушыларды қай әскер түрі­не, тегіне жіберу туралы шақыру комис­сияларының шешімі қабылданады.

– Мерзімді әскери қызметшілер арасындағы тәртіп туралы ойыңызды білсек. Қазір кейбір ата-аналар ар­миядағы әлімжеттіктен қауіптеніп, балаларын әскерге жібергісі кел­мейді...

– Бауыржан Момышұлы «Соғыс психологиясы» атты еңбегінде: «Солдаттан қарапайым жан жоқ. Оған сергек те, ықыласты әрі әділ болған жөн», дейді. Барлық деңгейдегі командирлер батыр атамыздың осы қағидасын күнделік­ті жұмыс стиліне айналдыру керек. Осындай тәрбие болған жерде, тәртіп те болады.

Қарулы күштерде әскери тәртіпті нығайту бойынша профилактикалық және алдын алу шараларының барлық кешені 2025 жылға дейінгі «Өміріңді сақта» ведомствоаралық бағдарламасына сәйкес жүзеге асып келеді. Бөлімдердегі жеке құрамды бақылау «Серіктес», «Пи­ра­мида» және «Жауынгерлік дос» жүйелері арқы­лы жүзеге асырылады. Про­филактикалық онкүн­дік­тер, акция­лар, айлықтар, анонимді сауалнама жүргізу, психологиялық тренингтер өткізу тұрақты негізде жүргізіліп тұрады.

Сарбаздарды тереңдетіп зерделеу мақсатымен олардың ата-аналарымен тығыз байланыс орнатылған. Әлеуметтік желілерге ұдайы мониторинг жүргізіліп келеді. Бұдан бөлек ата-аналардың чат­тары жұмыс істеп тұр. Қорғаныс минис­трлігінің мобильді топтары алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру мақсатымен әскери бөлімдердің командирлеріне әдістемелік көмек көрсетіп отырады.

Лудоманияға бейім және несиелері бар адамдардың есебі, қаржылық сауат­тылық кейстері сараланып, олар­дың төлем қабілеттілігіне талдау жүргі­зіледі. Үйішілік жанжалдардың алдын алу мақ­сатында отбасыларға бару, коман­дирлердің әскери қызметшілердің жұ­бай­ларын жеке қабылдауы, сұрақ-жауап кештері, отбасылық чаттар арқы­лы мәселелерді зерделеу тәжірибе түрін­де қолданылып келеді.

Әскерге шақыру учаскелерінде әскерге шақы­ры­лушыларды зерделеу кезінде «Ақ сұңқар» психо­диагностикалық кешендері кеңінен қолда­нылады. Атал­ған шаралардан басқа, біз осы жыл­дың басынан бастап іске қосқан құқықбұзушылықтардың нүктелік алдын алу әдістемесі аясында әскери бөлім­дер мен әскери полиция органдары коман­дирлерінің өзара іс-қимылын ұйым­дастырдық.

Қазіргі уақытта негізгі күш-жігер­ді әскери қызмет­шілердің жеке жауап­кершілігін, олардың құқықтық сана деңгейін, мәдениеті мен мінез-құлық этика­сын арттыруға шоғырландыру қажет. Бұдан бөлек әскери қызметтің тар­тымдылығын арттыру, әлеуметтік қам­сыз­дандыру мәселелерін оң шешу, қыз­меттік жүкте­мені азайту кезек күттір­мейтін іс-шаралар деп білемін.

Әскерлердің, әсіресе тактикалық буынның толық жасақталуы, әскери бөлім командиріне тікелей бағынатын тәуелсіз психологиялық қызмет құру (пси­хологтерді батальон командирлерінің қара­мағынан шығару), азаматтардың әскери қызметтен жалтарғаны үшін құқықтық жауапкершілігін күшей­ту, құқық бұзушылықтарды жасыруға жол берген әскери қызмет­шілер мен лауазымды адам­дарға қатысты шара­ларды қатаңдату да тәртіп мәселесіне оң әсерін тигізері сөзсіз.

Сонымен бірге әскери тәртіпті нығай­туда жетістікке жеткен командир­лерді ын­таландыру нысандарын әзір­леу, өзге күштік ведомстволармен профи­лакти­калық жұмыстар бойынша тәжіри­бе алмасу да тәрбие саласына оң ықпал етпек.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»