Көрме • 04 Мамыр, 2024

Жеңіс жәдігерлері

96 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше елордада Президент­­­­тік орталық және Н.На­зар­­баев қоры­ның­ ұйымдастыруы­мен­ Халық қаһарман­­дары­­ С.Нұрмағамбетов пен Р.Қош­­­­­қар­баевтың 100 жыл­ды­­ғына арналған айрық­ша көрме ашылды.

Жеңіс жәдігерлері

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

«Атыс қаруы: тапанша тарихы» атты көрмеде Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Отанын қорғаған батырларының ерліктерін баяндайтын материалдар, сондай-ақ Қарулы күштердің қалыптасуы мен дамуы туралы материалдар қойылған. Көрермен назарына ұсынылған жәдігерлердің негізгі бөлігін Президенттік орталықтың жинақтарындағы атыс қарулары құрайды.

Көрме үш бөлімнен тұрады. «Ұлы Отан соғысының батырлары» атты бөлімде соғыс жылдарындағы қазақ жауынгерлерінің ерліктері туралы материалдар жұртшылық назарына ұсынылған. Оның қатарында Рейхстагқа алғашқы болып қызыл туды тіккен Рахымжан Қошқарбаев, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов, майдан даласында ерлікпен шайқасқан жаужүрек ерлер, Кеңес Одағының Батыры атағын екі реттен алған Т.Бигелдинов, С.Луганский, Л.Беда, И.Павлов, сондай-ақ Отанға деген адалдық пен батырлықтың жарқын үлгісін көрсеткен қазақ әйелдері Ә.Молдағұлова, М.Мәме­това және Х.Доспанова туралы деректер бар. Сонымен қатар бөлім­­де гвардияшы-панфиловшы Аяп­бергенов Сағынай Адамұлының жеке архивінен алын­ған материалдар ұсынылған.

«ҚР ПІБ Президенттік орталы­ғы­ның қорынан тапаншалар топтамасы» атты екінші бөлімде Президенттік орталықтың қорынан алын­ған атыс қаруларының түр­лері, атап айтқанда револьверлер­ден қазіргі заманғы атыс қаруларына дейінгі тапаншалар қойылған. Адамзат баласы еңбек құралдарын, содан кейін өткір жүзді және лақтыратын қаруларды жасап үйреніп, олар өмір сүру және азық-түлік өндіру құралына айналды. Инженерлік ойдың, ғылымның және техниканың дамуы қарудың жаңа түрлері – атыс қаруын жасауға ықпал етті. Экспозиция Лефоше, Кольт, Браунинг, Федерле, Стечкин және басқа да көрнекті қару-жарақ құрастырушылардың туындыларымен танысуға мүмкіндік береді. Еуропа, АҚШ, Ресей және Түр­кия­дағы жаһандық қару өндіру­­ші­лердің тапаншалары мен револь­верлері көрме сөрелерінде тұр. Экспонаттар арасында бундель револьвері, Лефоше револьвері және дуэльдік тапаншалар секілді антикварлық үлгілер бар.

п

«Қазақстан Республикасының Қарулы күштері» деп аталатын үшінші бөлім көрермендерді ел әскерінің қалыптасу тарихымен таныса алады. Бұл тарих жылнамасы 1992 жылғы 7 мамырынан бастау алады. Өйткені сол күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Респуб­ликасының Қорғаныс ми­нистр­­лігі етіп қайта құру туралы және Қазақ­стан Республикасының Қарулы күштерін құру туралы Жарлықтарға қол қойылған болатын. Ел армиясы 30 жылдан астам уақыт ішінде өзінің даму тарихын іс жүзінде «таза парақтан» бастап, күрделі жолдан өтті. Әлемдегі кез келген қуатты армия санасатын заманауи күшке айналды.

Айта кетейік, елордадағы Пре­зи­денттік орталықта өтіп жат­қан «Атыс қаруы: тапанша тарихы» аталатын бұл көрме 1 маусымға дейін жалғасады. Қарулы күштеріміздің тарихына қызығушылық танытқан астана тұрғындары мен қонақтарына есік ашық.

Соңғы жаңалықтар