Салмағы 150 келіден асатын тас Наурыз мерекесі аясында көпшілік алдында, дәстүрлі шартқа сай көтеріліп, арнайы тұғырға орнатылды. Осы сәттен бастап ол ресми түрде «Балуан тас» мәртебесіне ие болды.
Іс-шара Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Түркістан облысына Балуан тас сапары» экспедициясының үшінші күні өтті. Ол ұлттық баһадүрлік мұраны жаңғыртуға бағытталған «Қазақ күшінің картасы» мәдени-танымдық жобасы аясында іске асты. Экспедиция жетекшісі, «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының президенті Абылайхан Қалназаров палуанды арнайы осы өңірге алып келген.
Жиын барысында Абылайхан Қалназаров көне дәстүрдің мәнін тарқатып өтті.
«Бұрын ауыл-аймаққа аты шыққан балуан келсе, ел ағалары одан Балуан тас көтеруді өтінген. Бұл рәсім Отырарда соңғы рет өткен ғасырдың 40-жылдары Қажымұқан атамыздың қатысуымен өткен. Одан кейін бұл дәстүр ұмыт қала бастады. Бүгін соны қайта жаңғырту – елдің бірлігі мен күш-қуатының белгісі», деді ол.
Өтінішке жауап ретінде Арман Сүлеймен белгіленген тасты көтеріп, тұғырына қондырды. Көпшілік куә болған осы сәт тарихи рәсімнің қайта жанданғанын айғақтады.
Жиын барысында ерекше құрмет көрсетіліп, Абылайхан Қалназаровтың әкесі Мамырайхан Қалназаров ақсақал палуанға бата беріп, астына ат мінгізді.
«Атам қазақ «Балуан келсе, құт» деген. Мұндай алып күнде келе бермейді. Арман азамат құрметке лайық», деді қария.
Айта кетейік, қазақ даласында, әсіресе оңтүстік өңірде Қажымұқан Мұңайтпасұлынан кейін дәл осындай рәсіммен балуан тас көтеру оқиғасы тіркелмеген. Осылайша араға 80 жылдан астам уақыт салып, ұмыт болған дәстүр 2026 жылғы 20 наурызда қайта жаңғырды. Бұл оқиғаның символдық мәні де зор.
Деректерге сүйенсек, Қажымұқан көтерген тас сандық пішіндес болып, шамамен 30−40 пұт тартқан. Өкінішке қарай, бұл тарихи тас 1969 жылғы су тасқыны кезінде жоғалған.
Тарихи мәліметтерде айтылғандай, Қажымұқанның Шәуілдірдегі ерлігі ел аузында аңыз болып қалған. Қартайған шағында да ол ауыр тасты еш қиналмастан көтеріп, бірнеше қадам жерге лақтырғаны туралы дерек бар. Бұл оның қайраты мен әзілге жақын, мәрт мінезін айғақтайтын ерекше оқиға ретінде бағаланады.
Ал бүгінгі жаңғырған рәсім – сол дәстүрдің жалғасы, ұлттық күш мәдениетінің қайта жаңғыруының айқын көрінісі.
