Балалар • 03 Мамыр, 2024

Оқушылардың жазғы демалысына дайындық

39 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Оқу жылының аяқталуына бір айға жуық уақыт қалды. Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдіктері балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша қызу жұмыс істеуде. Әр өңір бойынша іс-шаралар жоспары Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңестерде қаралып жатыр.

Оқушылардың жазғы демалысына дайындық

Фото: freepik.com

Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, 1-10 сынып аралығындағы оқушылар саны 3,1 млн-нан асады. Сала олардың 88%-ын белсенді жазғы демалыспен қамтуды жоспарлап отыр. Өңірлерде балалардың тізімі түгенделіп, лагерьлердегі орындар әзірленіп жатыр. Бірінші кезекте он­дағы санитар­лық талаптардың сақталуына мән берілмек. Жалпы, балалар үшін жыл бойы қызмет ететін, маусымдық және мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс істейді.

Сонымен қатар биыл ай­мақ­тарда қанатқақты режімде бірнеше жаңа жоба жүзеге асырылмақ. Мәселен, Қарағанды облысында IT-лагерь ашу жос­парланып отыр. Өңір әкімінің орынбасары Ерлан Құсайынның сөзінше, Теміртаудағы жоғары политехникалық колледж базасында 100 бала демалыстан бөлек, ІТ мамандықтың қыр-сырымен таныспақ. Алдағы уақытта бұл тәжірибені кеңейту жағы да қарастырылып жатыр.

Ал Шығыс Қазақстан облысында «Қонақжай отбасы» жобасы қолға алынған. Жоба аясында 120 бала үшін Катон-Қарағай, Глубокое аудандары мен Риддер қаласында танымдық іс-шаралар ұйымдастыру көзделген.

«Балалар ауылдық жер­дегі отбасыларда уақытша қо­ныстанады. Ондағы ата-ана­лардың бірі педагог болуы керек. Сондай-ақ балаларға қажет­ті бөлек бөлмесі, санитарлық талаптардың сақталуы жіті қадағаланады. Жобаға қаты­сатын отбасыларға арнайы ақы қарастырылған. Отбасылық лагерьде балаларға ауылдың тұрмысы, салт-дәстүріміз бен мәдени мұраларымыз таныс­тырылып, тарихи орындар көрсетіледі»,  деді облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов.

Ұлттық дәстүрді дәріптеуді Павлодар облысында этнолагерьлер ұйымдастыру арқылы қолға алуды мақсат етіп отыр.

«Өңірлердегі үздік тәжі­рибелерді кеңінен тарату жағын қарастыру керек. Біз үшін ең маңыздысы – лагерьге баратын балалардың қауіпсіздігі. Сондықтан мүдделі мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдіктер бұл істе бірігіп жұмыс істеуі керек. Демалыстан, сауықтырудан бөлек, балалардың жан-жақты дамуына қатысты шаралардың мазмұнына баса мән берген жөн. Оқу-ағарту министрлігі бұл жұмысты тұрақты бақылауында ұстауы қажет. Ата-аналарға ұсынылатын жазғы демалыс түрлері бойынша ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізген жөн», деп атап өтті Т.Дүйсенова.

Айта кетейік, елдегі су тас­қынына байланысты бірқатар өңірдің оқушылары уақытша оқу-сауықтыру орталықтары мен балалар лагерьлеріне орналастырылды. Қазіргі таңда 651 балаға демалыс орындарында тұруға, тамақтануға, оқуға барлық жағдай жасалған.