Әдебиет • 30 Сәуір, 2024

Анкарада Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы атап өтілді

69 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі Анкара қаласында көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы шымылдық ашқаны туралы хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Анкарада Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы атап өтілді

Суретте: Анкарада өткен іс-шара көріністері

 

 

«ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раевтың қолдауымен өткен ауқымды іс-шара конференциядан бастау алды. Конференция барысында Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Оңалбекұлы екі елдің мәдени қарым-қатынасын дамыту деңгейі артқанын айтты. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов әдеби мұраны бауырлас мемлекеттерде дәріптеудің маңызына тоқталды.

Іс-шарада сөз алған Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым ұйымдастырушыларға алғыс айтып, өңір басшысы Марат Елеусізұлының жылы лебізін жеткізді.

«Екі елдің арасында мәдени ынтымақтастықты дамыту мақсатында «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымымен бірлескен жұмыс жоспары жасалған. Соның аясында қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде атап өтілді. Аталған ұйымның қолдауымен маңызды халықаралық жоба қолға алынып отыр. Ол – Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романының жазылғанына 40 жыл толуына байланысты, тамаша туынды түрік тіліне аударылды. Осы іспеттес игі шаралардың басынан табылған әрбір азаматқа алғыс білдіремін», деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ерғалиұлы.

р

Мерейтой аясында халқымыздың руханиятына өшпес мұра қалдырған жазушының жеке заттары, кітаптары және экспонаттар қойылған көшпелі көрме ұйымдастырылды. Көрмеде Кеген аудандық тарихи-өлкетану музейінің негізгі қорында сақталған Бердібек Соқпақбаевтың қолшатыры, сағаты, отбасылық суреттері және тағы басқа да заттары көпшілік назарына ұсынылды.

Түркияның төрінде өткен мәдени-әдеби іс-шарада ҚР еңбек сіңірген әртісі, дәулескер күйші-композитор Секен Тұрысбектің жетекшілігімен «Ақжауын» камералық оркестрі өнер көрсетті. Концертте қазақ композиторларының туындыларымен қатар түрік елінің әуезді әуендері мен әндері орындалды.

Түрік жұрты қарымды қаламгердің шығармаларымен танысып, тәтті күй тыңдап, қазақтың музыка өнерін тамашалады.

е

 

 

Алматы облысы