
Аталған бағыттағы ауқымды жұмыстардың барысын көпшілікке құлағдар ету мақсатындағы іс-шаралар да белсенді жүріп жатыр. Бүгінде облыстың алты ауданында 971 тұрғын үй техникалық тексеруден өтіп, 356 үй тұруға жарамсыз деп танылған. 615 үйдің жөндеуге келетіні анықталып отыр.
Арнайы комиссия мамандары Қостанай қаласының іргесіндегі саяжай бірлестіктерін де аралап, онда тұрып жатқан 97 отбасының үй-жайын техникалық тексерістен өткізіп жатыр.
26 сәуірде Қостанай қаласы әкімінің міндетін атқарушы Алмат Исмағұлов қала шетіндегі сайда орналасқан «Колесные ряды» шағын ауданының тұрғындарымен кездесіп, табиғи апаттан келген шығынды өтеу тетіктері мен арнайы бағалау комиссияларының жұмыс тәртібін түсіндірді. Тасқын судан келген материалдық шығынды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия облыс орталығында 8 сәуірден бері күн сайын жұмыс істеп жатқанын айта кету керек.
Арнайы комиссияның мәліметінше, қала әкімдігі бүгінге дейін қала шетіндегі немесе саяжай аумағындағы жалғыз баспанасын су басқан 210 отбасынан өтінім қабылдап алған.
Ал Қостанай ауданында су кірген 97 үйдің 55-і тексерілген. Қазір тұрғын үйлердің жөндеуге келетін-келмейтіні анықталып, бағалау жұмыстары жүріп жатыр. Өңірде 14 сәуірден бері белсенді жұмыс жүргізіп жатқан қоғамдық штаб өкілдері де тасқын судың зардабын тартып отырған елді мекендерді аралап, халықтың тұрмысымен танысып, өңірде қолға алынып жатқан оңалту шараларының тәртібі мен ретін түсіндіріп жүр.
«Қоғамдық штаб су тасқыны болған Қостанай, Арқалық қалаларында, Қостанай, Амангелді, Жангелдин аудандарында белсенді жұмыс істеді. Штаб құрамында мәслихат депутаттары, жастар, қоғам белсенділері, жергілікті кәсіпкерлер, заңгерлер, дін қызметкерлері, құқық және қаржы саласының мамандары бар. Мақсат – табиғи апаттың зардабын жою, елдің қалыпты тіршілігіне оралуына көмектесу жұмыстарының барысы жөнінен халықты хабардар ету. Бүгінге дейін шамамен 132 елді мекенде кездесу ұйымдастырылды. Шамамен 1 600 адаммен кездестік», дейді облыстық қоғамдық штабтың төрағасы Батырбек Ахметов.
Оның айтуынша, халықпен кездесу барысында қоғамдық штаб өкілдері тұрғындарды көбірек мазалайтын көкейкесті мәселелердің тізімін жасаған. Апат зардабын тартып отырған тұрғындар үй-жайын қалпына келтіруге бөлінетін қаржының ретін, жоғалған құжаттарын ресімдеу жайын, газ, жарық, ұялы байланыспен қамтамасыз ету мәселесін, мал шығынын өтеу, жол жөндеу жайын көбірек қозғаған. Штаб өкілдері тұрғындардың сауалына орнықты жауап беріліп, қажет болған жағдайда құқықтық кеңес беру, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады.
Қостанай облысы