Қоғам • 26 Сәуір, 2024

Ассамблеяның қайырымдылық құндылықтарын ілгерілетудегі рөлі орасан - сарапшы

332 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттық статистика бюросы ұсынған кейінгі деректерге көз жүгіртсек, Қазақстан халқының саны - 20 075 271 адам. Оның ішінде 71 пайызға жуығы қазақ ұлты болса, 29 пайызы - өзге этнос өкілдері. Түрі бөлек болғанмен тілегі бір тұрғындар тарихи сүреңдерді артқа қалдырып, бүгінгі күнге дейін тату ғұмыр кешіп келеді. Бейбітшілік пен бірліктің үздік үлгісін көрсеткен Қазақстан халқы қиналғанға қол ұшын созып, далаға дәуірлерден жеткен «тыныштық үнін» үзген емес, деп жазады Egemen.kz.

Ассамблеяның қайырымдылық құндылықтарын ілгерілетудегі рөлі орасан - сарапшы

Фото: gov.kz

Халықтар арасындағы ажырамас ынтымақ жібін жалғап жатқан керемет келбет – қайырымдылық. Ұлы мекенде ұрпағымен өсіп-өніп отырған өзге этнос өкілдері ерлер етігімен су кешкен тасқынға тосқауыл ісінде де бір екендігін байқатты. Бұл туралы күні кеше өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша атап өтті.

«Тасқын басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатыр. Оған бүкіл ел куә. Жұртқа жан-жақты көмек беру үшін дереу Ассамблеяның республикалық және аймақтық штабтары құрылды. «Жүректен жүрекке» деген ауқымды акция жүргізіліп жатыр. ...Олар қайырымдылық және гуманитарлық көмек жинауға жұмылды. Сондай-ақ жұртты қатерден хабардар етуге және қауіпсіз жерге көшіруге атсалысты. Мұның бәрі – өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі», деді Президент.

Асылында да Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Жұдырықтай жұмылып атқарылған еңбектің арқасында келген нәтижелер туралы «Қазақстандық қоғамдық даму институтының» сарапшысы Бауыржан Серікбаев пікір білдірді.

«Қайырымдылық - ата-баба жолымен бойымызға сіңген ұлттық құндылықтарымыздың бірі. Асарлатып үй салу, үлкен шаруаны ағайын-туыспен бірлесе көтеру, қиындық келсе өзара көмекке асығу - дәстүрімізде бар асыл қасиет. Су тасқынының алдын алу, зардап шеккен аймақтарға көмек қолын созу ісінде біз Қазақстан халқының мызғымас бірлігінің куәсі болдық. Еліміздің барлық аймағынан жиналған гуманитарлық көмек зардап шеккен аймақтарға толассыз жіберіліп жатыр. Он мыңдаған еріктілер ағайынға көмекке асықты. Мемлекет шұғыл түрде мәселені қолға алып, 100 мыңнан астам ел азаматы қауіпсіз аймаққа көшірілді. Бұл - ел болып жұмыла көтерген бірлігіміз бен ынтымағымыздың, бойымызға бабалардан сіңген қайырымдылық қасиетіміздің көрінісі. Мұндай ұйымшылдық, қайырымдылық сынды қасиеттеріміз халқымызды біріктіріп қана қоймай, ел мүддесі жолында өзара ынтымақ танытып, еңбек етуге бастайтын құндылығымыз. Бұл істе Ассамблеяның да атқарып жатқан еңбегі орасан», деді Бауыржан Серікбаев.

зз

Ұлт тұтастығы тұғырын нығайту жолында Ассамблея жүйелі шаралар ұйымдастыруды мақсат тұтқан. Елдегі этнос өкілдері жекелей шаралармен бірге, қазақ халқының ұлттық мерекелерін де тойлауға ықыласты.

«Жыл сайын біз Қазақстан халықтарының бірлігі күні мейрамын атап өтеміз. Одан бөлек Әз-Наурызымыз да ортақ мереке ретінде тойланатын, барша халқымызбен бірлесе атап өтетін мейрамымызға айналып келеді. ҚХА-ның еліміздің барша өңірлерінде «Достық» үйлері нәтижелі, елге пайдалы бағытта жұмыс істеп жатыр. Бұл халқымызды біріктіретін, бір мүддеге жұмылдыратын жақсы үрдістер», деді «Қазақстандық қоғамдық даму институтының» сарапшысы.

Айта кетсек, Ассамблея мүшелері «Қайырымдылық керуені» жобасы арқылы мұқтаждың жоғын түгендеп, қолдау көрсету үрдісін қалыптастырған. Кейінгі күрделі кезең - су тасқыны салдарын жоюда да Ассамблея атқарып жатқан шаралардың маңызы зор.

«Су тасқыны басталғалы бері зардап шеккен аймақтарға Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен 770 миллион теңгенің гуманитарлық көмегі жіберілді. Республика бойынша 12 мыңнан аса ҚХА еріктілері ауыл-ауылды аралап, халықпен бірге болып, көмек қолын созды. Ассамблеяның республикалық, өңірлік штабтары құрылып, белсенді жұмыс істеді. Бұл өте жақсы үрдіс. Еліміздің бір екенін көрсететін, халқымыздың ынтымағын білдіретін маңызды шаралар. Отанымыз өсіп-өркендеуі үшін барша халқымыздың бірлігі мен ынтымағы аса маңызды. Еліміздің бірлігі мығым, халқымыздың ынтымағы мықты болса, кез келген қиындықты еңсеріп өтеміз», деп түйіндеді Бауыржан Серікбаев.