Алматы • 26 Сәуір, 2024

Алматыда жаңа жағалау салынып жатыр

96 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда жаңа әрі ыңғайлы демалыс аймағы пайда болады. Дәлірек айтқанда, Наурызбай ауданында «Алматы - біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында 7,7 шақырымға созылып жатқан «Қарғалы» өзенінің жағалауы қайта жаңғыртылып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматыда жаңа жағалау салынып жатыр

Фото: Максим Золотухин

Аталған науқанның үшінші аптасы «Біздің қала – біздің таулар, өзендер мен көлдер» ұраны аясында өтіп жатқанын айта кету керек. Апта ішінде жағалаулар мен су айдындары, саябақтар, скверлер мен тау бөктері тазартылады.

Қарғалы жобасының мақсаты - аймақтың экожүйесін сақтай отырып, қала тұрғындарының демалуы үшін неғұрлым ыңғайлы әрі тартымды орта жасау.

Мұнда өзен арнасын тазартып, серуендеу аймағын құру жоспарланып отыр, 3 мыңға жуық ағаш отырғызылады. Сондай-ақ көпжылдық гүлдер мен шөптердің гүлзары, қылқан жапырақты және жапырақты ағаштар мен бұталар егіледі. Жалпы ұзындығы 2,7 шақырымға жететін суармалы су құбыры тартылады.

Одан бөлек, ұзындығы 4,3 шақырым болатын 196 жарық бағанасы орнатылады. Келушілердің жайлылығы үшін 135 орындық пен қоқыс жәшігін қою жоспарда бар.

щ

«Жобаның маңызды бөлігі - балалар мен спорт алаңдарын, жаяу жүру жолдары мен өзен жағасында демалу мүмкіндігі бар жаңа қоғамдық кеңістік құру. Әткеншек, сырғанақ және өрмелеу сияқты ашық ойын элементтері балалардың моторикасы мен физикалық белсенділігін арттырады. Балаларға арналған құмсалғыштар мен су аймақтарын, сондай-ақ ата-аналарға арналған орындықтары мен үстелдері бар демалыс аймағын құру жоспарланып отыр. Түрлі ерекшелігі бар балалар үшін де ойын алаңдарында инклюзивті элементтер қойылатынын атап өткен жөн», делінген әкімдік хабарламасында.

щ

Қала әкімдігі хабарлағандай, құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қараша айына дейін аяқталады.

ш