Таным • 25 Сәуір, 2024

Ғалам ғажаптары: «Бірің өліп, бірің қал»

43 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бокс тарихындағы ең ұзаққа созыл­ған айқас 12 раунд деп ойла­саңыз, қатты қателесесіз. Бұрын­дары жекпе-жек екі спортшының бірі жеңіл­генше жалғасқан.

Ғалам ғажаптары: «Бірің өліп, бірің қал»

Әлемдік бокс тарихында ең ұзаққа созыл­ған айқас 1893 жылы 6 сәуірде Жаңа Орлеан қаласында болған. Жеңіл сал­мақ­тағы қос боксшы Энди Бауэн мен Джэк Бюрук Американың Оңтүстік штатта­рының чемпиондығына таласыпты. Бәсеке 110 раунд­қа созылған. Оны уақытқа шаққанда – 7 сағат 19 минут. Ақырында екі боксшы да әбден шаршап, бір-біріне жұдырық сілтеуге шамалары келмей қалғандықтан, төреші жұдырықтасуды тоқтатуға мәжбүр болған. Бір жарым айдан кейін екі боксшы қайта жұдырық­тасып, 85 раундқа созылған жекпе-жекте Энди Боуэн жеңіске жеткен.

 

Рекорд үшін жан пида

авп

1965 жылдың 1 маусымында аме­рикалық журналист Роберт Мэнри жұрттың көбі бара бермейтін бір істі қолға алды. Ол көлемі кәдімгі балықшының жел қайығындай-ақ кішкене желкенді қайықпен Атлант мұхитынан 78 күнде жүзіп өтті.

Батыл журналист Америкадағы Фолмут портынан шығып, дауылды-толқынды күнді бастан кешіріп, 5 мың шақырымнан астам сапар шекті. Үйдей толқындар оны аядай қайығынан бес рет ұшырып, тұңғиыққа атты. Бірақ Мэнри борттағы берік арқанды белінен шандып қою арқылы апаттан аман қалып отырды. Газет редакциясынан кетерде ол өз бастығына «Алаң болмандар, 29 тамызда кешкі сағат бесте өз міндетімді орындап, қайтып келемін» деген екен. Шынында да Мэнри уәдесінде тұрып, межелі уақытта жұмыс орнынан табылды.

 

Алтын тапқандай

см

Алғашқы жазғы Олимпия ойындары 1896 жылы Грекияның Афи­на қаласында өткені белгілі. Бұл бай­рақты бәсекенің қаһарманы Спири­дон Луис болды.

Мінбедегі жұрт марафонда жарыс­та кімнің бағы жа­нарын тағатсыздана күтіп отырды. Ашық көк түсті жейде киген грекиялық Спиридон Луис қара үзіп шықты. Патша І Джорж мінбеден түсіп, жеңімпаздың алдынан шықты. Бір қызығы, бұл жолғы Олимпия ойын­дарында алтын алқа болмады. Бас жүлде иегерлеріне күміс алқа берілді. Бірақ жеңім­паз Луис өзінің «алтынына» аулына барған соң қол жеткізді. Ғашығының ауқатты әкесі біраз уақыт бұрын кедей пошта тасушыны қуып шыққан болатын. Ал Олимпиададан кейін чемпионның сүйіктісіне үйлену тойы өтті.