Президент • 25 Сәуір, 2024

Президент Ассамблея құрылымына жастарды көбірек тартуды ұсынды

52 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту қажет екенін, оның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу керек екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Ассамблея құрылымына жастарды көбірек тартуды ұсынды

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

«Ассамблея барлық деңгейдегі мекемелермен түрлі бағытта серіктестік орнатып, басқаларға үлгі болуға тиіс. Жергілікті атқарушы органдармен және мәслихаттармен жұмыс жүргізу үшін тиімді тәсілдер табуға баса мән берген жөн. Әкімдер күнделікті туындайтын көптеген мәселемен айналысады. Олардың жұмысы өте көп, бұл – түсінікті жағдай. Бірақ ел бірлігін нығайту – айрықша маңызды міндеттің бірі. Оны ешқашан назардан тыс қалдырмау керек», деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы жылдары Ассамблеяның қызметі айтарлықтай өзгеріп, қоғамдағы аса маңызды институтқа және этномәдени бірлестіктердің бас штабына айналды.

«Менің тапсырмаммен аймақ басшылары кемінде екі айда бір рет Ассамблея өкілдерімен бірге этносаралық ахуалға қатысты жиналыс өткізеді. Ассамблеяның негізгі іс-шараларына облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдері тікелей өздері қатысуға тиіс. Мен мұны орынбасарға ысыра салуға болмайтынын нақты ескерттім. Өзгелердің, әсіресе, Парламенттің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының дәл осылай жасағаны абзал», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай ақ Президент Ассамблея мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысуы керек екенін айтты.  

«Сондықтан оның ғылыми-сараптамалық әлеуетін дамыту қажет. Этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтауға және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән берілуге тиіс. Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының мамандары этномедиацияға қатысты жұмысты қолға алды. Оның ауқымын кеңейтіп, бұл тәжірибені Ассамблеяның барлық ұйымдарына тарату қажет», деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту керек. Ең алдымен, Ақсақалдар кеңесі және Аналар кеңесі сияқты тиімді құрылымдарды дамытқан ләзім. Министрліктер және әкімдіктер олардың қызметіне қолдау көрсетуі қажет. Арнайы гранттар бөліп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар беруі керек.

«Жастар Ассамблея қызметіне тың серпін әкеледі. Сондықтан Ассамблея құрылымдары мен этномәдени бірлестік басшыларының бір орынбасарын жастардан тағайындауды ұсынамын. Орталық және жергілікті органдар Ассамблеяның жастарға, әсіресе, волонтерлерге қатысты жобаларына жан-жақты қолдау көрсетуі керек. Мұндай жобалардың тізімін жасаған жөн», деді Мемлекет басшысы.