Қоғам • 24 Сәуір, 2024

Ұландықтар су басқан өңірлерге 140 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жеткізді

120 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы 4300 метр болатын төрт учаскесінде су тасқыны тіркелді. Жалпы ұзындығы 463 км Ақтөбе, Атырау, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында республикалық маңызы бар 8 автомобиль жолының учаскелерінде қозғалыс шектелген, деп жазады Egemen.kz.

Ұландықтар су басқан өңірлерге 140 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жеткізді

Жоғарыда аталған су басқан аудандардың тұрғындарына гуманитарлық көмек қажет, атап айтқанда ауызсу, нан, гигиеналық құралдарға шұғыл қажеттілік бар. Мұнда ҚР Ұлттық ұланының әскери қызметшілері – ұшақтар мен тікұшақтардағы ұшқыштар халыққа көмекке келді. Ұшқыштар басқа аймақтардың тұрғындары, корпорациялар, сондай-ақ көрші мемлекеттерден жиналған 140 тоннаға жуық гуманитарлық жүкті жеткізді. Өз кезегінде, ұландықтар 600 тоннадан астам жүк түсірді. Гуманитарлық көмектің негізгі бөлігі Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына жіберілді.

Бүгінгі күні әскери қызметшілер полиция қызметкерлерімен және құтқарушылармен бірлесіп су тасқыны салдарын жоюды жалғастырып жатыр. Сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шаралар мен авариялық-құтқару жұмыстары, еріген суларды айдау, инертті материалдары бар қапшықтарды төсеу, су айдындарының жағалауды нығайту жұмыстары, каналдар мен арық жүйелерін тазарту, адамдарды қауіпсіз орындарға эвакуациялау жүргізіліп жатыр.

Мәселен, Атырау облысында 5546 (Атырау қ.) және 5451 (Қарағанды қ.) әскери бөлімдерінен 600-ге жуық құқықтық тәртіп әскері тартылды. Бұдан басқа, 6506 әскери бөлімінің (Шымкент қ.) 300 әскери қызметшісі және 5547 әскери бөлімінің (Қызылорда қ.) жеке құрамының 200 адамы Батыс Қазақстан облысында жағалауды нығайту жұмыстарына, қапшықтарды дайындауға және салуға көмектеседі. Сонымен бірге 5517 әскери бөлімінің (Орал қ.) 80 әскери қызметшісі патрульдік-бекеттік қызмет атқарады. Тағы 300-ге жуық сарбаз су тасқынына қарсы іс-шараларда жергілікті халыққа көмек көрсетіп келеді.

Ұландықтар су басқан аумақтарда күндіз-түні тынбай көмек көрсетіп жүр. Қауіпсіздік мақсатында сарбаздар азаматтарды су басқан үйлерге жібермейді. Әскери қызметшілер тонау әрекеттерін болдырмау үшін бар күшін салады.

Су тасқыны салдарын жоюға Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының қалалары мен кенттерінде 6697 (Қостанай қ.) және 6637 (Петропавл қ.) әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері, ҚР Ұлттық ұланы Академиясының курсанттары белсенді қатысады. Оларға елордалық жедел бригаданың тәртіп сақшылары көмекке жіберілді. Солтүстік аймақтардағы Ұлттық ұланның күштер тобы 400-ден астам адамды құрайды.

Жалпы, су басқан өңірлерде салдардың алдын алу және жою үшін полицейлермен, құтқарушылармен және еріктілермен бірлесіп су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысатын 3000-нан астам Құқықтық тәртіп әскері тартылды. Ұландықтар 120-дан астам автокөлік техникасын пайдаланады, 1769 адам эвакуацияланды, 1 миллион 101 мың қап дайындалып, төселді.

gg

hh