Инвестиция • 18 Сәуір, 2024

Инвестицияны игерген бұршақ фабрикасы

38 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қостанай облысында өткен жылы шетелдік компаниялардың қатысуымен 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.

Инвестицияны игерген бұршақ фабрикасы

Шетелдік инвесторлар негізінен машина жасау саласына, егіншілік пен мал шаруашылығына қаржы салуға ниетті. Өңірде іске асқан ірі жобаның бірі – құны 50 млн доллар болатын бұршақ дақылдарын өңдейтін фабрика.

Былтыр күзде ғана Түркия­­ның «Arbel» халықаралық хол­дин­гі­нің қаржысына салынған фаб­рика отандық өнімді халық­ара­лық нарыққа шығару­мен қатар, бүгінде өңірдегі бұршақ дақылдары алқабының кеңейе түсуіне де едәуір серпін бе­ріп отыр. Облыстық ауыл шаруа­шы­­лы­ғы басқармасының мәліметін­ше, биыл шаруашылықтар­­дың көбі алқабының едәуір бөлі­гіне бұршақ тұқымын себуді жоспарлап отыр.

«Kaizen» ЖШС бұршақ, ноқат, қызыл және жасыл жасымық тәрізді бұршақ дақылдарын өңдейді. Шикізатты Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе облыстарынан сатып алып отыр. Алайда аталған өңірлер фабриканың сұранысын жеткілікті түрде өтей алмайтынын да айта кету керек. Сондықтан «Kaizen» ЖШС жергілікті аграрлық компаниялардың бұршақ өсіруге деген ынтасын арттыру жағын қарастырып жатыр. Фабрика қазірдің өзінде бірқатар шаруашылыққа көмек ретінде Түркиядан тұқым жеткізіп береді. Кәсіпорын алдағы уақытта Канададан бұршақ дақылдарының тұқымын, Солтүстік Америкадан жасыл және қызыл жасымық тұқымын алдыртпақ. Тәулігіне 520 тоннаға дейін өнім өндіре алатын кәсіпорында 50 адам жұмыс істеп жатыр. Өнімінің көбін шетелге экспорттап жатқан өндіріс орны алдағы үш жыл ішінде тауар айналымын 170 млн доллаға жеткізуді жоспарлап қойған.

«Әзірге жылына 170 мың тонна өнім шығарамыз. Негізінен Ауғанстанға бұршақ жөнелтіп жатырмыз. Кәсіпорын өндіріс қуатына толық көшкен соң, Үндістан, Бангладеш, Оңтүстік Африка, Иран, Түркия, сондай-ақ Шығыс Азия елдеріне өнім жіберуді көздеп отырмыз. Өкінішке қарай, бүгінге дейін елімізде бұршақ өсіруге аса мән берілмей келді. Біздің алдымызда осы кемшіліктің орнын толтыру міндеті тұр. Бұршақ дақылын барынша насихаттауға тырысамыз. Шикізатты қазір бүкіл Қазақстан аумағынан сатып алып жатырмыз. Ең бастысы, отандық шикізатты өңдейміз, бұл сол шикізатты өсіріп жатқан жергілікті шаруаларға да жақсы. Олар өздері өсірген өнімді лайықты бағамен сатып алатын нақты кәсіпорынның бар екенін біле бастады. Сондықтан шамасы жеткендері алқабын әртараптандырып, ертең бұл өнімді өткізе алам ба деп алаңда­май бұршақ өсіруге ден қойып жатыр», деді бұршақ дақылдарын өңдеу фабрикасының директоры Нұрлан Есетов.

Кәсіпорынның 9 мың тонна шикізат сыятын қоймасы бар. Биыл тағы осындай мөлшерде шикізат сақтайтын жаңа қойманың құрылысы аяқталады. Қазір өндіріс орнында 50 адам жұмыс істеп жатыр. Жаңа қойма пайдалануға берілген соң, қосымша тағы 20 жұмысшы қажет болады. Кәсіпорын өзіне жүктеліп отырған әлеуметтік міндетті де жете сезінеді. Өйткені өзі де мемлекет тарапынан үлкен қолдау көріп отыр.

«Мұндай ілкімді жоба Қостанай облысының әкімдігі мен «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының өңірлік өкіл­дігінің көмегімен іске асырылғанын айта кету керек. Облыс әкімдігі инфра­құ­ры­лымды дамыту тұрғысынан үлкен кө­мек көрсетті. Жол салды. Газ құбы­рын тартып берді. Кәсіпкерлік аясын ке­ңейтіп жатқан шетелдік компания­лар үші­н кез келген елде мұндай қо­лайлы инвес­тициялық жағдай жасала бер­мейді. Мұны біз жақсы түсінеміз және Қазақ­стан экономикасының дами түсуі­не өз үле­сі­мізді қоса алатынымызға сенім­ді­мін», дейді «Kaizen» серіктестігінің басшы­сы.

Өңірге шетелден, сонымен қатар елі­міздің өзге де өңірлерінен инвестиция тар­тумен айналысатын «Kazakh Invest» ұлт­тық компаниясы өңірлік өкілдігінің ди­ректоры Роман Теңізбаевтың айтуынша, аталған жобаның жүзеге асырылуына Қа­зақстан мен Түркия елшіліктерінің ынты­мақты қарым-қатынасы да көп ықпал еткен.

«Алдын ала көптеген екіжақты келі­сім­, жиын, кездесу өтті. Біз өз тарапымыздан инвесторға қандай мемлекеттік қолдау көрсетілетінін түсіндірдік. Одан кейін Түркиядан арнайы делегация келіп, облыс басшылығымен, жергілікті фермерлермен кездесті. Индустриялық аймақты аралап көрді. Нәтижесінде, өздеріңіз көріп тұрған бұршақ өңдеу фабрикасы іске қосылды. Инвесторлар браунфилд немесе гринфилд тәсілін таңдауға ерікті. Басқаша айтқанда, бұрыннан тұрған өндіріс ғимараттарын қажетіне жарата алады немесе жер телімі беріледі. Қаласа, дайын алаңмен қамтамасыз ете­міз. Индустриалды аймақтың инфра­құрылымы түгелдей облыстық бюд­жет есебінен жасалды. Инвестор үшін оның бәрі тегін әрі қолайлы. Мұның сыртында, біздің тарапымыздан, сондай-ақ жергілікті атқарушы билік тарапынан барынша қолдау көрсетіледі. Қостанай облысы шекаралық аймақта жатқандықтан тұтыну нарығы 25 млн адамнан жоғары. Бұл да инвестор үшін өте тиімді. Білікті мамандар да оңай табылады. Сондықтан бізде қазір Ресей, Түркия, Қытай, Өзбекстан секілді көптеген елден келген инвесторлар жақсы жұмыс істеп жатыр», дейді Роман Теңізбаев.

«Kazakh Invest» ұлттық компаниясы мамандарының айтуынша, бүгінде өңір эконо­микасының түрлі саласында елуден астам жоба жүзеге асырылып жатыр. А­қ­пан айында құрылған өңірге инвестиция тарту жөніндегі кеңес те аймақ экономикасына қан жүгіртетін құрылымға айнал­мақ. Кеңес құрамына прокуратура, ұлт­тық қауіпсіздік органдары мен мем­ле­ке­ттік кіріс қызметкерлері, сондай-ақ жер­г­і­лікті атқарушы орындардың өкілдері кіреді.

«Кеңестің басты міндеті – әкімшілік ке­дергілерді жоюға және өңірге инвес­ти­ция­лар тартуға мүдделі мемлекеттік ор­ган­дардың жұмысын үйлестіру. Соны­мен қатар инвестициялық жобаларды іске асыру барысында туындайтын қиын мәселелер мен кейстер талқыланады. Олар­ды шешу үшін ұсыныстар әзір­ле­неді», дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму бас­қар­масының бөлім басшысы Наурыз Бай­жа­нов.

 

Қостанай облысы