Халық • 15 Сәуір, 2024

Күшіміз – бірлікте! Шығыстан көмек жөнелтілді

36 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ағайынның басына күн туса, қашанда демеу болатын халықпыз. Еліміздің бірқатар өңірін су басты деген хабар көпшілікті алаңдатты. Баспанасыз қалған халыққа жер-жерлерден көмек жинау басталды. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы да бар.

Күшіміз – бірлікте! Шығыстан көмек жөнелтілді

Фото: dalanews.kz

Күні кеше Шығыс Қазақстанның жұрты судан зардап шеккен Солтүстік Қазақстан облысына гуманитарлық көмек жөнелтті. Бірнеше күн бұрын Достық үйі мен өңірлік волонтерлер фронт-офисі қаладан екі бекет ашып, бір апта ішінде 20 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жинады. Көмек көрсетуге жастар және волонтерлік ұйымдар, этномәдени бірлестіктер, кәсіпкерлер, жоғары оқу орындары мен облыс тұрғындары белсене қатысты.

– Тілсіз жаудан зардап шегіп жатқан тұрғындардың жағдайы жанымызға батты. Баспанадан, мал-мүліктен айырылу – оңай емес. Табиғаттың тосын мінезінен зардап шегіп жатқан өңірлерге аз да болса, қолұшын берейік деп «Жүректен – жүрекке» атты акция бастаған едік. Бүгін Солтүстік Қазақстан облысына гуманитарлық көмек жіберіледі. Тұрғындардың көмегімен 20 тоннаға жуық азық-түлік, төсек-орын, басқа да қажетті заттар жиналды, – дейді ШҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы «Teatr-all» жастар театрының көркемдік жетекшісі Назерке Айдынова.

Көмек жинауға облыстың мемлекеттік мекемелерінен бөлек басқа да азаматтар, кәсіпкерлер атсалысты. Мәселен, Күршім, Алтай аудандарының тұрғындары азық-түлік жеткізсе, «Normal Nomad» ЖШС 5 тонна ұн бөлген. Ал Халифа Алтай облыстық мешіті көмек беріп қана қоймай, гуманитарлық заттарды жеткізу үшін арнайы көлікпен де қамтамасыз етті.

– Қаржылай қолдау көрсеткен кәсіпкерлер де болды. Осы орайда қолұшын созған барлық өңір жұртына шын жүректен алғыс айтқым келеді. Бүгін Шығыстан көмек жөнелтіледі. Бірақ біз осымен гуманитарлық көмек жинауды тоқтатпаймыз. Себебі төтенше жағдай жарияланған өңірлерге әлі де көмек керек. Оларға қолымыздан келгенше азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен қолдау көрсетіп, қиын шақта демеуіміз керек. Біріксек қана барлығына төтеп береміз, – деді штаб төрағасы Равиль Юнусов.

Көмек қолын созуда облыстың университеттері де қалыс қалған жоқ. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан универ­ситетінің ұжымы су басқан өңірлердің тұрғындарына біркүндік жалақыларын аудару туралы шешім қабылдады. Айта кетейік, ШҚУ-да мыңға жуық адам еңбек етеді. Бұған дейін оқу орны ұжымы Ақтөбе облысына гуманитарлық көмек жөнелткен. Атап айтсақ, азық-түлік, суды тазартатын сүзгілер, гигиеналық заттар, тұрмыстық химия, дәрі-дәрмектер, көрпе-жастықтар бар.

Ал Қазақ-Америка еркін университеті ұжымы Қостанай облысының тұрғындары үшін гуманитарлық көмек жинады. Олар облыстық еріктілер фронт-кеңсесіне зардап шеккен тұрғындарға қажетті-ау деген заттарды сатып алып, тапсырды. Мысалы, жаңа төсек-орын жинақтары (жастықтар, көрпелер, матрастар), сүлгілер, ыстық тамақ термостары, тұрмыстық керек-жарақтар және басқа заттар.

– Біздің университетте қиын жағдайға тап болғандарға қажетті қолдау көрсетуге әрқашан дайын. Өткен жылы табиғи өртпен күрескен кезде ҚАЕУ-де Абай облысына гуманитарлық жүк жиналып, жөнелтілді. Бүгін облыстық еріктілер фронт-кеңсесіне су тасқынынан зардап шеккендер үшін барлық қажетті заттарды тапсырды. Гуманитарлық көмек Қостанай облысына жіберіледі, – деді ҚАЕУ жастар саясаты жөніндегі проректоры Наталья Уразова.

Иә, жоғарыда айтып өткендей гуманитарлық көмек жинау жұмыстары Шығыста осымен тоқтамайды. Аталған мекенжайлар бойынша көмек жинау жұмыстары жалғасын таба бермек.

 

Шығыс Қазақстан облысы