Жәдігер • 12 Сәуір, 2024

Қанекеңнен қалған қастерлі мұра

137 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өмірін өнегемен өрген тұғырлы тұлғалардың артына қал­дыр­ған рухани мұрасынан бөлек, тіршілігінде тұтынған бұйым­да­ры мен жеке заттары да кейінгілер үшін қастерлі мұра. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу универ­ситетіндегі академик атымен аталатын шағын музей ғиб­ратты ғұмыр иесінің өмір тынысынан сыр шертетін бірегей орын.

Қанекеңнен қалған қастерлі мұра

Суреттерді түсірген – автор

Ғылым сардарының музей­ төрінен орын алған кітап сөресі бірден көзге түседі. Қат­пар тарихтың сарғайған есте­лік­терін сіңірген ағаш сөре арманы биік академиктің ғылымдағы ең бір жемісті жылдарында тұ­­тынған бұйымы болса керек. Бір қабырғаны тұтас жауып тұрған алып сөре талай қазы­налы кітаптардың қоймасы ғана емес, ұлы тұлғаның алақаны тиген айшуақ естелік. Қаныш Иман­тай­ұлы дүниеден өткенде Ғылым академиясына тапсырылған жәді­гер­дің ғалым атымен аталатын тарихи мұражайға тап болуына белгілі сәтбаевтанушы Надежда Ниретина мұрындық болған. Мұнда ғалымның көптеген кітабы мен архивтік құжаты әлі күнге дейін қаз-қалпында сақтаулы тұр. Тарихи музейдің жетекшісі Жеңіс Молдабековтің айтуынша, онда тұрған көптеген құжат пен тағылымды еңбек зерттеушілер үшін таптырмас олжа.

впр

Бар қажыр-қайратын ұлт ғылымының өрістеуіне арнаған ака­демик қазақ даласының қан­ша­ма атырабын аралап, туған өлке­нің тау мен тасын, нуы мен суының қасиетін зерттеуге бас­тамашы болды. Музейдегі тағы бір таптырмас естелік – Қаныш Имантайұлының өмір бойы қолданып өткен компасы. Был­ға­ры қабы бар бірегей бұйым музей­дегі бағалы жәдігерлердің бірі. Сон­дай-ақ академиктің жеке қол­­жаз­баларымен бірге сар­ғайған па­рақтардағы сағыныш хаттары Қа­ныштан қалған қастерлі қол­таң­ба. Қызмет барысында жа­зыл­ған дүниелерден бөлек, 1957 жыл­­дың күз айында жары Таисия Алек­­сеевнаға Мәскеуден жолдаған ха­ты­­ның түпнұсқасы осында тұр. Мар­­жандай қолтаңбамен жинақы жа­зылған хат академиктің сол сәттегі көңіл ырғақтарын арқау еткен.

– Музейде тұрған әрбір жәді­гер, сирек фотоқұжаттар, архив­тік дүниелер Қаныш ата­мыз­дың көзіндей болған маңызды естеліктер. Музейдің ауқымын кеңейтіп жыл сайын жаңа дүние­лермен толықтырып келеміз. Ғалымның мерейтойлары аясында сыйға тартылған кітаптар мен естелік заттар да осында орналастырылған. Еліміздің әр аймағынан келген студенттер Қаныш аталарынан қалған қас­тер­лі мұраларды көзімен көріп, ака­демик атымен аталатын оқу орда­сында білім алатындарын мақтан тұтады. Университет ректоры Мейрам Бегентаевтың бас­тамасымен көптеген игі бастама қолға алынды. Мәселен, негізгі оқу корпусының дәлізіне мыңдаған минерал қойылды. Университет қорында 500 мыңға жуық минерал сақтаулы, – дейді музей директоры Жеңіс Молдабеков.

сми

Мемлекеттік архив қорынан алынған Сәтбаев таспаланған бейнеролик музей келушілеріне ұдайы көрсетіледі. Университет ғалымдары мұндағы маңызды зерттеу құжаттарын сабақ барысында көрнекілік құрал ретінде пайдаланатындарын айтады.

Сонымен бірге музейде ғалымның отбасылық заттары­ мен ұрпақтары қолданған жәді­герлер аз емес. Айталық әкесі­нің ғылымдағы даңқты жолын жалғастырған қызы Мейіз Қаныш­қы­зы қолданған микроскоп пен жиен немересі Шәмшәбану сыйға тартқан әулеттің отбасылық домбырасы музей төрінен орын алған. Белгілі ғалым Ұлықпан Сы­дықов, бір басына сан түрлі санаткерлік тоғысқан Қаныш Иман­тайұлы қолы қалт еткенде дом­бырасын алып, әндетіп отырып сырлы саздан қуат алғанын ай­тады. Ғалымның айтуынша, қай­рат­керлік жолы мен ғылымдағы ең­бегінен бөлек Қ. Сәтбаевтың адам ретіндегі күйініш-сүйінішін, мұң-наласын, жан дүниесінің ыр­ғақ­тарын көрсететін естеліктер көп айтыла бермейді. Қабдеш Жұма­ді­ловтің «Академиктің көз жасы» ең­бегі секілді мөлтек сырға толы жы­лы дүниелер көптеп жазылуға тиіс.

Бұл жерден бөлек, Сәтбаев әлеміне сапар шектіретін тарихи музейлер ғалымның туған жерінде, ғылым академиясында бар екені көпшілікке белгілі. Ондағы әрбір жәдігер – Қаныш Имантайұлынан қалған қастерлі мұра.

 

АЛМАТЫ