Медицина • 12 Сәуір, 2024

Дәрі-дәрмек бағасы тұрақтай ма?

24 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елде не көп, дәріхана көп. Көп болғаны әуелі тұтынушыларға, одан соң кәсіпкерлерге тиімді. Бас ауырып, балтыр сыздаса, күн-түн демей, тәулік бойы жұмыс істейтін дәріханалар ашық. Осыған қарап дәрі-дәрмектің тапшылығы жоқ, бәсекелестік бағаны тұрақты ұстап тұрады десек, қателеседі екенбіз.

Дәрі-дәрмек бағасы тұрақтай ма?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сәуір айындағы дерек бойынша, елі­мізде дәрі-дәрмектің, емдік құрал-жаб­дықтың құны 11%-ға өсті. Мәселен, Ақмола облысында – 17,8%, Астана қаласында – 15,8%, Шымкент қаласында 14,8%-ға қымбаттады. Ал Маңғыстау облысында баға тұрақты. Препараттардың ішінде парацетамол – 63,3%, ацетилсалицил қышқылы – 60,1%, белсендіріл­ген көмір қышқылының 32,3%-ға өске­нін байқауға болады. Алайда маскалар 11,4%-ға арзандаса, стерильді таңғыш­тар 7,1%-ға қымбаттаған. «Хилак форте» бағасы бір жылда – 24,4%-ға, йод ерітіндісі – 22,9%, Фенистил Нью тамшылары – 21,8%, Флемоксин Солютаб 21,2%-ға қымбаттап тұр.

Осыған байланысты Медициналық және фармацевтикалық бақылау коми­тетіне хабарласып, бағаның өсуі жөнінде сұраған едік. Комитет мәліметінше, бұл маусымдық жағдай көрінеді.

«Бір апта бұрын кейбір дәрі-дәр­­мектерге бағаның өсуі туралы Energy­Prom порталының талдамалы ма­қа­ла­сы жарияланды. Расында, өткен жыл­мен салыстырғанда жүрек-қан та­мыр­­лары ауруларын емдеуге ар­нал­ған, мик­робқа қарсы, вирусқа қар­сы препа­раттардың бағасы өскені бай­қалады. Бұл – маусымдық өсу. Алайда анти­коагулянттар, стероидты емес қа­бы­нуға қарсы препараттар, витаминдер сияқ­ты препараттардың бағасы тө­мен­дегенін де айтқан жөн», дейді ко­митеттің баспасөз хатшысы Фархат Оразалы.

Денсаулық сақтау министрлігі ұсын­ған мағлұматқа зер салсақ, қазір фар­мацевтикалық компаниялармен, сондай-ақ келісімшарт негізіндегі өн­діріс жобалары бойынша Оңтүстік Корея, Түркия, Германия, Жапония ин­весторлары­мен қарым-қатынас бар. Мұндай жоба­лар үйлесімді іске асып жатса, отандық фар­мацевтиканың өрісі кеңейеді деген үміт басым. Осыған орай биыл фармацевтика өнеркәсібін дамытуға арналған 5 жылдық жаңа бағ­дарлама әзірленіп жатқан көрінеді.

«Кез келген өнім сияқты дәрі-дәр­мектің экономикалық және әлеу­мет­тік әсері бар екенін түсіну керек. Пре­параттардың құны нарықтық қаты­нас­қа, өндірушінің бағасына, шетел валюталарының бағамына, өндіруші мен сатып алушы елдің баға саясатына, логистикаға, шикізат құнына, басқа да факторларға байланысты. Қымбаттаған дәрі-дәрмектің тізімін сараптап көрдік. Денсаулық сақтау министрінің 2023 жыл­ғы 7 тамыздағы бұйрығымен бекітілген дәрілік заттардың белгіленген шекті баға­сымен салыстырдық. Біріншіден, мақалада көрсетілген дәрілік заттарының мемлекеттік тізілімінде тіркелмеген», дейді Ф.Оразалы.

Құзырлы мекеме қызметкерлерінің айтуынша, дәрілік заттар іші­нара ғана қымбаттаған.

«Денсаулық сақтау саласындағы бәсе­­келестікті дамыту жөніндегі Жол кар­тасына сәйкес бірінші кезеңде 2023 жыл­дың басынан бастап 3 аналогі және 3 өндірушісі бар рецептсіз саты­латын дәрілік заттардың 302 атауы бәсе­келестік ортаға жіберілді. 27 наурыз­да Медициналық және фармацевтика­лық бақылау комитеті бағаны реттеуге ­жібе­рілген дәрілік заттардың 302-сіне талдау жүргізді. Нәтижесінде, «Фенис­тил Нью, 1 мг/мл 20 мл № 1», «GSK Con­su­mer Healthcare S. A.» өндірген дәрілік зат­қа бөлшек сауда нарығындағы орташа баға – 2 137 теңге, бұл 2022 жылы тіркел­ген бағадан 6%-ға жоғары екені анық­тал­ды», дейді ол.

Заңда көрсетілгендей, дәрілік зат­тар­дың шекті бағалары бекітілген. Рес­публиканың бөлшек сауда желісінде бел­гіленген шекті бағадан жоғары сатылмайды. «Damumed» ақпараттық жү­йе­сінің мәліметтеріне сәйкес өңір­лер­де «Меркле ГмбХ» өндірісінің «Хилак ­фор­те капли», 30 мл, №1» бағасы 2 615 тең­геден 3 280 теңгеге дейін (шекті бағасы – ­­3 489,59 теңге) ауытқығаны байқалады.

«Дәріханада дәрі-дәрмектер Денсаулық сақтау ми­нистрі­­нің бұйрығы­мен бекітілген шекті баға­дан жоғары сатылуы мүмкін. Егер ондай жағдай кез­дессе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 426-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Шекті бағадан қымбат сату фактісі анықтал­ған жағдайда Медициналық және фар­мацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне дәлелді құжаттармен (сатып алу туралы чек) немесе DARIKZ мобильді қосымшасы арқылы жүгіну қажет», дейді Ф. Оразалы.

Еліміз – дәрілік заттардың бағасын рет­тейтін санаулы мемлекеттің бірі. Жылына екі рет Денсаулық сақтау ми­нистрлігі монополияға қарсы органмен келісім бойынша бөлшек және кө­терме саудада өткізуге арналған дәрілік заттардың шекті бағасын бекітеді.

Қазір елімізде бас-аяғы 158 фарма­цевтикалық компания жұмыс істейді. Оның 42-сі дәрілік заттарды, 116-сы ме­дициналық мақсаттағы бұйымдарды өн­діруге маманданған. Стратегиялық жос­парлау және реформалар агенттігі­нің дерегіне сүйенсек, 2022 жылы елде фармацевтика саласының айналымы 162,6 млрд теңгені құраған. Былтырғы бірінші жартыжылдықта өндіріс көлемі – 79,4 млрд теңге шамасында. Ал фармацевтика өнеркәсібінің экспорты мен импортының көрсеткішіне қарап отырсақ, отандық фармацевтикалық өнімнің үлесі төмендегенін байқаймыз. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінен сұрап білген ресми жауапқа қарағанда, бағаның көпте­­ген факторға байланысты құбылатыны, яғни бұл түйткіл түбегейлі ше­шім тап­па­ға­ны анық көрініп тұр. Бұл фармацевтика саласындағы қыруар шаруаны әлі де ширата түсу керек еке­нін ұқтырады. Өйткені 2029 жылға қа­рай фармацев­тика нарығында отандық өндірістің үле­сін 50%-ға жеткізу қажет. Ал импорт­қа тәуелділік азайса, дәрі-дәр­мек бағасы да тұрақтамақ.