Қоғам • 09 Сәуір, 2024

Қоқысқа кеткен құндылық

37 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өмір жақсарған сайын адам бұзылады деп кім ойлаған?

Қоқысқа кеткен құндылық

Қазір заман дамыған, ғаламтор мен түрлі техника зулай қарыштап жатыр. Әрине, ұлтымыздың бас­тан кешкен «тар жол тайғақ кешуле­рімен» салыстырсақ, әлдеқайда тыныш уақыт. Халықтың көзі ашық, бұрынғыдай білімсіз қазақ аз. Мың түрлі өнер үйреніп, сан түрлі тіл білем десеңіз де өз еркіңіз. Шартарапты шарлап, әлемнің ең шеткі нүктесіне кетемін десеңіз де, Айға ұшамын десеңіз де мүмкіндік көп. Маманның орнын жасанды интеллект пен роботтар басып жатқан ғажайып заман.

Байқасақ, мүмкіндігі көбейіп, өмірі жеңілдеген сайын осы ғажайып заманда адамдар да, ұстанымдар да, құн­дылықтар да өзгеріп жатыр. Қол­дан келсе, қонышынан басатындар көбейді. Айналаңның бәрі қу, бәрі ақылды: аңғал, аңқау адамдар азайды. Уәде, адалдық, сенім деген ұғымдарды аяқасты қылу да оп-оңай. Қазір жұрт шендіні ғана сыйлайды. Тамыр-танысы көппен ғана араласады. Қонақ шақырса да бәрі есеппен. Жылтыраққа құмар, шынайылықты, табиғилықты көре алмайды. Білімі мен таланты асқандар емес, атағы тосқандар абыройға айналды. Ақын-жазушы, ғалымдар емес, әншілер мен блогерлер халыққа жақын болды. Не ішемін, не жеймін демеген соң обал-ысырап та көбейді.

Газет-журнал дегенді тіпті қолға алмайды. Тегін кеп жатса, моншаға жағар, нан жайғанда астына төсер... тұр­мысқа керегі жарар, бірақ оқыл­майды. Етіміз үйреніп кеткені сон­шалық, бұған таңғалсаңыз, сізге біреу таңғалуы мүмкін. Тіпті оқу дегеннен тым жыраққа алыстап кеткен қоғам үшін мына суреттегідей кітапты қоқысқа тастау да қалыпты жағдайға айнал­ғаны ма? Бұлай ойлау да сұмдық.

Бұрын нанды кезекпен алатын, қантты мерекеде ғана жейтін ал­мағайып заманда кітап оқитын жұрт бүгінгіден көп еді. Тым көп бол­маса да құндылықтар бүгінгідей қоқысқа тасталмайтын. Әлде, апам айтпақшы, «ақырзаман» келді деген осы ма?