Аймақтар • 08 Сәуір, 2024

Бөгеттер тасқын суды ұстай алмады

96 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Су тасқынына байланысты күрделі ахуал қалыптасқан өңірлердің бірі Ақтөбе облысында жағдай тұрақталып келеді. Жергілікті бюджеттен су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 300 мың теңге көлемінде біржолғы материалдық төлем төлене бастады және осы азамат­тар­дың несие төлемдері үш айға шегерілді.

Бөгеттер тасқын суды ұстай алмады

Кейінгі он күн бойы апатты жағдай тудырған Елек, Жем, Ембі, Сағыз, Ырғыз, Торғай, Қобда, Ор өзендеріндегі су деңгейі қазіргі уақытта қалыпқа түсті. Қала іргесіндегі Қарғалы, Ақтөбе, Сазды су қоймалары қазір лық толған. Дегенмен өткен тәулікте Жайық су бас­сейніне кіретін Қарғалы өзенінің Ақтөбе қаласының тұ­сындағы бөлігінде су көте­рі­ліп, жағасындағы үйлерге қауіп төндірген. Содан адамдар түн ішінде қауіпсіз жерге көшіріліп, жағалаулар биіктетілді. Осы аумақты тас­қыннан қорғаған Ұлттық ұлан жауынгерлері, еріктілер, сая­жай тұрғындарының бірлес­кен іс-қимылы арқасында тұрғын үй алабына су жайылған жоқ.

Бүгінде прокурорлар су тас­қынының алдын алу жөніндегі жұмыстарға бөлінген бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуын тексеруге кірісті. Ақтөбе облыстық прокуратурасы Әйтеке би ауданындағы гидротехникалық құрылыстың дұрыс жүргізілмеуіне байланысты ҚК 371-бабының 1-бөлігі (салғырттық әрекеттер) бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл – 2023 жылы 230 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген «Щербаков» бөгеті. Тапсырыс беруші – Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғи ресурстарды реттеу басқармасы болса, мердігер – «СК Гранд каналы» өндірістік кооперативі. 30 наурыз күні Ырғыз өзені арнасынан асқанда, осы бөгетті бұзып кетіп, Әйтеке би ауданының орталығы Т.Жүргенов атындағы ауылға қарай ақты. 78 үйге су кірді, 10 үй қирады, 927 адам (215 бала) эвакуацияланды, электр және газбен жабдықтау желілері зақымданды. Былайша айтқанда, бөгет дегеніміз бе­тондалмаған, бекітілмеген, құм­­нан үйілген бөгесін болып шықты.

Тасқын судың екпіні бұзған сапасыз гидротехникалық құ­рылыстар, қағаз жүзінде жөн­делген бөгеттер мен көпір­лер, көлік жолдарындағы су өткелдері тергеп-тексеруге себеп болып тұр. Айта кету керек, қазіргі кезде Ақтөбе облысымен ағатын өзендер бойындағы 206 гидротехникалық құрылғы әбден тозған. 5 сәуірде Хромтау ауданындағы Мағаджан су қоймасының бөгеті жарылып, Бесқоспа ауылын су басу қаупі төнді. Жедел әрекет ету арқылы Ұлттық ұланға қарасты Ми-171Е тікұшағымен Бесқоспадан Бестамақ ауылына 174 адам эвакуацияланды.

Қазіргі кезде үйлері су басқан 1 500 адам уақытша орна­ластырылған жерлерде тұрып жатыр. Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көр­сету жөніндегі комиссия әрбір үйді аралап, келтірілген шығын көлемін есепке алуға кірісті. Тұрғындар біртіндеп үйлеріне оралып жатыр.

 

Ақтөбе облысы