Аймақтар • 07 Сәуір, 2024

Қостанайда бірнеше бизнес нысаны су астында қалды

138 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай мен Тобыл қаласын байланыстыратын үш көпірдің екеуі жабық. Тәуелсіздік көшесінен Қостанай ауданына шығатын ортаңғы көпір ғана ашық тұр.  

Қостанайда бірнеше бизнес нысаны су астында қалды

Кеше кешкі сағат 20:30-да Қаратомар су қоймасынан секундына 3300 текше метр су жіберіле бастаған. Салдарынан Тобыл өзені түнімен тасып шықты. Судың қарқыны әлі бәсеңдеген жоқ. Қала әкімі жағдайдың қиын екенін, бірақ ең бастысы адам шығыны жоқ екенін айтты.

- «Мохито» демалыс орны, «Апельсин» СО, Теннис орталығы суда қалды. Сондай-ақ Қостанайдың шетіндегі «Колесные ряды» елді мекенінде 80 үйді су басты. Су басқан үйлердің саны артуы немесе осымен тоқтауы мүмкін. Нақты айта алмаймын. Ол жерден 6-7 көшенің тұрғындары эвакуацияланды. Үй жануарлары да қауіпсіз жерге шығарылды. Үш бірдей бау-бақша бірлестігі суда қалды. Ең бастысы, адам шығыны жоқ. Бірақ кейбір адамдар қауіпті толық сезінбей, үй-жайларына оралып жатыр екен. Олай тәуекел етуге болмайды. Қауіпсіз орындарда болыңыздар, - деді әкім.

М.Жүндібаевтың айтуынша, Қостанайда 754 адам эвакуациаланған. Оның 31-і эвакуациялық пункттерге жайғасса, қалғандары туыс-туғандарына қоныстанған.

«Тәуелсіздік көшесіндегі орталық көпірде жүк көліктерінің жүруіне шектеу қойылды. Тек жеңіл көліктер жүре алады. Алайда көлік ағыны тым көп. Сол себепті біз қала тұрғындарынан маңызды жұмыс болмаса, қатынасты барынша азайтуды сұраймыз. Енді біз инженерлік желілерді қалыпқа келтіруге және адамдарды эвакуациялауға күш жұмылдырамыз. Қосымша Қостанай ауданына да көмектесіп жатырмыз»,  деді Марат Жүндібаев.

Н.Құлабаев

Қостанай облысы