Аймақтар • 03 Сәуір, 2024

Жүкті әйел аман-есен босанды

45 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкімет басшысы Олжас Бектенов су тасқыны кезінде әйелдерді босандырып алған ауыл дәрігерлеріне алғысын білдірді. Соның ішінде егіз сәбиді дүниеге әкелген Қаламқас Қоңырқаеваға сапалы медициналық қызмет көрсеткен Ырғыз ауданы Нұра аулындағы дәрігерлік амбулатория қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтті. Олар – жалпы тәжірибелік дәрігер Сауия Сатаева, жалпы тәжірибелік мейірбикелер Айжан Алханова мен Айару Молшылық.

Жүкті әйел аман-есен босанды

Фото: inbusiness.kz

Наурыздың соңғы күні аудан орталығынан 90 шақырым жер­дегі Нұраға жойқын су жа­қын­дады, тұрғындар эвакуа­цияға дайындалсын деген хабар жұртты әбігерге түсті. Тас­қын су әне-міне келіп қала­ды деп отырғанда, айы-күні жетіп отырған Қаламқас егіз сәбиін дүниеге әкелді. Бұл уа­қытта Ырғыз бен Нұра ара­сын­дағы тасжолды су шайып, қатынас үзілгендіктен, аудан­­дағы акушер-гинеколог дә­­рігерлердің осы ауылға же­туі мүмкін бол­мады. Нұра дәрі­герлік амбу­ла­ториясының үш қыз­меткері тол­ғатқан әйелді аман-есен бо­сандырып алды. Іле-шала Ырғыз, Торғай өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуін әуеден бақылап жүрген Т.Бигелдинов атындағы әскери әуе күштері институтының тікұшағы Нұ­ра­дан жас босанған ананы сәби­лерімен аудандық ауру­ханаға жеткізді. Ырғыз аудан­дық ауру­ханасының акушер-гинекологі Кәмшат Сәрсенға­лиеваның айтуынша, егіздер мен анасының жағдайы жақсы. Нәрестелердің екеуі де қыз бала, біреуінің салмағы – 2 800 г, екіншісінің салмағы – 3 050 г. Олар аудандық ауру­ханада тасқын судың беті қайт­қанша ем алады. Қаламқас санаулы уақыт ішінде қауіпсіз жерге жеткізген ұшқыштар мен ТЖД қызметкерлеріне алғысын білдірді.

Тасқында туған сәбилердің есімдері – Айсәуле және Жансәуле. Көпбалалы ананы үйінде төрт перзенті күтіп отыр. Ырғыз аудандық ауруханасында ем алып жатқан Қаламқас пен егіз сәбиінің жағдайын Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің мамандары бақылап отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне қарағанда, су тасқыны күндері елімізде 24 әйел босанған. Қазір олардың жағдайы тұрақты, су тасқынынан ең қатты зардап шеккен аймақтарда ауруханаға жатқызылған балалар жоқ.

 

Ақтөбе облысы