Экспорт • 29 Наурыз, 2024

Шетелге өнім экспорттайтын кәсіпорын

45 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

2003 жылы құрылған инновациялық технологияға негізделген «KARLSKRONA LC AB» кәсіпорны сорғы агрегаттарын жасау­мен айналысады. Барлық керекті бөлшек негізінен осында жасалатындықтан, зауыт толық циклді кәсіпорын санатына жатады.

Шетелге өнім экспорттайтын кәсіпорын

Түркістан облысына қарасты Бадам индустриялық аймағында металл құятын өндіріс орны орналасса, мегаполистегі кәсіпорында өнімдер негізгі екі цехта өндіріледі.

2014 жылы салынған бірінші цехта ұңғымаға арналған батырмалы сорғылар шығарылады. Агрегаттың электр қозғалтқышын компания шетелден сатып алса, қалған бөлшегін өзі жасайды. Мұндай сорғылар уран өндірісінде қолданылады. Олардың көмегімен уран өндіріліп, қышқылды сұйықтық тасымалданады. Сорғы өте берік болаттан құйылған. Бастапқыда осы өнімді шығару арқылы кәсіпорын басқа да сорғылардың технологиясын меңгеруге мүмкіндік алды. Мәселен, сорғының тағы бір түрінде дөңгелек пайдаланылады.

Ол айналған кезде су 150 метр биіктікке көтеріледі. Бұл техниканың сыртқы қаңқасын зауыт өзі болат немесе шойыннан құйса, айналма дөңгелекті дәлме-дәл дәнекерлеу технологиясы бойынша құрастырады. Ендігі жерде жасалып болған дайын өнімдер цехтағы сынақ құрылғысында сапасы мен дұрыстығы жағынан бақылаудан өтеді.

Мұндай көлемі үлкен сынақ құрылғысы бүкіл ел бойынша тек осы кәсіпорында бар. Өнімдер сыртқа жіберілмес бұрын шынайы жағдайда сынақтан өткізіліп, техникалық сипаттамасы стандартқа сай екендігі құжатпен бекітіледі. Зауыт мамандарының айтуынша, сорғы агрегатын жасау шын мәнінде өте күрделі технологиялық жұмысты талап етеді. Бір өнімді құрастырып шығару үшін он мың іс атқарылады. Сонымен бірге, бұл цехта консолды, екі жақты әрекетті, құбыршекті сорғылар да өндіріледі. Сорапты қондырғылар негізінен құймалы өнімдер болғандықтан кәсіпорын барлығын толық өзі шығаруды мақсат тұтқандықтан метал құю өндірісін іске қосады. Соның нәтижесінде қазір компания сорғылардың сызбасын өзі жасайды, қаңқасын металдан өзі құяды, оны механикалық өңдеуден өткізеді, сөйтіп әрі қарайғы құрастыру жұмыстарын толық өзі атқарады. Бұл өз кезегінде өнімнің бағасы мен сапасына оң әсерін тигізіп отыр.

Алғашқыда компания сор­ғыларды жөндеу жұмыстарымен айналысудан бастаған. Кейін келе оның өндірісін меңгеріп, да­йын өнім шығаруға ден қойған. Дегенмен кәсіпорын әлі күнге дейін сорғы агрегаттарына сер­вис­тік қызмет көрсетуді үзбей жал­ғас­тырып келеді. Жоғарыда айтылғандай, компания бірінші сервистік қызметтен түскен пайданы үнемдеп, кейін ол ақшаға батырмалы сорғы өндірісін ашқан. Оның да табысын құртпай, сорғы қондырғысының басқа технологияларына инвестициялаған. 2003 жылы құрылған компания бірнеше жыл ішінде аяғына тұрып, 2012 жылы өзінің жеке кеңсесін ашты. Араға екі-үш жыл салып өндіріс цехтарын іске қосты. Ал 2016 жылы метал құю кәсіпорны пайдалануға беріледі. Осылайша, компания бірте-бірте кеңейіп, Қазақстандағы сорғы қондырғылары нарығын тұтастай бағындырып келеді.

Кәсіпорынның негізін қалау­шы Уалихан Ахметов көп жыл Еуропада дәл осы сала бойынша білікті маман болып жұмыс істеген. Содан барып өз елімізде осы технологияны дамыту ние­тінде отандық өндіріске бет бұрған.

Сорғы қондырғылары ішкі нарық­та кең сұранысқа ие. Өйт­кені ол тек өндірісте ғана емес, тұрмыстың әртүрлі саласында жаппай қолданылады. Әсіресе тұрғын үй-коммуналдық құрылыс саласында сорғылардың көмегі қатты қажет.

Сырттан келетін тұрмыстық мақсаттағы сорғылармен бәсеке­лесу елімізде қиын болғандықтан кәсіпорын ондай өнімдер шы­ға­ру­дан бас тартып, қазір то­лық өндірісте қолданылатын сорғы­лар жасауға көшкен. Өнімді уақы­тында жеткізу, сервистік қызмет көрсету және сапа жағынан үл­кен сенімге ие болған компания бүгінде «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының уран өндірісіне қажетті технологиялық құрылғылармен жабдықтаушы серіктестерінің біріне айналды. Мұнымен қоса кәсіпорын тау-кен өнеркәсібі мен жылу электр стансаларына да керекті сорғы қондырғыларын жасай бастады. Осы күнде серіктес­тік «ҚазМұнайГаз», Eurasian Resources Group, «Қазақмыс кор­по­рациясы», «Самұрық-Энер­го» секілді алпауыт компания­лармен әріптестік байланыс орнатқан. Тіпті Үндістандағы «Құданқұлам» мен Түркиядағы «Аққую» атом электр стансаларын салқындату үшін Шымкентте шығарылған отандық сорғы агрегаттары пайдаланылған. Өнімнің сапасын көзбен көру үшін Түркиядан арнайы келген сарапшылар компанияның сорғы өндірісіндегі технологиялары мен сапасына өте жоғары бағасын беріп кетіпті.

Бір айта кетерлігі, компания Кайдзен технологиясы бойынша жұмыс істейді. Жапониядан келген бұл технология өндірісті жүйелеуге, тәртіпке келтіруге, тазалыққа шақырады. Жан-жағы тап-тұйнақтай, жинақы, әр зат өз орнында тұрған кәсіпорында еңбек өнімділігі де жоғары болады. Қазақстанда ең жаңа өндіріс орны саналатын серіктестіктің метал құю кәсіпорнында осы технологияның ықпалы айырықша сезіледі. Күніне екі рет тазалық жұмыстары жүретіндіктен өндіріс ошағы әрдайым мұнтаздай таза болып тұрады. Тіпті ол метал құйылатын зауытқа да ұқсамайды. Өз кезегінде компанияның ескі сорғы қондырғылары металлургия кәсіпорнына қажетті шикізатқа пайдаланылады. Бұл өнімнің өзіндік құнының алдағы уақытта төмен болуына оң әсерін тигізеді.

Кәсіпорындағы басты проб­­­лема – кадр тапшылығы. Зауыт­­тың жауапты өкілінің бірі Наргиза Артықованың ай­туын­­ша, өндірістегі заманауи қон­дырғылармен жұмыс істей алатын мамандар өте аз көрінеді. Осы мәселені шешу үшін компания еліміздегі техникалық мамандықтарға оқытатын бедел­ді жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс орнатып, дуальды оқыту жүйесі бойынша студенттерді өндірістік іс-тәжірибеден өткізіп жатыр. Өз сөзінде жауапты өкіл мемлекет келешекте машина құрастыру саласын жетік білетін мамандар даярлауға көңіл бөлсе деген өтінішін білдірді. Өйткені кәсіпорын дәл осы саланы игерген білікті мамандарды Қазақстан бойынша таппай отыр.

«Машина құрастыру өнер­кәсібі – отандық өндірістің негізі. Онсыз технологиялық прогрестің жүзеге асуы мүмкін емес. Мемлекеттің осы мәселені ойлайтын кезі келді. Біз қашанғы шетелдік мамандарға мұқтаж бола береміз. Өндірісті үлкейтіп, құлашымызды кеңге сермейін десек, кадр тапшылығы қолбайлау болып отыр», деді Н.Артықова.

 

ШЫМКЕНТ