Елорда • 24 Наурыз, 2024

Қыс мезгілінен кейін нашар жөнделген жолдар көріне бастады – Жеңіс Қасымбек

124 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында қаладағы жолдарды жөндеу жұмысы қалай жүргізілетіні туралы мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қыс мезгілінен кейін нашар жөнделген жолдар көріне бастады – Жеңіс Қасымбек

«Қыс мезгілінен кейін нашар жөнделген жолдардың кемшін тұстары көріне бастады.

Жауапты басқарма жол жұмысшылармен бірге жөнделетін көшелердің ұзаққа шыдауын қамтамасыз етуі керек. Жұмыс мінсіз, лайықты күйде және сын көтеретін деңгейде орындалуы керек. Елорданы аралау барысында қаланың барлық ауданына барып, биылға арналған жоспарларын белгіледік. Биыл жол жөндеу жұмысы ертерек басталады. Ұзындығы 60 км болатын 50-ден астам көшені жөндеуді жоспарлап отырмыз. Сол сияқты 20-дан астам ірі нысан бар. Олардың бір бөлігін биыл аяқтаймыз, тағы бір бөлігінің (көшелер, жол айрықтары, көпірлер және т.б.) құрылысын биыл бастаймыз.

Сондай-ақ тротуарларды, әлеуметтік нысандарға кіреберіс жолдарды, аялдама қалтарыстарын, пандустарды және т.б. жабдықтауды жоспарлап отырмыз.

Ең алдымен көлік көп жүретін, жаңа әлеуметтік нысандар (кірме жолдар) бар орындарда, сонымен қатар елді мекендерде жолдар жөнделіп, салынады. Құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатқан аудандарға тоқталар болсам, онда инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үйлердің құрылысы аяқталғаннан кейін ғана жолдар салынады; оған дейін жауапты басқарма уақытша төсеммен қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ қазір коммуналдық қызметтер су тасқынына қарсы белсенді жұмыс жүргізіп жатыр: қар шығару, коллекторларды, науа-арық желісін, бақылау және жаңбыр қабылдау құдықтарын тазалау және т.б.,» дейді Жеңіс Қасымбек.