Сұхбат • 22 Наурыз, 2024

Олжас СҮЛЕЙМЕН, QazGPT авторы: Жасанды интеллектіні тезірек меңгеруге мүдделіміз

65 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Жасанды интелектінің жаһанды жаулағаны әмбеге аян. Тіпті «Кім жасанды интеллектіні игерсе, сол әлемді билейді» деген тәмсіл де бар. Сәт сайын алдыңнан шығатын цифрлық саладағы жаңалықтарды естігенде, сеніп те қаласың. Ең алғаш бұл термин Америкадағы Массачусетс технологиялық институтында қолданылған. Солай 1960 жылдан бері ақырын-ақырын ғылымға қадам басып, қазір өмірімізге дендеп енді. Қалың қарашаны бір үркітіп, терең ойға мың сүңгітіп жүрген жасанды интеллект туралы қазақ тіліндегі көпшілікке арналған тұңғыш қолданба QazGPT-дің авторы Олжас Сүлейменмен әңгімелескен едік.

Олжас СҮЛЕЙМЕН, QazGPT авторы: Жасанды интеллектіні тезірек меңгеруге мүдделіміз

– Әуелгі сөзімізді QazGPT-дан бастайық. Жұмыс істеу үдерісіне аз-кем тоқталсаңыз.

– Сөз бастамас бұрын, өзімнің кәсіби білімімді айта кетейін. Мен «Компьютер ғылымы және Жасанды интеллект бағыты бойынша» Қазақстан-Британ техникалық университетінде PhD тәлімгері, «Texas A&M» университетінің магистрімін. Осы бағыттың бақшасында жүрген соң, көкейімізге небір ойлар келіп, елге егіліп қызмет еткіміз келеді. Сіз сұрап отырған қолданба – соның бірі. Істің барлығы халқымызға цифрлық даму мен жасанды интеллектіні қалай ыңғайлай аламын деген сұрақтан бастау алды. Естеріңізде болса, 2022 жылдың аяғында шыққан әйгілі ChatGPT үлкен сұранысқа ие болып, қаншама адамды таңғалдырды. Дегенмен бір өкініштісі – ChatGPT-де қазақ тілінің сапасы өте нашар болды. Жалпылама алып қарасақ, бұл  қолданба елімізде таратып жүрген адамдар оны көбіне орыс тілінде қолданып, қазақ тіліне аударады. Бұл жайт тіліміздің маңызын түсіріп, қауіп төндіреді. Қазақ тілінің жасанды сана саласына келуін көп күттірмес үшін, біздің топ көпшілік қолдана алатын, жоғарғы сапалы қазақша моделді құруды қолға алды. Басында осы бағыт бойынша біршама курс түсіріп, елге жаямыз деп ойладық. IT-аналитикадан да біраз курс түсірдік. Арасында КБТУ-да, яғни Қазақстан-Британ техникалық университетінде сабақ та бердім. Бірақ оның бәрі жеткіліксіз көрінді. Себебі – таралымы аз.

нг

Ал мынандай QazGPT сияқты құрал жасасақ, адамдар еш қиындықсыз кіріп, қолданып, қыр-сырын үйрене алады. Қолданба кез келген сұраққа қазақ тілінде жауап береді. Оны жеке өмір мен кәсіпте ұтымды пайдалануға болады. Бүгінде біздің сайтқа 5 500 адам тіркелген, 200 адам күнделікті қолданады. Сайтқа брау­зер арқылы телефоннан да, компьютерден де кіре аласыздар. Қазіргі кезде үш қабілеті бар. Біріншісі – мәтін жазып беру, екіншісі – сурет шығарып беру, үшіншісі – ағылшын тіліндегі бейнежазбаның мазмұнын баяндау. Қиялыңыздағы кез келген дүниені жасауға болады. Ешқандай шек жоқ. Мысалы, сізді бір сұрақ мазаласа, оны платформаға жазасыз, ол толыққанды жауап береді. Тек жауап қана емес, жұмысыңызды жүйелеп, сізге небір қызықты идеялар ұсынып, тіпті өлең де жазады.  Сосын өзіңіздің қиялыңыздағы суретті салдырта аласыз. Ал ағылшын тіліндегі бейнежазбаның мазмұны – сіздің білім алуыңызға, дамуыңызға өте пайдалы.

– Қазір жасанды интеллект қол­данбалары көп. Бірінен бірі өтеді. Бірақ қазақ тілі ақсап тұрады. Оны мойын­дамасақ болмайды. Сіздің қолданбаны тексерістен өткізіп көрдік. Шынымен де ана тіліміз өз қадір-қасиетін сақтап-ақ тұр екен.

– Бұл мәселе менің де жанымды қинайды. Тіпті мына қолданбаның өзі сол қиналыстан туған. Оны жоғарыда да айттым. Қазақ  тілді AI қолданбасы қазақ тілді халыққа жасанды интеллектімен танысуға өте үлкен мүмкіндік береді. Білім көкжиегін кеңейтеді. Бір қызық ақпа­рат айтайын, шетелдік жасанды ин­теллект  модельдерін біздің ҰБТ секілді тестен өткізген екен. Солар 95-99 пайызға дейін дұрыс жауап берген. Бұл құ­рылғының қаншалықты ақылды еке­нін көрсетеді. Осындай ақпараттарды көр­генде «Ана тілімізде сөйлейтін AI болса ғой» дейтінмін. Міне, көріп тұрғандарыңыздай бар. Тек насихат пен сұраныс жағы жетіспей жатыр. Жасанды интеллект – тез дамып келе жатқан сала. Бүкіл әлемде оның маңызы зор. Ол біздің ғылым мен басқа да әлеуетімізді күшейте түседі.  Біздің халық осыны түсінсе ғой деймін.

– Израильдік тарихшы Юваль Ной Харари жасанды интеллектіні кей мемлекеттер адамдарды бақылап, басқару мақсатында пайдаланып отырғанын айтқан еді. Оның пікірінше, кейінгі жылдары үкімет немесе ірі корпорациялар адамдарға манипуляция жасау үшін күрделі технологиялар ойлап тапқан. Тіпті «Қазір технология алғаш рет адамдарды 24 сағат бойына бақылауға мүмкіндік беріп отыр. Кезінде КГБ-ның кеңес азаматтарын тәулік бойына бақылауда ұстауға әрі жиналған ақпаратты тиімді түрде өңдеу мүмкіндігі болған жоқ. Тек сарапшылар мен азаматтарды бақылайтын агенттерге арқа сүйеді. Ал қазір билік не үкімет ет пен сүйектен жаралған адамдарға емес, қуатты алгоритмдер мен датчиктерге сүйеніп отыр» деген еді.  

– Кез келген дүниеге бір тараптан ғана қарауға болмайды. Қазақ «таяқтың екі ұшы бар» деп бекер айтпаған ғой.  Сол секілді жасанды интеллектінің де пайдасы мен зияны бар. Мұның бәрі түптің-түбінде – оны жасап шығарған мемлекеттің немесе корпорацияның ұстанған саясатына байланысты. Осы тұста «Жасанды интеллект» ғылыми зерттеу институтының директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Алтынбек Шәріпбаевтың айтқаны назар аударарлық:  «Егер жасанды интеллекті­нің дамуын жолға қоюға ­арнаулы бағдарлама жасап, ғалымдар тобын жиып, зерттеу жұмыстары жүргізілмесе, әрине, зиянды жағы көп болуы мүмкін. Ал қоғамға қажет бағыттарды дамытуға күш салса, жасан­ды интеллектіден асқан ғылым жоқ».

Мысалы, жасанды интеллектімен жұ­мыс жасай бастаған компаниялардың 40 пайызы көп уақыт өтпей, оны тоқтатқан. Себебі олар құпияларының жарияла­нуынан қорыққан. Бір жылдары Google өзінің «Checks» деп аталатын өнімін та­ныстырған еді. «AI-мен жұмыс істейтін құпиялылық платформасы» деп аталатын өнімнің басты артықшылығы – бизнестің, идеяның, команданың ішкі құпиясын сақтайды. Сонда түсінгенім – жасанды интеллектіні дамытуға ешкім шек қоя алмайды, ғылым дамыған сайын жасанды интеллект те дамуын тоқтатпайды. Ал қауіп пен құқық жағындағы шектеу заңның аясында болуға тиіс. Бәрібір де абсолютті бостандық жоқ. Шындап келгенде шектеу мәселесі тек бір мемлекет­тің деңгейінде емес, әлемдік деңгейде көтерілуі шарт. 

Бір қызығы, бізде көп адам жасанды интеллектінің не екенін, қалай қолдану керек екенін әлі білмесе де, оның қауіпті екенін өте күшті түсінеді. Ештеңе білмей жатып, бастарын ала қашады. Осыған не күлерімді, не жыларымды білмей­мін. Бұл технологияны біз, қазақтар тоқта­та алмаймыз. Қанша қарсы болсақ та, тіпті әлемнің жартысы қарсы болса да, тоқтамайды. Сондықтан үркудің қажеті жоқ. Өзінен қорқып жүргенде, келетін қауіпі аяғымызды аспаннан бір-ақ шығаруы мүмкін. Сол үшін де зерттеуіміз керек, игеруге тиіспіз.

Осы жерде айта кететін бір мәселе бар. Ол – бізде жасанды интеллектіні реттейтін заң жоқ. Әлемде 120-дан астам ел соны реттейтін өздерінің заң жобаларын қабылдап жатыр. Тағы да қалыс қалып барамыз. Бұған қатысты  Президент те «Парламент дер кезінде осыны Үкіметпен бірлесіп, заң ретінде жаңағы қабылдау керек» деген тапсырма берді. Үкімет қазір жобаны қарастырып жатыр дейді. Күтейік.

– Бір жылдары «Dropbox» 500 қызметкерін жасанды интеллектіге бай­ланысты жұмыстан шығарды. Ке­йінгі кездері алып компанияларда мұндай жағдай өте жиі кездеседі. Бірі – адами капиталды роботқа алмастырамыз десе, енді бірі – солай ақ­ша үнемдейміз дейді. Бірте-бірте бәрі нарық­тағы бәсекеге түсу үшін жасанды интеллект пен машиналық оқытуды дамытуға ауысып жатыр.

– Бұл – ең алдымен, экономикалық мәселе. Осы жерде жоғарыда айтқан «игеруіміз керек» деген ойдың маңызы арта түседі. Ол үшін ең бірінші ағылшын тілін жетік білу қажет. Қазір көптеген мамандыққа қауіп төне бастады. Өйткені қаншама жұмысты жасанды интеллект өзі атқара алады. Бұл – бір жағы. Мұның екінші жағы бар. Өткенде бір ғалым қызық ой айтты: «Жасанды интеллект мамандықты  жойып жібермейді. Тек қана сол жасанды интеллектіні қолдана білмейтін мамандарды жұмыссыз қалдырады».  Осыған дейін теорияда өте көп зерттеулер болды. Мысалы, оп-оңай бір мысал бар. Машина шықпай тұрып бәріміз атпен, арбамен жүрдік.  Ал машина шықты деген кезде атарба дайындайтындардың бәрі қарсы шықты. Жұмыссыз қаламыз деп қорықты. Ал қазір көлік индустриясы дүниеге келіп, қарыштап дамыды. Сөйтті де, индустриялық химияны, мұнай, газ бәрін жылдам дамытты. Сондықтан мен «бір үміт бар» деп айтқым келеді. Мына жасанды интеллектінің дамығанының ар­қасында жаңа технологиялар пайда болады. Бүкіл адамзат көрмей жүрген, елемей жүрген жаңа салалар ашылуы ықтимал. Тіпті біз елестете алмайтын жаңа дәуір келуі мүмкін.

– Шотланд ғалымдары AI көмегімен 4 300 химиялық қосылысты талдап, жасушалардың қартаюына әсер ететін 21 затты анықтады. Олардың үшеуі ерекше қызығушылық тудырды: гинк­гетин, олеандрин және периплоцин. Осы қосылыстар зақымдалған жасушаларды «тазартып», қартаюдан келетін аурулардың алдын алады-мыс. Ғалымдар бұл жаңалықты қартаюдың алдын алу мен бәсеңдету жолдарын табуға басқан үлкен қадам дейді. Біздің елдің жасанды интеллектісі осындай ғылыми деңгейге қашан жетеді?

– Нақты дамыған елдерде жасанды интеллект ісі белгілі бір жолға қойылып, заңдылықтар қалыптасқан. Біз де соның ізімен ақырындап ілгері басып келеміз. Мысалы, биыл халықаралық рейтингте еліміз жасанды интеллектінің дамуы бо­йынша екі сатыға алға көтеріліп, 81-орынға табан тіреді. Нақтылай түссек, Үндістан мен Ираннан кейін Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасында 3-орында тұр. Мемлекет те жасанды интеллектіні дамытуға басымдық беріп отыр. Кейінгі жылдары елімізде осы сала стартаптарын қолдау қарқынды жүріп жатыр. Ал экспорт 3 жылда 5 есеге өскен. Бізге енді жетіп жатқан жаңа сала болғандықтан, біршама олқылық, түйткілді мәселелер бар. Цифрлық сала мамандарының айтуынша, бізге «қоғамдық құрылым» жетіспейді. Тек оның ғылым ретінде дамуы мен адамдардың күнделікті өміріне енуіне баса назар аударуымыз керек. Тіпті жасанды интеллектіні оқытатын арнайы университеттер де қажет. Көш жүре түзеледі ғой. Солай-солай ғылыми деңгейге біз де жетіп қалармыз.

– Рас. Көш жүре түзеледі. Әңгімеңізге рақмет.

 

Әңгімелескен –

Елігімай ТӨҢКЕР,

«Egemen Qazaqstan»