Қаржы • 11 Наурыз, 2024

Сақтандыру саласының жаңалықтары

59 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова сақтандыру нарығының қатысушыларымен секторды қадағалау саясатының 2024 жылға арналған басымдықтарын талқылау бойынша кездесу өткізді. Кездесу Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы өкілдерінің, сақтандыру ұйымдары мен сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры басшыларының, сондай-ақ сақтандыру омбудсманының қатысуымен өтті.

Сақтандыру саласының жаңалықтары

2023 жылдың қорытындысы бо­йынша сақтандыру секторының барлық негізгі көрсеткіші өсім көрсетті. Сонымен қатар капиталдандыру және өтімділік көрсеткіштерінің айтарлықтай беріктік қоры қалыптасқан.

2024 жылдың басында сақтандыру ұйымдарының активі 2,49 трлн теңгені құрап, бір жылда 20,7%-ға ұлғайды. Міндеттемелер 1,59 трлн теңгеге дейін көбейді, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 23,2%-ға артық. Сақтандыру сыйлық­ақы­ла­рының көлемі 1 трлн теңгеге жетті. 2023 жылы сақтандыру төлемдерінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 43,7%-ға артып, 274 млрд теңгені құраған.

Тәуекелдерді сапалық және сандық бағалауды қамтитын SRES (Supervisory risk evaluation system) әдіснамасын пайдалана отырып, реттеуші сақтандыру ұйым­дарына қатысты қадағалау назары­ның деңгейін белгіледі. Атап айтқанда, 2 сақтандыру ұйымына – экстремалды қадағалау, 3 ұйымға – қарқынды қа­да­ғалау, 7 ұйымға – егжей-тегжей қадағалау, 5 ұйымға – бақылау, 8 ұйымға стандартты қадағалау белгіленді. Осы баға­лау негізінде биыл сақтандыру ұйым­дарын қадағалаудың түрі мен қар­қындылығы айқындалатын болады. Қадағалау үдерісінде сақтандыру омбудсманына және агенттікке келіп түсетін сақтандыру қызметтерін тұтыну­шы­лардың шағымы мен өтінішін қарау нәтижелері, сондай-ақ сот кабинетін, сақ­та­ну­шылардың пікірлері мен жаңа­лық­тар порталдарын талдауды қоса алғанда, ашық дереккөздерден (Open Source Intelligence) алынған деректерді жинау әдістері белсенді түрде пайдаланылады.

2024 жылы агенттік сақтандыру на­ры­ғына қатысушылар қызметінің іс-қи­мы­лын назарға ала отырып, тәуекелге бағдар­ланған қадағалау моделін жетіл­діру жұмысын жалғастырмақ. Бұл клиенттермен, контрагенттермен және бәсеке­лес­тер­мен қарым-қатынасты қоса алғанда, олардың қызметінің түр­лі ас­пектілерін бақылауды қам­та­ма­сыз етуге мүмкіндік береді. Былтыр Дү­ние­жүзілік банк еліміздегі бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы (JERP) шеңберінде Ха­лықаралық сақ­тандыру қадағалау қауым­дастығы (IAIS) белгілеген сақтан­ды­рудың негізгі қа­ғи­даттарына (ICP) Қазақстан заң­на­масының сәйкес келуі тұрғысынан бағалау жүргізді. Осы баға­лауға сәйкес 25 қағидаттың 14-і сақ­талады. Осы жылы агенттік клиенттерге әділ көзқарас қағи­­­даттарын енгізу, тұты­нушылардың түрлі санатының мүд­десін ескере отырып, сақтандыру өнімдерін әзірлеу және тұтынушылардың шағымын реттеу бойынша сақтандыру ұйымы бас­шыларының жауапкершілігін белгілеу бөлігінде сарапшылардың ұсынымдарын орындауға қатысты жұмыс жүргізеді.

Сақтандыру ұйымдарының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз етуге байланысты Solvency II халықаралық стандартын енгізу бойынша жүйелі жұмыс жалғасын табады. Ұйымдардың капиталы (SCR) мен меншікті қаражатына қойылатын талаптар өзгеруі мүмкін. Ол үшін тестілік есептеулер жүргізу жоспарланып отыр.

17 ХҚЕС (халықаралық қаржы есеп­тілік стандарты) бойынша қаржылық есеп­­тілікті ұсынуды бақылау да – қа­да­­ға­лау саясатының басым бағыты. Бүгінде сақтандырушыларда 17 ХҚЕС бо­йынша қаржылық есептілікті автоматтандыру жоқ, ал жеке IT шешімдерді енгізу үшін айтарлықтай шығыстар талап етіледі. Сондықтан биыл агенттік сақтандыру ұйымдарымен бірлесіп 17 ХҚЕС талаптарын қанағаттандыру мақсатында қажетті көрсеткіштер жиын­ты­ғын модельдеу және есептеу үшін бұлт­ты есептеулерді қоса алғанда, бірың­ғай автоматтандырылған жүйені ен­гізу мүмкіндігін қарастырады. Бұл әрбір қатысушыға түсетін қаржылық жүк­те­мені жеңілдетеді және қаржылық есеп­ті­ліктің ашықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз етеді. Сақтандыру секторын цифрландыру реттеуші үшін әлі де басты артықшылық болып қала бермек.

Биылғы іргелі жаңалықтың бірі – сақтандырудың барлық міндетті түрі бо­йынша сақтандыру жағдайларын онлайн реттеу және міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру жағдайын рет­теудің оңайлатылған тәртібінің (Еуро­хаттама) енгізілуі. Тұтынушы кең­се­ге бармай-ақ сақтандыру ұйымы­ның сайты арқылы сақтандыру төлемін алу үшін өтініш пен құжат ұсына алады. Өтініштен бастап төлем жасауға дейінгі сақтандыру жағдайын реттеу үдерісінің барлық кезеңі тұтынушының жеке кабинетінде көрсетіледі және сақтандыру жөніндегі бірыңғай де­рек­қорда тіркеледі. Азаматтар мо­бильді қосымша (Еурохаттама) арқылы сақтандыру төлемін жедел­детілген ре­жімде алуға өтініш бере алады. Биыл қаңтарда Еурохаттаманың 423 жағ­дайы ресімделіп, жалпы сомасы 41,6 млн теңгеге 223 сақтандыру төлемі жүргізілді. Орташа төлем 187 550 теңгені құрады, реттеудің орташа мерзімі – 5 күн.

2024 жылы агенттік нарыққа қатысу­шы­лармен бірлесіп тұтынушы­ларға сақтандыру қызметінің бүкіл ауқымын ұсыну үшін электрондық алаңдар (маркетплейс) құру нұсқаларын қарастырады. Бұл клиенттердің сақтандыру ұйымының ұсыныстары туралы хабардар болуын арттырады, ал сақтандыру ұйымына сақтандыру өнімін әзірлеу кезінде клиент­тердің дербес мүддесін есепке алуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта елімізде апаттық тәуекелдерден сақ­тан­ды­руды енгізу маңызды басым­дық­қа ие болады деп күтіліп отыр.

2024 жылы апаттық оқиғалар туын­даған жағдайда халықаралық сарап­шыларды тартумен (сақтандыру моде­лін айқындау, жол картасын және заң­намалық түзетулерді әзірлеу) халықты мү­ліктік қорғаудың тетіктерін айқындау бойынша жұмыс жүргізіледі. Кездесуге қатысушылар сақтандыру ұйымдарын пруденциялық реттеуді жетілдіру, сақ­тандыру қызметтерін цифрландыруды дамыту, 17 ХҚЕС стандартының шеңберінде автоматтандыру бойынша басқа да өзекті мәселелерді талқылады.