Ауыл • 07 Наурыз, 2024

Ауыл табысы артады

51 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Нұра ауданында «nura agroforum-2024» атты ауылшаруашылық форумы ұйымдастырылды. Алқалы басқосуды алғаш Нұра ауданының өткізетін жөні де бар. Өйткені, ауылшаруашылық саласындағы көрсеткіштерінің көші ілгері. Сонымен бұл басқосуға облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов, аудан әкімі Бақытжан Мұқанов, «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Еркінбек Әбдіханов, бірқатар облыстағы басқарма өкілдері мен «Қазсушар» РМК, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Азық-түлік корпорациясы» ҰК секілді іргелі ұйымдардың өңірдегі филиал басшылары, фермерлер қатысты.

Ауыл табысы артады

Облыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасының басшысы Саят Мусин өзінің баян­дамасын өткен жылы өңір­­дің агроөнеркәсіптік кеше­ніне 26,2 млрд теңге инвести­ция­ланғанынан бастады. Бұл қаржының бір парасы ауыл ша­руашылығы техникасын жа­ңар­туға бағытталып жатқанын атап өтті. 15,8 млрд қаржыға 931 түрлі техника сатып алынған. Қа­зіргі уақытта аймағымызда 12 мыңға жуық доңғалақты және шынжыр табанды трактор, мың жа­­рымға жуық астық, картоп және жемшөп жинайтын комбайн бар.

Мұнымен қоса, өткен жылы 10 млрд теңгеге жоспарланған 28 жоба іске қосылып, 200-ге жу­ық жұмыс орны құрылды. Оның ішіндегі жеті жоба осы Нұра ауда­нында жүзеге асқанын атап өтуіміз керек. «Ақтайлақ», «Ғиб­рат», «Құлтума» шаруа қо­жа­лықтары тұқымды асылдан­дыруға 56 жылқы сатып алды.

«TASS 2004» ЖШС 312 гектар суармалы жер қалпына кел­тіруде. «Черниговский и К» ЖШС-да құны 75 млн теңге бо­ла­тын астық тазалайтын ма­ши­на сатып алынып, орнатыл­ды. Дәл осындай астық құрыл­ғысын «Құланөтпес» ЖШС-да орнатқан. Бұдан басқа, мұнда астық қоймаларын қайта жаңарту жүргізілуде. Сондай-ақ «Карин А» ЖШС ұн тарту кә­сіпорнын ашты.

– Ауыл халқының табысын арттыру жобасы аясында был­тыр 3,4 млрд теңгеге 456 шағын несие берілді. Мұндағы 62 несиені ауыл шаруашылығы кооперативтері мен 394 жеке шаруа қожалығы алды. Нәтижесінде, 580-ге жуық жұ­мыс орны ашылды. Нұра ауданы бо­йын­ша 375,9 млн теңгеге 35 шағын несие берілді, – деді Саят Мусин.

Басқарма басшысы ауыл ша­руашылығы құрылым­да­рының алдында тұрған мін­деттерді де атап өтті. Енді, осы саладағы өнім өн­діру көлемін 563 млрд тең­геге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ірі қара мен жылқы, құсты көбейтуге ниетті шаруалар.

Атап айтқанда, ет өндірісі – 124,2 мың тоннаға дейін, сүт – 447,4 мың тоннаға дейін, жұ­мыртқа – 736,4 млн данаға дейін өсі­руді міндеттеп отыр. Өсім­дік шаруа­шылығы бойынша да өсім ұлғаяды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 600 мың гектарға 71,5 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізіледі. Яғни егіс алқабының жартысына жуығына. Бұл ретте көктемгі егіс жұмыстарына 17,4 мың тонна арзандатылған дизель оты­ны бөлінді. Биыл екі оператормен келісім жасалды. «Retail Trade Oil» ЖШС және «Мұнай-ком­пания» ЖШС. Олар ақпан айынан бастап, Қарағанды мен Осакаровкадағы мұнай базаларынан дизель отыны литрін 245 теңгеге сатып жатыр.

Биыл 43,6 млрд теңгеге 27 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарда бар.

– «Ауыл аманаты» ауыл хал­қының табысын арттыру жө­ніндегі жобаны іске асыру жал­ғасады. Бұған биыл 7 млрд теңге қаржы қарастырылған. 880 шағын несие беріледі. Бұл де­геніміз, ауыл­да 930-дан аса жаңа жұмыс орнын құруға мүм­­кіндік береді. Осы міндет­тердің барлығы Мемлекет бас­шысының 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау жөніндегі Жол карт­асына ен­гізілген. Қойылған мін­деттерді жүз­еге асыру үшін әлеует бар, олар­ды барынша пайдала­намыз деп отырмыз, – деп баяндамасын қорытындылады Саят Мусин.

Бұған қоса, алқалы бас­қо­суда ауыл шаруашылығына қа­тысты маңызды мәселелер пы­сық­­талды. Көктемгі егіс нау­­қа­­ны­на дайындық, астық алқа­бын құнарландыру, жемшөп жинау жөнінде өрбіді. Ауыл ша­руа­шы­лығы ұйымдарының бас­шылары фермерлердің мәсе­лелерін тыңдап, ашық пікір алмасты. Бастысы, ауыл табысы артпақ. Ауыл байыса, ел экономи­касы еңсе тіктейді.

 

Қарағанды облысы,

Нұра ауданы