Қаржы • 06 Наурыз, 2024

Ұлттық рейтинг агенттігі керек

68 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Адам үшін де, мемлекет үшін де жеңіске ұмтылуды қалыптасқан табиғи заңдылық деп түсінуге болады. Қазір әлем бойынша үздіктерді анықтайтын көптеген рейтинг бар. Әр елдің экономикалық һәм әлеуметтік ахуалына қатысты көзқарас рейтинг агенттігінің бағасымен қалыптасады. Осындайда дербес ұлттық агенттіктің қажет екені де анық сезіледі.

Ұлттық рейтинг агенттігі керек

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Отандық эмитенттерге және олар­дың облигациясына, соның ішінде егемендік эмиссияларына Fitch Ratings, Moody's және S&P Global Ratings агенттіктері сараптама жасайды. Ұзақ және қысқамерзімді болжамдарымыз солардың ұсынған сараптамасы бо­йынша айқын­да­лады. Сарапшылар «шетелдік баға­лау­ларға балама болатын өзіміздің ұлттық рей­тинг агенттігімізді құру керек» де­генді көптен айтып жүр.

2023 жылдың қазан айында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұлттық рейтинг агенттігі (РА) құрудың құқықтық негізін әзірлеу туралы жария­лап, ол ашықтық пен рейтингті арттыру кешенінің бөлігі болуға тиіс екенін мәлімдеген болатын.

Бізде ұлттық рейтинг агенттігі жоқ екені осыған дейін де талай ай­тыл­­ған. Әлемдік экономиканың шырақ­шы­сы­на балаған үш кит – үш жаһандық рей­тингтік агенттіктің әр мемлекет пен әр компанияға қатысты рейтингтік ба­ға­лары жаңарған сайын мемлекет бас­шылары, ірі бизнес өкілдері түн ұй­қысын төрт бөледі дейді сарапшылар. Бізге солардың көзқарасы бойынша баға беретіндіктен, бағалау төмендесе инвесторлар теріс айналып, әлемдік банктердің несиесі қымбаттайды. Біз де солардың берген бағасына қарап көшімізді түзейміз. Олардың ұсыныс­та­рын экономикалық, әлеуметтік және сая­си реформаларды жүзеге асыру кезінде ескереміз, пайдаланамыз.

Жақында S&P рейтинг агенттігі Қазақстанның кредиттік рейтингін «BBB–» деңгейінде «тұрақты» болжамын растады. Ұлттық банктің хабарлауынша, қазіргі көрсеткіш ықтимал сыртқы шоктарды бейтараптандыратын елеулі сыртқы резервтердің көлемі мен айтарлықтай бюджеттік тұрақтылықтың болуымен қарастырылды. Әлбетте, жаһандық көрсеткішке жету әлі алда. Бірақ әлемдік деңгейдегі агенттіктердің оң бағасы бізді қуантады. Сонымен бірге агенттік сарапшылары мемлекеттік басқарудағы жоспарланған реформалар мен экономикалық реформалар егеменді рейтингтің болжамын оңынан көрсететінін атап өтті.

S&P сарапшыларының пікірінше, қуат көзі мен азық-түлік бағасының жаһандық төмендеуіне қарамастан, инфляциялық қысым сақталып отыр. Сарапшылардың болжауынша, 2024 жылы инфляция орташа есеппен 8%-ды құрайды, ал 2026 жылға қарай Ұлттық банктің мақсаттық деңгейіне сәйкес келетін 5%-ға дейін баяулайды.

«2023 жылдың желтоқсанында долларсыздандыру деңгейі 23%-ға жетті. Тұрақты айырбас бағамы мен инфля­ция­ның біртіндеп төмендеуі одан әрі өсудің алдын алуы керек», делінген ақпаратта.

Сонымен қатар S&P сарапшылары орталық банктің дербестігі мен ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру мақсатында Ұлттық банктің жаңа несие және экономиканы қолдау бағдарламаларына қатыспауға ниетті екенін жеткізді. Сарапшылар мем­лекеттік шығыстардың өсуін азай­туға бағытталған бюджеттік ере­же­лердің енгізілуін оң бағалады. Осылайша, Ұлттық қордан түсетін шығыстар мен трансферттердің өсімін азайтуға ба­ғыт­талған Үкімет жоспарлары мем­лекеттік бюджеттің тапшылығын ұстап тұруға және халықаралық резервтердің деңгейін тұрақтандыруға тиіс. Рейтинг расталғаннан кейін еліміз ТМД көле­мінде инвестициялық рейтингі бар жалғыз мемлекет болып қала береді.

Банк секторының сенімділігі мен тұрақтылығы бүкіл ел экономикасының үздіксіз және тиімді жұмыс істеуінің кепілі болып саналады. Бұл дағдарыстар мен сыртқы экономикалық күйзеліс кезеңдерінде өте маңызды. Банктердің қаржылық тұрақтылығы мен сенімділігін бағалауда халықаралық рейтингтік агент­тіктер маңызды рөл атқарады. Олар­дың рейтингтері қаражатты сақтау не­месе инвестициялау үшін банкті таңдау туралы шешім қабылдау кезінде негіз болады. Биыл алғашқы ондыққа кіретін екінші деңгейлі банктердің рейтингі жаңартылды. 2023 жылғы 1 қарашада Moody's рейтинг агенттігі тоғыз банктің рейтингін жаңартқан болатын.

Сарапшылар осы ретте рейтинг агенттіктерінің бағыт-бағдарын ішкі нарықтың әлеуеті бойына сіңіре алам ба деген мәселе жеке зерттелуі қажет екенін айтады. Соңғы он шақты жылда елде шетелдіктердің үлесі бар компаниялар қатары көбейді. Бұл фактор біздің агенттіктердің халықаралық деңгейге көтерілуіне мүмкіндік беретін көрінеді. Себебі ірі компаниялар үшін қосымша көзқарас пен тәуелсіз пікір маңызды. Мұндай компаниялар қанша рейтинг агенттігі болса, сонша рейтингке тапсырыс беруге дайын көрінеді.

Сарапшылардың айтуынша, ірі ком­паниялардың бағасы, көзқарасы, пікірі шетелдік инвесторлардың Қа­зақстан тура­лы ақпарат алуына көмек­теседі. Эко­номикалық рейтинг – инвесторларға капитал салудың мүмкін­дігі мен тәуекелі туралы түсінік беретін құрал.

Экономика үшін рейтингтің маңызды екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ ол нарықтың беталысы туралы хабар жалғыз дереккөз болмауға тиіс. Кейбір агенттіктердің экономикалық көрсеткіштерді есептеу, дайындау әдіс­тері күмән туғызатынын осыған дейін жазғанбыз. Бұл ретте басын ашып алатын мәселе көп. «Рейтинг жасаушы агенттіктер егемен елдерге ықпал ету құралы болмау керек» деген пікірді әлемдік экономиканың тынысын тамыр соғысынан-ақ біліп қоятын аузы дуалы сарапшылардың өздері жоққа шығармайды.

Жоғарыда айтып өткен «Үлкен үштік» рейтингісінің қызметі ақылы. Бірақ оның қызметіне көбінесе, мемлекеттің үлесі бар компаниялар, екінші деңгейлі банк­тер, квазисектордағы қаржы инс­титуттары тапсырыс береді. Көптеген компания­да өздерінің жеке рейтинг агенттіктері жұмыс істейді. Ал жекелеген мемлекеттер, алпауыт компания­лар әлем алдында жалын күдірейтіп жүру үшін атақты үштіктің қызметіне жүгінеді. Олардың бағасы – қалың. Мысалы, эмитент рейтингінің орташа құны – 80 мың доллар, эмиссиялық рейтинг үшін 20 мың доллар сұрайды.

Рейтингтік қызмет бойынша шығын­дардың үлесі жекелеген компаниялар табысының 1%-ын, ал ұлттық корпорациялар үшін 0,7%-ын құрайды. Ұлттық рейтинг агенттігінің құрылуы рейтингтік шығындарды айтарлықтай төмендетуі мүмкін.

Қазір еліміз рейтингтік кеңістіктерді ретке келтіруді бастады. Рейтингтік агент­тіктерге қойылатын талаптар жү­йе­­леніп қалды. Мамандар Қазақ­стан­ның қаржы секторындағы активтер сапасының әжеп­тәуір жақ­сарып қалғанын атап өтеді. Гео­саяси фактордың экономикалық өсім мен банк секторына әсері қалыпты деп бағаланғанын халықаралық агенттіктер растап жатыр. Қаржы тұрақтылығының тәуекелі бақылаудан шығып кеткен жоқ.

Егер ұлттық рейтинг агенттігінің жұ­мысын жолға қойсақ, шетелдік агент­тіктердің бізге берген бағасы нақ­ты­ла­нады. Сарапшылардың баян­дауын­ша, әлемдік экономиканың тренд­те­рін ұстануға тырысамыз, өйткені жаңа экономикалық дағдарыстар фонында өзгермеу мүмкін емес. Рейтинг агенттігінің сарапшылары не ой түйе­тінін, нәтижесі рейтингімізді қалай қоз­ғап жіберетінін біз білмейміз. Себебі агент­тіктер шешім қабылдағанға дейін сыр алдырмайды. Тіпті болжам жасауға да мүм­кіндік бермейді.

Тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, халықаралық рейтингтердің болжамы, бағасы біз үшін маңызды. Бірақ өзіміздің мемлекеттік деңгейдегі ұлттық агенттігімізді соларға балама институт ретінде қалыптастыру одан сайын маңызды. Бұл ең бірінші кезекте сынға сынбау, өкпеге уақыт жоғалтпау үшін, өзгенің пікіріне тәуелді болып қалмай, кемшіліктерімізді түзеп, кемелдену үшін керек.

 

АЛМАТЫ