Спорт • 28 Ақпан, 2024

Ел чемпиондары анықталды

65 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістанда дзюдо күресінен жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Ел біріншілігіне Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 17 облыстан 820 жас татами шебері қатысып, 8 салмақ дәрежесінде күш сынасты.

Ел чемпиондары анықталды

Түркістан топырағында алғаш рет өткізілген ел біріншілігі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жарыс­тың салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан облысы әкімдігінің аппа­рат басшысы Ер­кеғали Әлім­құлов қатысушы спортшы­лар­ды құттықтап, сәттілік тіледі. Кү­рес бәсекесіне жан-жақты қол­дау көрсеткен облы­стық дзюдо фе­дерациясының пре­зиденті Ха­митдин Жарқынбеков ел бірін­шілігінің өңірде өтуі жастардың спорт­та шыңдалуына көп септігін тигізе­­тінін айтты. Ал еліміздің дзюдо күре­сінен жасөспірімдер арасындағы аға жаттықтырушысы Мейірлан Баймахан­бетов жарысқа қатысушы спортшылар жоға­ры дайындықпен келіп, татами тө­рінде та­ртысты белдесулер өтетініне сенім білдірді.

Әрине, түркістандық жан­күйердің бүйрегі өз өңірінің балуанына бұйыратыны мәлім. Бұл орайда жарыстың алғашқы күнінде қыздар арасында 48 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған сары­ағаштық Сымбат Тағай мен ұлдар арасында 55 килоға дейінгі салмақта белдескен Ернұр Батырғали алтын медальдің иесі атанып, жергілікті жанкүйерді қуантты. Жалпы, «Olym­pic Center» спорт кешенінде өткен жарыста бозкілемге шыққан әрбір спортшының жеңіске жетуді көздегеніне жанкүйер атаулы куә болды.

Сонымен, жекелей жарыстар нәтижесі бойынша Түркістан облысының командасы 3 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлдемен жалпы медаль кестесінде көш бастады. Ал Жетісу облысы 2 алтын, 2 күміс және 4 қола жүлдемен екінші орынға тұрақтаса, Қызылорда облысы 2 алтын, 1 күміс және 3 қола жүлдемен үздік үштікті түйіндеді. Нақтырақ айтсақ, қыздар арасында 40 кило салмақта Севинч Абду­кадырова (Шымкент), Әсел Русланова (Атырау облысы, 44 кг), Сымбат Тағай (Түркістан облысы, 48 кг), Фатима Супуғалиева (БҚО, 52 кг), Нұрай Жеңіс (Жетісу облысы, 57 кг), Көркем Орынбек (Алматы, 63 кг), То­мирис Ерғали (Қарағанды облысы, 70 кг), Нұршат Кемелханқызы (Жетісу облысы, +70 кг) алтыннан алқа тақса, ұлдар арасында Мағжан Жолдасбек (Қызылорда облысы, 50 кг), Ернұр Батырғали (Түркістан облысы, 55 кг), Бақдәулет Қабдешов (Алматы, 60 кг), Ислам Абай (Түркістан облысы, 66 кг), Шамсидин Апак (Алматы облысы, 73 кг), Расул Мухум (Жам­был об­лысы, 81 кг), Санжар Ер­ұлан­­ұлы (Қара­ғанды облысы, 90 кг), Дінмұхаммед Нысанбай (Қы­зылорда облысы, +90 кг) ел чемпио­ны атанды.

Түркістанда өткен чемпионат нәтижесі бойынша 2024 жылғы спорт маусымында Азия және әлем чемпионаты сынды бәсекелерде ел намысын қорғайтын дзюдодан жасөспірімдер құрама командасы жасақталады.

 

ТҮРКІСТАН