Қоғам • 21 Ақпан, 2024

Қамқоршылық кеңес отырысы

210 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Nazarbayev University қамқоршылық кеңесінің отырысы өтті. Оған Қам­қор­шылық кеңесінің төрағасы – Пре­зиденттің Экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Әсет Ерғалиев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин және Страте­гия­лық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Жандос Шай­марданов қатысты.

Қамқоршылық кеңес отырысы

Отырыста қатысушылар университеттің болашақ дамуы мен ғылыми-зерттеу әлеу­е­тін талқылап, биылғы бюджетті бекітті. Сондай-ақ кеңес мүшелері қаржы­лық тұрақ­ты­лықты қамтамасыз ету, ғылым мен өндірісті біріктіру бойынша нақты міндетті белгіледі.

– Nazarbayev University – еліміздегі ғылым саласында жетекші білім ордасы. Оның зерттеу әлеуетін одан әрі дамытуымыз қажет. Бүгін біз бұған көз жеткізіп отырмыз. Алдағы таңда еліміздегі өңірлік жоғары оқу орындары да біртіндеп ғылыми-зерттеу институттарының үлгісіне көшеді деп ойлаймын. Біз университет пен өндіріс арасындағы ынтымақтастықты күшейткіміз келеді, – деді Саясат Нұрбек.

Жиын аясында қамқоршылық кеңесі­нің мүшелері геномдық медицина зертханасының жұмысымен танысып, ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) әзірлемесін көріп, ғалымдармен кездесті.

Университет президентінің міндетін ат­қарушы директор Адесида өз сөзінде, алдағы таңда ғылыми-зерттеулерге баса на­зар аударып, ерекше көңіл бөлетінін айт­ты. «Біздің оқу орны жас ғалымдарды, соның ішінде PhD дәрежесін шетелде алған қазақстандық зерттеушілерді тарту үшін барынша жағдай жасауға күш саламыз», деді ол.

Кездесу соңында университет басшылы­ғы білім беру ресурстарын дамытуды, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және ел экономикасына қосатын үлесін арттыруда өнеркәсіптік сектормен серіктестікті нығайтатынын жеткізді.

 

Бекзат ҚҰЛШАР,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті

Соңғы жаңалықтар

Ширек ғасыр шекара шебінде

Мереке • Бүгін, 21:00