Қоғам • 20 Ақпан, 2024

Қымызға сұраныс жоғары

151 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елде үйір-үйір жылқысы барлар екі-үш бие сауып отырған шеткі ауылдастан саумал сатып ішеді. Қорасынан көктемде қырық бұзау өрген ауыл қазағының үйіндегі жеңгей қағаз қораптағы сүтті шайға қатып отыр. Барды ұқсатуға не кедергі? Әсілі, адамда қызығушылық болмаса, істеген істің бәрі құр ма деп те қаласың.

Қымызға сұраныс жоғары

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Жылқы сүті жарнаманы қажет етпейді

Ветеринария ғылымдарының кандидаты, Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының аға ғылыми қыз­меткері Дәулет Ибрагимовті арнайы іздеп барғанмын. Айтпақшы, кейіпкеріміз 10 жылдан бері бие байлап, саумал ішіп жүр. Одан бөлек, жұрт ақшасына сатып алып жатыр. Шымкент қаласындағы бұрыннан қымыз баптап жүрген дос-жараннан әдісін үйреніп, аз уақыт болса да дәріс алған ауыл шаруашылығы маманы білгенін бізбен бөлісуді теріс көрмеді.

– Қымыз дайындауға бап керек, әрине. Киікоты деген шөп бар. Таулы өлке­де кездеседі. Сол шөпті Қазығұрт жақтан алдырып, үйренгенім бойынша үлкен қымыз құятын ыдысты ыстадым. Бұрынғылар пайдаланған ағаш күбі не саба жоқ. Киікотымен ыстамас бұрын әлгі ыдысымның ішін қойдың құйрық майымен сылап дайындағанмын. Осылайша, көргеніміз бен естігенімізді қатар алып, қолдан келгенше қымыз баптап жүрмін. Әзірге қымызың жаман деген ешкім жоқ, – дейді ол.

Қымыз дайындаудың бейнеті көп. Әйтсе де келген қонақтарды күтушілер Дәулет аға дайындаған қымызды жаға­лай­ды.

– Байып кетейін деп бастамадым бұл кәсіпті. Өзімнің жылқыға деген құмар­лы­ғым шығар. Әу баста бағаны 800 теңгеге қойғанбыз. Ал кешегі індет кезінде саумалдың литрі 1 200 теңгеге дейін барды. Шынын айту керек, бағаны өрескел өсіргендер көп. Кейбірі жемшөп бағасын ауырлады. Өзім үйдегі жеңгеңе мықтап тапсырдым. Баға өспесін дедім. Ар жағындағы халықтың алғысы да маған жетеді, – дейді ол.

Коронавирус кеселі басталып, ушық­қан сәтте халық медицинадан гөрі өз бе­тінше ем іздегені рас. Ақпарат түр­ліше тарап, ас содасы, пияз бен сарым­сақ, құйрық май мен қымыз, соңында сау­малдың жарнамасы жер жар­ды. Шұ­бат, зімбір, лимон, тіпті адыраспан түтіні де қалыс қалмады бұдан.

– Саумалға жарнама керек емес. Оның денсаулыққа пайдасы туралы халық онсыз да өте жақсы біледі. Мен бір-ақ мысал айтайын. Анам ішкі құрылысы ауырып, нақтысы өті толып, мазасы қашып жүрген уақыт. Ұдайы қалта-қалта дәрі алдыртып, қыруар қаржыға емдетіп жүрдік. Мен саумал ішуге кеңес беріп, біртіндеп іше бастады. Төртінші күн дегенде запыран құсты. Содан бері тамақ алысы жақсарып кетті. Екінші мысал, көрші кәріс ұлтынан жасы үлкен апа бар еді. Ол ішек қатерлі ісігіне шалдыққан. Тіпті Кореяға барып емделіп, пышаққа да түсіп келді. Дәрісін қабылдап жүріп, саумалды да іше бастады. Енді бір кезекте қайта тексерілуге барады. Сөйтсе, кәріс дәрігерлер сұраған көрінеді. «Не істедің?», «Қандай ем қолдандың?» дегендей ғой. Бұл кісі сау­­малды айтқан. Сөйтсе, олар саумалдан айырылмауға кеңес беріпті, – деп ынталана сөйледі Дәулет Ибрагимов.

Кейіпкеріміздің айтуынша, жылқы сүтінде ағзаға керек дәрумендер көп. Әрі олар өте күшті болып келеді. Өкпе ауруын жазатын қымыздың асқазан-ішек жолдары, бауыр мен өт қызметіне пайдасы орасан. Тері аурулары мен жүйке жүйесін тыныштандыратын қасиеті бар.

– Кез келген адам ауырғанда иммунитет қоры түгесіледі. Негізі бұл саумал деге­німіз бірден аурумен күреспейді. Тек біздің иммундық қорымызды көбейтеді. Дұрыс түсіндірдім бе, егер сіз ауырған жағдайда саумал не қымыз ішкен кезде сіздегі жетіспеуші витаминді толық­ты­ра­ды. Сол кезде сіздің ағзаңыз еш дәрі-дәрмектің көмегінсіз, ұдайы аурумен өзі күресе береді. Жылқы сүтінің бойында 28 түрлі дәрумен бар екен. Саумал мен қымыздың, шұбат, жалпы, ағарғанның құдіреттілігі осында, – деді ғылым кандидаты.

Айтпақшы түйе сүтін қайнатып ішкен дұрыс. Өйткені бруцеллез, қазақша атауы сарып деп аталады, сол кездеседі. Ал жылқы малы бұған төзімді. Маман пікірі осындай.

 

Бір бие бір отбасыны асырайды

Қымыздың қымбаттауы да қарапайым елге қиын. Білуімізше, баға көтерілудің бір себебі – жепшөп бағасында. Мысалы, күріш жемінің қабы 3 000-4 000 теңге, 40 келілік бір қап бидайдың бағасы – 6  500-7  000 теңге. Жоңышқаның бумасы – 1 200-1 300 теңге. Баға жыл сайын өсіп жатыр. Бұның бәрі жылқы ұстап, бордақы мен бие байлағандардың әмия­ны­на жақсылап әсерін береді.

– Бие 700 грамнан бастап тұқымына қарай литрден асырып бере алады. Мысалы, менің бием күніге бес мың теңге тапты делік. Екі мың теңгесін өзі жейді. Қалған мың жарым теңге азық-түлікке. Соңғы мың жарым теңге жемшөп тасымалы мен басқа да ұсақ-түйектерге. Негізі, әр отбасы жылқы ұстап, бие бай­­ла­са, қиындығына төзсе, шынымен оларға артық жұмыс іздеп қажеті жоқ. Бір құ­лынды бие бір отбасыны асырайды. Сау­мал мен қымыз қазақ барда жерде қал­майтыны анық, – дейді атқұмар ағамыз.

 

Киесінен қорықсақ екен...

Ғылым кандидатының айтуынша, негізі жылқы малы ақпаннан бастап мамырға дейін төлдей береді. Құлыны жерге түскеннен бастап әбден буыны бекігенше емген дұрыс. Бұл – екі ай бие мен құлынды айырмайсың деген сөз. Мерзімі біткеннен кейін үйретілген биені күніне бес мезгіл сауып іше бересіз. Құлындаған байталға бір-екі аптадан соң қайта айғыр түседі. Мінезді биелер кездессе, үш айдан кейін саудырмай қоюы мүм­кін. Кейбірі ішіндегі құлын қоз­ғал­ған­ша саудыра береді.

– Осы шілдеде қымыз ішуге болмайды деген де әңгіме бар, – дедім мен де естігенімді алға тартып.

– Бұл енді жаңсақ пікір, – деді Дәукең маңдайын сүртіп. – Шілдеде қауын-қарбыз пісіп, соның жарнамасын алға тар­тып жүргендердің сөзі. Қымызды жыл он екі ай іш. Саған дәрі де керегі жоқ, ауру да жоламайды. Негізі бізде, ашығын айту керек, қымызды баптап ұсынып жүргендер жоқтың қасы. Қарағанды, Шымкент сияқты қалаларда мамандар да бар. Сондай-ақ сауылған жылқы сүті мен сияқты бие байлайтындардың үйінен саумал күйінде бірден сатылып кетеді. Бейнеттің ең оңайы да сол. Ат баптап, қымыз дайындайтындар өз ісін сүйсе ғана соның бейнетіне төзбей ме?!

Әр жануардың киесі барын бұрыннан білетінбіз. Бұдан түсінгеніміз, малды ешқашан ұруға болмайды. Әсіресе са­уып отырған малды. Қазақ мұндайда сүті қашады деп ырымдаушы еді. Жасынан жылқышының көмекшісі болып, бірте-бірте мал шаруашылығы саласында мемлекеттік қызметке дейін атқарған атқұмар жан жылқы мен қымыз қасиеті туралы айтудан жалықпайды. Әрі түске дейін бақсаң, түстен кейін иесінің тілеуін бірге тілейтін текті жануар туралы біздің халықта әңгіме көп қой.

 

Қымыз десе, қызарып қаламыз

Енді статистикалық мәліметтерді сөйлетсек. Республика бойынша 2022 жыл 29,3 мың тонна жылқы, 17,4 мың тонна түйе сүті өндірілген. Бұл – Ауыл шаруашылығындағылар ресми ұсынып отырған мәлімет. Өйткені жеке адамдар сауып отырған сүт бұл есепке кірмейді. Егер кірсе, бұдан біршама көп қымыз бен шұбат сапыратынымыз айдан анық. Сондай-ақ салалық министрліктің 2019 жылғы 15 наурыздағы №108 бұйры­ғымен бекітілген «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шар­уа­­­шылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» қағи­даларына сәйкес бюджет қаражаты есебінен қымызды өндіру және өңдеу құнын арзандатуға литріне – 60, шұбатқа 55 теңгеден субсидия төленеді. Ал асыл тұқымды түйенің бір басын сатып алуға 100 мың теңге қа­­ралған.

Қазір министрлік жергілікті атқару­шы органдармен бірлесіп 2024-2026 жылдарға арналған инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша пысық­талып жатқан Жол картасына сәйкес 2026 жылы Маңғыстау және Ақтөбе облысынан шұбат өндіретін екі жобаны іске қосу жоспарланыпты. Қос жобаның жалпы құны – 1,2 млрд теңге, қуаттылығы – жылына 2,9 мың тонна шұбат өндіру.

Бір белгілісі, Ұлттық статистика бюросы көрсеткендей, былтыр республикада 270 мыңнан астам Ойсыл қара тұқымы мен 4 млн басқа жуық Қамбар ата түлігі тіркеліпті. Салыстырмалы түрде қарасақ, елде жыл өткен са­­йын төрт түлік басында өсім жақсы-ақ. Бірақ өнімін толыққанды өзімізде игеру жүзеге аспай келеді. Әр жерден киіз үй тігіп, қымыз сапырып, шұбат құйып сататын ұсақ сауда орындарынан бөлек, жекелеген адамдар бірінің естуімен бірі қабылдап, саумал саудасын жүргізіп тұр. Мүйізді ірі қара мен түйе сүтіне қатысты ірілі-ұсақты жобалар барын да білеміз. Ал жылқыға келгенде жағдай белгілі. Қымыз өндіретін шағын зауыт не цех болмаған соң өзгелер алдында қызарақтайтынымыз рас енді.