Партия • 20 Ақпан, 2024

Тиімді диалог жалғасады

42 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Amanat» партиясы Қытай Коммунистік партиясымен өзара ынтымақтастықты нығайтып келеді.

Тиімді диалог жалғасады

«Amanat» партиясының атқа­рушы хатшысы Дәулет Кәрібек Қытай Коммунистік партия­­сының Орталық Коми­теті жанын­дағы партия мектебі­нің бірін­ші проректоры Се Чунь­тао­мен кездесіп, партияаралық диалог­ті дамыту, экономика­лық және мәдени-гуманитарлық сала­лардағы екіжақты әріптестікті күшей­ту мәселелерін талқылады. Тарап­­тар парламентаралық және пар­­тия­аралық деңгейлерде ын­ты­­мақ­­тастықты нығайтуға уағдаласты.

Басқосуда Дәулет Кәрібек бүгінде екі елдің мемлекет­ара­лық қатынасы тиімді дамып келе жатқанын атап өтті. Жақын­да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақ­тастығының III Форумына қатысты. Ал өткен айда Мәжіліс cпикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Хао Минцзинмен кездесті. Сондай-ақ атқарушы хатшы партияның қазіргі саяси күн тәртібі, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды реформаларын жүзеге асыру және партияны жаңғырту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыс туралы ақпаратпен бөлісті.

ҚКП ОК жанындағы партия мектебінің бірінші проректоры Се Чуньтао қос мемлекет арасындағы қарым-қатынастың тарихи және мәдени-гуманитарлық аспектісіне тоқталды. Ол Қытай Компартиясы мемлекеттер арасындағы тату­көршілік қатынасты одан әрі нығайту мақсатында «Amanat» партиясымен ынтымақтастықты күшейтуге ниетті екенін жеткіз­ді. Сонымен қатар іс-шараға қатысушылар партиялық оқыту мен партия кадрларын даярлауды дамыту саласындағы өзара іс-қимылды талқылады.

Кездесу соңында тараптар партияаралық диалогті нығайту­ға уағдаласып, екіжақты және халықаралық маңызды мәселелер бойынша пікір алмасты. «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы және ҚКП ОК жанындағы партия мектебінің бірінші проректоры осындай кездесулерді тұрақты түрде өткізу қажет екенін алға тартты.