Инфрақұрылым • 19 Ақпан, 2024

Тынысымызды кеңейткен транзиттік әлеует

45 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елдің логистикалық әлеуетін арттыру мәселесі өткір тұр. Бұл орайда «Қазақстан темір жолы» сияқты ұлттық компанияның міндет ауқымын кеңейту аса қажет. Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, ҚТЖ-ны ұлттық транзиттік-логистикалық компанияға айналдыру бойынша атқарылған жұмыстар екі бөліктен тұрады.

Тынысымызды кеңейткен транзиттік әлеует

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

«Біріншісі – инфрақұрылым жасау, екіншісі – тасымалдау. Инфра­құ­рылым жасау бойынша Қытайдың Ляньюнган портында Қазақстан терминалы ашылған. Оның қуаты – 220 мың тонна. Бұдан бөлек, биыл бірінші кезең аясында Сиань портында тағы бір жаңа Қазақстан терминалы ашылды. Оның қуаты – 66 мың тонна. Ляньюнган портымен бірге Қорғаста арнаулы құрғақ жүктерге арналған терминал салынды. Одан кейін Ал­матыда Сиань портымен бірге құр­ғақ жүктерге арналған арнайы тер­минал құрылысын биыл бастаймыз. Сонымен қатар Ляньюнганмен тағы бір жобаны қолға алып, Ақтауда арнаулы терминал саламыз», деді М.Қарабаев Сенатта сөйлеген сөзінде.

Айтуынша, ел ішіндегі жүктерді сыртқа шығару бағытында Әзербай­жанның Алят портында «Abu Dhabi Ports» компаниясымен бірге терминал салу келесі жылға жоспарланған. Ал Грузияның Поти қаласында отандық жеке кәсіпкер қуаты 480 мың тонналық терминал салған. Оған ҚТЖ консорциум ретінде кірді. Қытайдан Еуропаға дейін инфра­құрылым салу бағытындағы жос­пар және атқарылған жұмыс осы. Яғни Қытай аумағында 1 терминал салынды. Биыл 2 терминал құрылысы басталады. Келесі жылы тағы 2 терминал салу жоспарланған.

Министр жүк тасымалдау бағытына да тоқталып, ҚТЖ-ның сингапурлық «PSA International Pte Ltd» компаниясымен бірлесіп, Транскаспий көлік дәлізі бо­­йынша жүктерді тасымалдайтын бірың­ғай компания құрғанын мәлімдеді. Осы компания Еуропа мен Қытай арасында жүктерді тасымалдаумен ай­на­лыспақ. Ресейден Иран мен Пәкістанға шығатын жол бойынша «Abu Dhabi Ports» компаниясымен екіжақты келісімшартқа қол қойылып, еншілес компания ашылды. Бірақ жүк тасымалдау әлі басталмаған.

«ҚТЖ» ҰК Басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев жолаушылар тасы­ма­лы және жол сапасына қатысты сауал­дар­ға жауап берді.

«Қазақстанда бүгінде 16 мың км теміржол бар. 2,5 мың км жолдың пайдалану мерзімі өткен. Президент тапсырмасымен 2030 жылға дейін 11 мың км жолға жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Былтыр теміржолдағы жөндеу жұмыстары екі есе көбейді», деді ол.

Өткен жылы локомотивтердің күрт же­тіспеу қаупі орын алған. Дегенмен алдын ала тапсырыстың арқасында 119 ло­комотив сатып алыныпты. Биыл – 194, 2025 жылы 245 локомотив сатып алын­бақ. Осылайша, бұл тұрғыдағы қа­жет­тілік толығымен шешілуге тиіс. Спи­керлердің мәліметінше, теміржолда жылдан-жылға жүк көлемі де, айналым да артып келеді. Мысалы, былтыр жүк көлемі 297 млн тонна рекордтық көр­сет­­кішке жетсе, жүк айналымы 7 па­йыз­ға өскен.