Экспорт • 13 Ақпан, 2024

Тариф пен экспорттың арасы

66 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Отандық экспорттаушылар теміржол тарифтерінің көтерілуіне қатысты дабыл қағып жатыр. Жыл басынан бері «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы магистралдық теміржол желісі (МТЖ) қызметтерінің тарифін 5%-ға арттырған. Бұған қоса «ҚТЖ-жүк тасымалы» ЖШС локомотивтік тарту қызметтері тарифін 35%-ға көбейтуге өтінім жолдапты. Алайда 2023 жылдың өзінде жүктерді тасымалдауға арналған теміржол тарифтері үш рет (МТЖ қызметтеріне – 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 5%-ға және 2023 жылғы 27 сәуірден бастап 28,4%-ға, локомотивтік тарту қызметтері – 2023 жылғы 6 қарашадан бастап 11,4%-ға) көтерілген екен.

Тариф пен экспорттың арасы

2024 жылғы 8 қаңтарда «ҚТЖ» ҰК» АҚ 2024-2025 жылдарға ар­нал­ған жекелеген бағыттар бо­йынша магистралдық теміржол же­лі­сінің реттеліп көрсетілетін қыз­меттерінің тарифтеріне ең жо­ғары индексті өзгертуге өтінім берген. Кейінгі жылдары жиналып қалған қарызды жабу мақсатында ҚТЖ экспорттық тасы­мал­дар­ға арналған магистралдық темір­жол желісінің реттеліп көрсетілетін қыз­мет­те­ріне (бекітілген тарифтерге коэф­фи­циенттерді арттыратын), сондай-ақ ҚР шекаралық өткелдері мен теңіз портта­ры арқылы стансаларымызда өтетін «жүк түсіру, тиеуден» вагон­дардың бос жүруі­не баға шек­те­рі­нің өсуін мәлімдеді: 2024 жылы – 3,89 есе, 2025 жылы – 4,42 есе өседі.

«Атамекен» ҰКП Тау-кен металлургия кешені департаментінің ди­рек­торы Рустам Шунтуковтың айтуын­ша, экспорттаушылар өткен жылы айтарлықтай қар­жылай жүктемені сезінді. 2024 жылы тарифтердің өсуі отандық экспортқа қауіп төндіруі мүмкін.

«ҚТЖ қарызды жабу үшін баға шегін арттыруды ұсынып отыр. Бұл ретте баға шектерін қолдану тәртібі айқындалмаған. «ҚТЖ» ҰК» АҚ максималды индексі шеңберінде өз қалауы бойынша баға шектерін қолдануға қатысты шешімдер қабылдайтын болады және түрлі жүктер мен тасымалдау бағыттары үшін әртүрлі арттырушы коэффициенттер белгіленуі мүмкін. Бұл қадам экспорттаушылар үшін көп кедергі туғызады», дейді спикер.

Оның айтуынша, жүктерге ши­кізат пен өнімді тасымалдаудың бала­масыз тәсілі – теміржол көлігі тау-кен металлургия кешені, кө­мір өнеркәсібі сияқты эко­но­мика салаларына кері әсер етеді. Бизнестің осы санаттары үшін қауіп-қатер болашақта экс­порттың соңын тиімсіздікке ұрын­дыруы ықтимал.

«Атамекен» ҰКП Агроө­нер­кә­сіп кешені департамен­тінің директоры Ерден Наурызбековтің сөзінше, егер отандық тасымалдаушылар үшін тариф көтеріліп, бірақ жекелеген елдердің біздің аумақ арқылы тауар тасуы үшін жеңілдетілген тариф бекітілер бол­са, мұның аяғы біз үшін жақ­сылыққа апарып соқпайды. Өйткені ондай жағдайда сыртқы на­рықтағы біздің өнімдер қым­бат­тап кетеді және бәсекеге қабі­летсіз болып қалады.

Май дақылдарын өңдеу ұлттық қа­уым­­дас­тығының басшысы Ядыкар Ибрагимов экспортқа та­риф­тердің өсуі Қазақ­станның бір­­қатар май зауытының банк­рот­тық­қа ұшырауына әкеліп соғуы мүмкін деп отыр.

«Қазақстанның ішкі нарығы шектеулі. Сондықтан біз өз өнім­де­рімізді экспорттық бағыт­та жө­нел­теміз және Ресейдің жет­кі­зу­­ші­лерімен бәсекелесеміз. Бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштерінің бірі ТЖ көлігімен тауарларды тасымалдау құны болып отыр. Магистралдық теміржол желісі қызметтеріне тарифтер бойынша баға шегінің ұлғаюына байланысты экспорттық бағытта жүк­тер­ді тасымалдау құны көте­ріл­се және негізсіз болса, біз жай ғана нарықтан түсіп қаламыз. Май зауыттары жұмысын тоқ­та­туға мәжбүр болады. Егер мұнай өнімдерінің ішкі нары­ғын­дағы төмен сұранысты еске­ре­тін болсақ, онда қайта өңдеу кәсіпорындарының басым бөлігі банк­ротқа ұшырайды», деді Ибрагимов.

Бизнес өкілдері теміржол кө­лі­гімен жүктерді тасымалдауға және МТЖ қыз­мет­теріне тариф­тердің көтерілуіне байла­ныс­ты туындаған мәселелер ҚТЖ ре­фор­масының ұзаққа созылуы­ның салдары екенін айтады. Бұл сек­тордағы бәсекелестік әлсіз дейді сарапшылар. Транзитке басымдық беріледі. Транзиттік тариф инфрақұрылымдық және тасымалдау құрам­дас бө­лік­теріне бөлін­бей­ді. Сон­дық­тан инфрақұрылым транзиттен түсетін кірістердің қандай көле­мін алатыны туралы түсінік жоқ.

Айта кетейік, 2023 жылдың желтоқ­санында Ұлттық эконо­мика министрлігі магистральдық те­міржол желісінің рет­теліп көр­сетілетін қызметтеріне баға ше­гін қолдану мақсаттарының тіз­бесін кеңейтіп, оны жаңа мақ­сат­пен толықтырды. Бекітілген тарифтік сметаға сәйкес 2024 жылы барлық қатынастарда МЖС рет­телетін қызметтерінен ҚТЖ кіріс­тері 505 млрд теңге сомасын­да көз­дел­ген. ҚТЖ баға шегін қол­дану есебінен қосымша 396 млрд теңге алуға ниетті.

Қазақстандық вагондар (контейнерлер) операторлары мен тасымалдаушылары қауым­дас­ты­ғының бас директоры Салтанат Адамбаеваның айтуынша, қазіргі уақытта нақты баға саясаты жоқ.

«Шекара стансалары, теңіз порттары бойынша вагондардың бос жүріс құны төрт есе артты. Мұндай талап неден құралғаны түсініксіз. Теміржол барлық жерде жеңіске жететіні белгілі болды. Пойыз бос жүрмейді, бос вагондар және сақтау үшін он есе мөлшерде айыппұл төлейді. Бос жүрсе, демек тарифті төрт есе қымбат төлейді. Егер сізде шығындар болса және бір нәрсені жабу қажет болса, неге тран­зит­тік тасымалдау үшін жақ­сы жеңілдіктер жасап, бірақ экс­порт­тық тасымалдау­да қым­бат­шылыққа неге жол бері­ле­ді? Біз бүгінгі таңда нақты баға сая­сатын көріп отырған жоқпыз», дейді Адамбаева.