Экономика • 12 Ақпан, 2024

Халықтың табысын ойласақ...

201 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Былтырғы желтоқсанның соңында Бірінші несие бюросы (БНБ) кедейлік деңгейіне қатысты соңғы мәліметтерді жариялап, кедейлер саны бойынша ұзақмерзімді рекордты жаңартты. «2023 жылдың үшінші тоқсанында бұл көрсеткіш екінші тоқсанмен салыстырғанда 9 пайызға өсіп, 1,1 миллион адамнан асты. Бұл – 2011 жылдың басынан бергі 13 жылдағы ең жоғары көрсеткіш», делінген БНБ хабарламасында. Олар бұл деректі Ұлттық статис­тика бюросының мәліметтеріне сүйене отырып хабарлап отыр.

Халықтың табысын ойласақ...

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Кедейлік құрсауы неден?

Кедейлік пен табыс теңсіздігі – тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемнің бас ауруы. Қаңтар айында өткен Дүниежүзілік экономикалық форум сарапшылары 2023 жылы мұнай-газ компаниялары үшін рекордтық табыс болғанын, бұл жер үстіндегі теңсіздікті үдетіп жібергенін, тіпті енді 10 жылдан кейін алғашқы триллионер пайда болып, кедейлік мәселесі жалғаса беретінін мәлімдеді. Форум материалдары адамзат тари­хында бұрын-соңды мұндай табыс теңсіздігі мен меншіктің шоғырлануы болмағанын алға тартып, саяси билікке ие мил­лиар­дердің қатары көбейіп кет­кені айтылды. Қысқасы, 2023 жылы теңсіздік күшейіп, байлар бұрынғыдан бетер байып, ал кедей байғұстың күні сол шешілмеген қалпы қала берді. Мұның салқыны біздің елде де аздап байқалды.

Сонымен, 2023 жылдың қоры­тын­дысы бойынша кедей­ші­ліктің ең жоғары деңгейі Түркістан облысында, содан соң Жетісу облысында тіркеліпті. Ал Ас­та­на мен Қарағанды еліміздің кедейі аз өңірлерінің көшін бастап тұр. Ресми түрде Қазақстандағы кедейлер – табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен адамдар. 2024 жылдың қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі – 43 407 теңге.

Біздің елде кедейді кедей деп тану біраз кедергілерден өтіп барып, бірсы­пы­ра жылдар бойы заңдастырылды. Тек кейінгі бес-алты жылда ғана кедейді кедей деуге тіліміз барды.

Саясаттанушы Досым Сәт­паев­тың айтуынша, Үкіметтің ІЖӨ көр­сеткіші мен әлеуметтік жағынан аз қор­ғалған топтың жағдайы арасындағы айыр­машылықтан біздің елдегі статистиканың өзі адасып қалады. 2020-2024 жыл­дарға арналған әлеуметтік-эко­но­микалық даму болжамында жан басына шаққанда ІЖӨ 14,3 мың долларға дейін ұлғаятыны ай­тылған. «Экономикалық форум ма­териал­дарындағы табыс теңсіздігі мен меншіктің шо­ғыр­лануы, бұрын-соңды сая­си билікке ие миллиардердің қата­ры­ның көбейіп кеткені туралы деректердің біздің елге де қатысы бар. Басқаша айт­қанда, ІЖӨ-дегі 14,3 мың доллар – оли­гар­хия­лық топтардың меншігіндегі капи­талдың 20 млн адамға бөліп тастағандағы көрсеткіші. Біз ке­дейлік деңгейін азамат­тары­мыз­дың дастарқаны­на қарап баға­лайық», дейді Д.Сәтпаев.

Саясаттанушы айтып өткендей, елдегі кедейлік көрінісінің бетін тырнап жі­берсек, бірнеше әлеу­мет­тік санатты көре­міз. Айлық табысы несиесінен артылмайтын, балаларын түрлі ақылы үйірмелерге қатысуға, отбасымен жылына бір рет өзіне демалыс ұйымдастыруға, ақылы емханаларда емделуге шамасы жетпейтін топтың бәрін осы санатқа жатқызуға болады. Бірақ олар – ресми түрде кедей деп таныған топқа қарағанда өте «мәдениетті және зиялы», кедей­лігін білдірмей жалын күді­рейтіп жүрген топ.

Саясаттанушы, экономист, Алматы қо­ғам­дық кеңесінің мү­шесі Марат Ши­бұтов өткен аптада журналистермен кез­дескен кезде 2006 жылдары кедейлік деңгейі 31,6-дан 18,2 пайызға, ал 2010 жылы 6,5 пайызға дейін төмендепті. Экономист бұл көр­сет­кішке сол жылдары әр отба­сының қорасындағы қойы мен тауығына дейін санап, оларды өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырған деген санатқа іліндіріп жіберген саясат ықпал етуі әбден мүмкін екендігін айтады.

Адамдарды кедейлік құр­сауынан қа­лай шығарамыз деген мәселе кеше де, бүгін де өзекті. Біздің елдегі кедейлік шегі халықаралық стандарттар­дан ай­тар­лық­тай төмен. Қазір­гі уа­­қыт­та ол өмір сүру мини­му­мы­ның 52 пайызын құрайды. Бұл ретте Дүниежүзілік банк табысы орташа елдердің жоғары сегменті, яғни Қазақстан үшін бір адамға күніне 6,85 доллар немесе айына 205,5 доллар (шамамен 93 000 теңге) кедейлік шегін белгіледі. Адам басына тәулігіне 6,85 АҚШ долларын құрайтын бұл көрсеткішке сүйене отырып, Дүниежүзілік банк 2022 жылы Қазақстандағы кедейшілік дең­ге­йін 16% деңгейінде бағалай­ды, бұл ұлттық статистикадан үш есе жо­ғары болады. Үкімет бер­ген ста­тистика мен халықтың шына­йы күнкөріс деңгейінің айыр­­ма­шы­лықты сырт көздің бай­қа­мауы мүмкін емес.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, елдегі орташа жалақының үштен бір бөлігі ең төменгі жалақы ретінде белгіленуі керек. Біздегі орташа жалақы биылдан бастап 350 мыңнан асады. Демек ең төменгі жалақы 85 мың теңге емес, 100 мың, ал төменгі күнкөріс деңгейі 43 мың емес, 80 000 теңгенің айналасында болады.

Марат Шибұтовтың айтуын­ша, кедей­ші­ліктің өсуі, ең алдымен, демогра­фия­­ға байланыс­ты. Отбасындағы бала кемі 18 жасқа дейін отбасының қалған мү­шелерінің табысына тәуелді. Мы­салы, 4 баласы бар отбасында ата-анасы ғана жұмыс істесе, отбасылық табыс 6 адамға есеп­теледі. Экономикамыздың әртарап­тан­ды­рылмауы біраз мүмкіндіктеріміздің көзін бітеп тастаған. Марат Шибұтов айтып өткендей, уран немесе уран оксидін (VI), диуран (V) экспорттағандағы пайдамыз 2,5-3 млрд доллардан аспайды. Егер АЭС салып, электр қуатын өндіріп, соны жан-жағымыздағы елдерге сатсақ, бұл көрсеткіш қазіргі деңгейден үш-төрт есе жоғары болар еді.

Сарапшы айтып өткендей, табысты арттыру арқылы кедейлік деңгейін төмендетудің мың түр­лі жолы бар. Бірақ пайдалы қаз­ба­ларымыздың дені шетел­дік­­тердің қолында. Оларға уран эко­­номикасын әртараптандыру емес, шикі өнімді шетелге экспорт­тау әлдеқайда тиімді. Мұндай жағ­дай­да бизнесіміз өспейді, аза­маттарымыздың жалақысы отба­сының ең төменгі деңгейдегі қа­жет­тілігін ғана өтеуге жетеді.

Келесі қаржыгер Расул Рысмам­­бетов кейінгі оншақты жыл­­да халықтың номиналды кірісі өске­­німен, нақты табыс айтар­лық­тай артта қалды деп есептейді. Ха­лықтың табысы инфляцияға ілесе алмай жатыр. 2022 жылы инфляция – 20 пайызға, ал 2023 жылы 9,8 пайызға өсті. Кедейлік тұзағына шырмалып қалатын­дар­дың басым көпшілігі ең аз жалақы алатындар екенін сарапшылар да жиі айтады. Төмен еңбек өнімділігі мәселесі экономикалық өсімнің төмендеуіне, сонымен бір мезгілде халықтың тұрмыс деңгейінің құлдырауына алып келеді. Ең аз табыс мөлшері ең көп табыс мөлшерінен 13 есе аз.

 

Халықтың қарызы – кедейлік көрсеткіші

Р.Рысмамбетовтің айтуынша, кейінгі кезде екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) пайыздық мөлшерлемені төмендету керек деген пікірі басымдық алып бара жатыр. Несие пайызы, ең алдымен, эконо­ми­каға байланысты. Әлсіз экономика мықты банктің өзін тұншықтырып тастайды. ЕДБ жағдайын экономикалық жағдайдың көрсеткішінің айнасы деп қабылдау керек.

Р.Рысмамбетовтің айтуынша, ел­дегі кедейлер саны қағазға түсіп, қат­тал­­ғаннан әлдеқайда көбірек болуы мүмкін. Мұнай, сауда, банк секторы, ақпаратты технология әлі де болса табысты салалардың санатында тұр. Сарап­шы айтып өткендей, мемлекет тарапынан берілетін демеу қаржы азамат аштан өліп қалмау үшін беріледі. «Кейбір сарапшылардың «мемлекет жұмыс орындарын ашуға міндетті» деген пікірімен келіспеймін. Жұмыс орнын ашуды бизнестің жауапкершілігіне жүктеп, мемлекеттің оған кедергі келтірмеуін қадағалау, ертең осы мәселелерге нақты жауап беретін адамдарды бүгін анықтап алуымыз керек. Егер бизнеске бір жұмыс орнын алу үшін бар болғаны 10-15 мың АҚШ доллары қажет болса, мемлекетке одан 10 есе көп, 150 мың АҚШ доллары қажет. Кедейшілікпен күресудің құралы – макроэкономикалық тұрақтылық. Оны қалыпты дең­гей­де ұстап тұру ха­лық­тың табысын арттыруға жол ашады. Өндірістің өнімділігін арттыру эко­номикалық өсімге жол ашу керек. Мұндай жағдайда экономиканың өзі халықтың табысы мен өмір сүру дең­гейін арттырады. Мемлекеттің кедей­шілікті жоюдағы басты міндеті – макро­эко­номикалық тұрақтылық үшін жағдай жасау», дейді сарапшы.

 

Басты назар – балаларда емес...

Өткен жылы балаларға арнал­ған жал­пыға бірдей әлеумет­тік көмек бағдар­ламасын Халық­аралық еңбек ұйы­мы (ХЕҰ) мен БҰҰ Балалар Қоры (ЮНИСЕФ) енгізуді ұсынады. ХЕҰ мен ЮНИСЕФ-тің бірлескен баяндамасында «Әлемдік ауқымда балалардың үштен бірі ғана әлеу­меттік қорғау бағдар­ла­ма­ла­ры­мен қамтылған, олар жақсы та­мақ­тануға және оқуға, сайып келгенде, кедейліктен шығуға мүмкіндік береді», деп атап көр­се­тілген. Сарапшылар «өте кедей­шілік» дегенге балалардың күн­кө­рісі бір доллар құрайтын және күніне 90 центті (шамамен айы­на 21 мың теңге) жатқызған. «Барлық балалардың жартысы жоқшылықта болмаса да кедейлікте. Олар 3 доллар және күніне 10 цент (айына 35 мың теңге шамасында) өмір сүреді. Жалпы, әлемде балалар арасында кедейлік көп. Балалар арасында кедей адамдардың үлесі ересектерге қарағанда екі есе жоғары», делінген баяндамада. Әлемдік ақпарат көздеріндегі деректер дамыған елдерде де балалар арасындағы  кедейліктің өзекті екенін дәлелдей түседі. Мәселен, Норвегияда көпбалалы отбасылар салықты аз төлейді, кейбір елдер білім алуды, медициналық көмекті тегін жасау арқылы бұл мәселені шешуге тырысады.

Балалар кедейлігі туралы дү­ние­­жү­зі­лік анықтамада жақсы білім алуға, дұрыс медициналық көмек алуға, жақсы тамақтануға баланың қолы жетпесе, оған кедей­лік деп баға берілетіні айтыл­ған. Ал біздің қоғамда бұл мәселе жалпы кедейлік ұғымы деңгейінде қарастырылады. Елде ресми түрде кедей деп танылған отбасылардың 90 пайы­зы көпбалалы отбасылар екен. Ұлттық санақтың нәтижесі бо­йынша 17 жасқа дейінгі бала­лар­дың үлес салмағы басым. Ал «ЮНИСЕФ Қазақстан» мәлі­ме­тін­ше, біздің елдегі бала­лардың 15 пайызы – 1 млн бала кедей отбасында екендігін айтады.

Қаржыгер Бейсенбек Зиябе­ков­тің айтуынша, балалар ара­сын­дағы кедейлік жеке мәселе ретінде қарастырылмайды. Табы­сы аз отбасыларда балаларға бе­рі­­ле­тін жәрдемақыға бақылау жа­сайтын кез келді. Кейбір отбасыларда сол жәрдемақының өзін басқа мақсатқа, тіпті несиені жабуға жұмсап жатқанын есітіп жүрміз. «Асхат Аймағамбетов білім министрі болып тұрған шақта балаларға жәрдемақы берілгенде оның барлық қажеттіліктері еске­рілуге тиіс екені, орта­лық­тан шал­ғай аймақтарда балаларға арнап тегін тіл үйренетін үйірмелер, спорт үйірмелері ашылатыны айтылған еді. Сол мәселе өзге министрлік тарапынан қолдау таппағандықтан ұмыт қалды.Енді шетелден қайта­рыл­ған ак­тив­тің тым болмаса 5 пайызын осы мақсатқа жұмсасақ, қала баласы мен дала баласы өмі­рін­дегі айырмашылықтар бір-біріне жақындайтын еді», дейді Б.Зиябеков.

Қаржыгер айтып өткен екінші мәселе – кедейлікті демографиямен са­лыс­тыруға болмайды. Бұл үдеріске ішкі көші-қон мәселесі де өз қолтаңбасын қалдырып жатыр. Ауылдан қалаға бет түзеген жас отбасылардың басым көпшілігі пәтер жалдап тұрғандықтан, табы­сының түгелге жуығы пәтер жалдау ақысына жұм­са­лады. Кей отбасының қандай қиын жағдайда тұрып келгенін 2019 жылы 4 ақпанда Астананың іргесіндегі Көктал-1 елді мекенінде көмірмен жылынатын жер үйде жанып кеткен 5 қыздың қасіретінен кейін біліп жатырмыз. Өзіне ғана емес, балаларына қол салған аналар өздерімен бірге шындықты алып кетті», дейді Б.Зиябеков.

Сарапшының сөзінше, балалар ара­сын­дағы кедейліктің салмағы мемлекет үшін маңдайға қадалған тікен, табанға батқан таспен бірдей деп бағалану керек. Себебі кәмелеттік жастан асқан аза­мат­тарда өз өмірінің кар­тинасын қа­лып­тастыруға мүм­кіндік бар. Ал балада ондай мүм­кіндік жоқ, олардың бай немесе кедей отбасында дүниеге келуі пешенесіне жазылып қойған жазмышпен бірдей. Балаларымыздың «кедейлік тұзағына» шырмалып қалуына жол беруге болмайды...

 

АЛМАТЫ