Ән • 08 Ақпан, 2024

Зұлқияның әні

71 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Иә, Зұлқияның әнін орындамаған әнші кемде-кем шығар. Сонау Сәкендер заманында да, бүгінгі біздің уақытта да. Әріде Майра Уәлиқызы, беріде Рамазан Стамғазиев салғанынан-ақ ертеден келе жатқан шоқтықты туынды деуге болар. Қателеспесем, бірер бағдарламаға да өзек болған шығарма. Сөз басында Сәкенді де тегін атамадық, ән туралы тұңғыш жазушылардың бірі де осы бабамыз ба екен деген ойға қалдық.

Зұлқияның әні

Оның мәнісі былай. Ақын 1919 жылы атаман Анненковтың азап вагонында болып, Омбыдағы түрмеден жаяу қашқанын баяндай келе бүй дейді: «Сөйтіп, бәрін қосқанда уақыттың қиыншылықты кезінде жаяу сегіз жүз (800) шақырым жол жүріп, Семей, Ақмола губернияларының төрт уезінің түйіскен жеріндегі Сарыадырдың басында Балабай ауылына келіп демалдым, сегіз жүз шақырым жол жүрдім дегенім мынау:

1919 жылы қылшылдаған қаңтарда атаман Анненковтың отряды бізді Ақмоладан Қызыл­жарға айдап келді. Ақмола – Қызылжар арасы бес жүз (500) шақырым. Мұның үш жүз елу шақы­рымдайын жаяу жүрдім. Омбыдан қашып, отарбамен Славгород келіп, одан қар ери бастаған кезде Павлодарға жаяу келдім. Жүз елу екі (152) шақырым. Павлодардан көксоқта су мен Баянға жаяу келдім. Жүз тоқсан екі (192) шақырым. Баяннан Сарыадырға — Балабай ауылына жаяу келдім жүз шамалы шақырым. Бәрін қосқанда — (800) сегіз жүз шақырым болады», деп қорытады.

Мұндағы Сарыадырдағы Балабай ауылы – Баянауыл маңы, кезінде Сәкеннің басынан өткен бұл оқиға туралы жазушы Сәйділ Талжанов та жазғанын білеміз. Абақтыдан ақ қар, көк мұзда жаяу қашып, азып-тозған Сәкен осы Балабайдың ауылында жатып күш алады. Сондағы бір олжасы – жылқыда жүрген Балабайдың қызы Сәулім салған «Зұлқияның әні». Әннің шығу тарихына тоқталған ақын мәтінін де толық келтіреді. Бертінде орындаушылар екі ауызын ғана орындап, келтесінен қайыратын секілді. Әлде толықтай салсақ, ән созылыңқырап тыңдарманды жалықтырып аламыз дей ме екен, белгісіз. Сонымен сөзді Сәкенге береміз: «Зұлқия» Ақмоладан шыққан белгілі ән еді. Зұлқия есімді бір бақытсыз әйелдің зары... Зұлқия зарлы, қасіретті әнін жас баладай өзін-өзі жұбатып отырып салған тәрізді...

...Оспанбайдың қызы едім мен Зұлқия,

Зұлқияның қолында гармония.

Әлди-ай!

Бір жаманға қор болып кеткенімше,

Бір жақсымен болайын компания,

Әлди-ай!

Қой, қой бөпем! Қой, бөпем!

Жылама, сәулем, әлди-ай!

Мың сиырды бастаған кер құнажын,

Қасірет ойлай бетіме түсті-ау әжім,

Әлди-ай!

Мал бердім деп бір жаман ие болад,

Қасіреттің ісіне бар ма лажым? —

Әлди-ай!

Қой, қой, бөпем! Қой, бөпем!

Жылама, сәулем, әлди-ай!

Қызыл шілік ауылым аралында,

Теңім емес сол жаман, барамын ба?

Әлди-ай!

Өзім теңді сол жаман адам болса,

Сау басыма сақина салайын ба?

Әлди-ай!

Қой, қой, бөпем! Қой, бөпем!

Жылама, сәулем, әлди-ай!

Кім тыңдайды қыз сорлы жылағанмен?

Көздің жасын көл қылып, бұлағанмен?

Әлди-ай!

Шыңырауға түскен соң шығу қиын,

Жалбарынып тәңірден сұрағанмен,

Әлди-ай!

Қой, қой, бөпем! Қой, бөпем!

Жылама, сәулем, әлди-ай!

Иә, өзін-өзі жұбатпаса, кім жұбатқан қыз сорлыны?! Кім тыңдаған қыз сорлының жылағанын, кім көрген оның көз жасын?!» дейді Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында. Қазіргі әншілер осы шумақтардың алғашқысын орындайды, қалған бір шумағы Сәкен келтірген мына сөздің ішінде кез-д­ес­пейді. Ал Сапарғали Бегалиннің жазуында Майра орындаған Зұлқия әнінің бір шумағы мүлде басқа:

«Қызы едім мен Зұлқия Оспан байдың

Қолында Әбілқасым болыснайдың.

Тақсыр-ау, мизамыңа мүмкін болса

Алдыңнан кішілікпен жол сұраймын»,

болып келеді. Егер жазбамыз кейінгілердің керегіне жарап жатса құба-құп, парыздың өтелгені.